Бахрейннің Иса Таун қаласында аралас жекпе-жектен «Brave 91» турнирі өтті. Осы жарыста аса жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Диас Еренғайыпов октагонға шықты.
Диас осы күнге дейін 14 кездесу өткізіп, соның үшеуінде ғана есе жіберді. Соңғы рет осыдан бес жыл бұрын ресейлік Алексей Шапошниковтен ұпай санымен ұтылды. Содан кейін қатарынан алты жекпе-жекте жеңіске жетті. Парсы шығанағындағы қарсыласы да осал емес еді. Бразилиялық Марчиано Феррейраның рекорды – 16 бәсеке, 10 жеңіс, 3 жеңіліс. Екеуі де өз айқастарының 70 пайызын айқын басымдықпен аяқтаған.
Бәсеке басталған бетте Феррейра шабуылға шықты. Бірақ Диас оның еркін ойқастауына мүмкіндік бермей, бірден күрес әдісіне салды. Бірінші раундтың өзінде оны төрт-бес рет басы мен кеудесінен асыра лақтырып, жерге қадады. Әдетте бразилиялық джиу-джитсудың шеберлері ұстасқанда ешкімге дес бермейді, бұл жолы олай болмады. Оңтүстік Американың оғыланы қазақ балуанына жарытып қарсылық көрсете алған жоқ. Марчиано үнемі Диастың астында жатты. Осы көрініс үш раунд, яғни 15 минут бойы жалғасты. Феррейраны әрі де, бері де лақтырып, әбден сілікпесін шығарған Д.Еренғайыповтың мықтылығын төрешілер бірауыздан мойындады.