Алматыда дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ХІІ халықаралық «Бастау» студенттер мен дебюттік фильмдердің кинофестивалі мәресіне жетті. Кинофестивальға қатысуға ниет білдірген жақын шетелдерден бөлек, Түркия, Иран, Гонконг, Италия, Сербия, Нидерланды, Мексика, Польша секілді әлемнің әр түкпіріндегі елдерден жалпы саны 500 өтінім келіп түскен. «Bastau Shorts» конкурстық бағдарламасы аясында көркем, деректі және анимациялық қысқаметрлі дебюттік фильмдер сарапқа салынып, олардың ішінен 28 елдің 43 картинасы іріктеліп алынды.
Фестивальдың ашылу салтанатында отандық киноиндустрияның дамуына қосқан үлесі мен көрсеткен қолдауы үшін КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовке, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановқа және белгілі режиссер Ораз Әбішевтің ұлы Қанат Әбішевке атаулы сыйлықтар табысталды.
ХІІ халықаралық «Bastau» кинофестивалінің қазылар алқасына Ресей кинематографистер одағының және Өзбекстан Киноқайраткерлер одағының мүшесі, белгілі режиссер Рашид Маликов төрағалық жасады. Сондай-ақ халықаралық қазылар құрамында Ресей кинооператоры Борис Литовиченко, Қырғызстан киносының продюсері әрі сценарист Дальмира Тілепберген, Қазақстан кино сыншысы Ораз Керейбаев және отандық режиссер Олжас Баялбаев болды. Кәсіби қазылар алқасымен бірге жеті студенттен жасақталған қосалқы қазылық топ та қатар жұмыс істеді.
«Арман» кинотеатрында өткен кинофестиваль салтанаты Алина Мустафинаның «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның арғы атасына пірәндік» деректі фильмімен ашылды. Биыл қазан айында Оңтүстік Кореяның Бусан халықаралық кинофестивалінде премьерасы өткен фильмнің оқиғасы тың әрі тартымды. Лябиба атты орта жастағы әйел қызы мен немересін алып, әкесі жерленген бауырластар зиратын табу үшін Қазақстаннан Польшаға сапар шегеді. Жолда Татарстан жеріндегі туған ауылының топырағын басып, алысқа аттанып бара жатқан үш буынның өкілі аталарының мүрдесін ғана іздеп бара жатқан жоқ, бірін-бірі жоғалтып алған ұрпақтың арасындағы ажырап қалған туыстық байланысты қайта тауып, жалғауға ниетті. Ұзын жолдың үстіндегі сапарда үш ұрпақ өкілінің жанына өшпестей етіп кеңестік жүйе салған постколониалды жарақаттың ауыр зардабы айқын көрінеді. Тамырын жоғалтып алған үшеу өздерінің бірегейлігін, туған шаңырақ пен өз үйі ғана сыйлай алатын еркіндік сезімін іздейді.
Әлемнің әр түкпірінен келіп, кинофестивальға қатысқан жас таланттардың көркем жобалары тақырып, мазмұн, идея жағынан алуан түрлі. Мысалы, «The Tie» фильмінде Ченгиз деген прокурордың көлігі айдалада құм ішінде бұзылып қалады. Аптап ыстық, аңызақ желдің өтінде салы суға кетіп, күні бойы күткенде, ұшқан құстан басқа дөңгелеген бір көлік те өтпей, әбден төзімін тауысады. Кенет көз ұшында «көмектеседі-ау» деп күткен көлігі көрініп, қолын бұлғағанда, ішіне сотталған қылмыскерлерді тиеген түрме автобусы болып шығады...
«Бурул» фильмінде ауылдағы орта мектептің оқушысы Бурул күреспен шұғылданады. Жаттықтырушы оның ерлер айналысатын залда шұғылдануына рұқсат бермейді, сондықтан оқушы қыз үйінде жаттығуға мәжбүр. Бурулдың әкесі де «күрес қыздар айналысатын өнер емес» деп қатаң тыйым салған. Бурулмен бұл жөнінде бірнеше рет сөйлесіп көрмек те болады, бірақ қызы әке қарсылығына құлақ асқысы келмейді. Көп ұзамай кенет көрші ауылдың баласы Бурулды алып қашып кетеді...
Фестивальдың конкурстан тыс бағдарламасы аясында режиссер Елзат Ескендірдің «Авель» атты толықметрлі фильмінің премьерасы болып өтті. Кинолентаның сюжеті кеңес одағы құлағаннан кейінгі қазақ ауылдарын жайлаған хаос туралы баяндайды. Бұл поэтикалық картина тағдыры тарихтың ауқымды оқиғалармен тығыз байланысқан «кішкентай адамдардың» өмірін шынайы бейнелеуді мұрат тұтқан.
Төрт күн бойы ең үздік көркем жобалардың жәрмеңкесіне айналған кинофестивальдың «Үздік қысқаметражды фильм» аталымында бас сыйлықты польшалық режиссер Доминик Мирецкийдің «Son of Happiness» картинасы жеңіп алды. Ең «Үздік анимациялық туынды» болып украиналық «Обіруч» фильмі атанды. Ал деректі фильмдер секциясында бас жүлдені отандық «Menin Terminatorsham» картинасы ұтты. Сонымен бірге қазылар алқасы Словакиядан келген «Кәсіби ата-ана» атты туындыны ерекше атап өтті. «Кинода ең қиыны – бастау. Сол себепті біздің басты мақсатымыз осы дарынды жастардың алғашқы қадамына қолдау көрсету, дамыту, оларды таныту. Бұл – қажырлы еңбек. Ұйымдастырудың қиындықтарына, қаражаттың жоқтығына қарамастан, биыл фестивальды таза энтузиазммен өзіміз өткіздік. Бізге дем берген бүкіл серіктестер мен қолдаушыларға мың алғыс», деп атап өтті «Bastau» кинофестивалінің президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Әзімов.
Фестивальда жұмыс істеген студенттердің қазылар алқасы да өз жеңімпаздарын таңдады. Жастардың таңдауы Польшадан келген тағы бір картина – Александр Пакульскийдің «Hi grandpa» фильмі. Студенттер, сонымен қатар дебютант Махамбет Мырзаның «Қараша» атты туындысына да айрықша назар аударды. «Бұл – менің дебюттік жұмысым. Бірінші курста түсіргенмін. Қазір өнер академиясында екінші курста оқимын. Мұндай кинобәйгеге осымен үшінші рет қатысып отырмын. Мәскеуде және күні кеше Түркияда болдым. Бірақ алғашқы жүлде Қазақстаннан бұйырды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Менің фильмім ауылда адал еңбекпен өмір сүретін ата мен әже туралы», дейді дебютант, танымал тиктокер Махамбет Мырза.
Сонымен қатар Түркияның «Vaziyet» атты туындысы НЕТПАК – Азия киносын ілгерілету жөніндегі дүниежүзілік ұйымның жүлдесін жеңіп алды. Ал фестиваль президентінің «Жарқын дебют» атты арнайы жүлдесімен отандық режиссер Алина Мұстафина «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның арғы атасына пірәндік» деректі фильмі үшін марапатталды.
Фестиваль шеңбері аясында қысқаметрлі көркем және деректі дебюттік фильмдер жобасымен келген жас режиссерлерге арналған «Almaty Film Lab» шеберханасы биыл екінші рет жұмыс істеді. Ал 14 желтоқсан күнгі фестивальдың жабылуында AlmaU-дің Atrium Grand Hall-ында өткен салтанатты рәсімде «Almaty Film Lab» шеберханасының екінші питчинг жеңімпаздарының есімдері аталды. Олар өз жобаларын одан әрі өрістетіп, өндіріске жеткізу үшін қаржылық қолдау алады. Жеңімпаздардың қатарын «Аяулым» жобасымен Мира Абдрахманова және «Тойымсыз адамдар» туындысымен Дастан Түсіпбеков толықтырды. Салтанатты шара былтырғы питчинг жеңімпаздарының үш қысқаметрлі фильмінің көрсетілімімен аяқталды. Олар: Жәмилә Сахаридың «Жолаушылар», Яна Әлжанованың «Аң» және Фариза Танайдың «Әдемі» деректі туындысы. «Бұл менің қаладан тыс жерге ұзап шығып түсірген ең алғашқы фильмім, пиротехника қолданған тырнақалды тұңғыш туындым. Қаржыландырған «Бастау» кинофестиваліне зор алғысымды білдіремін. Бізге, дебютанттарға, түсіністікпен, төзіммен қарағаны – өз алдына бөлек әңгіме. Фестивальдың арқасында жобама жетекшілік жасаған креативті продюсер Диана Ашимовамен таныстым», дейді кино өнерінде алғашқы қадамын бастаған Яна Әлжанова.
Фестивальда жетекші кино мамандарының шеберлік сыныптары мен халықаралық кинематографистердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Студенттер мен дебюттік фильмдердің ХІІ халықаралық кинофестивалі «Tanaris Production A Team» кинокомпанияларының ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.
АЛМАТЫ