• RUB:
    5.07
  • USD:
    522.63
  • EUR:
    548.66
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 09:25

Инженерлік білімнің жаңа дәуірі

26 рет
көрсетілді

Отандық инженер-ғалымдар кадр даярлаудағы интеграциялық үдерісті зерделеу мақсатында Оңтүстік Кореяда болды. Мамандар алғашқы сапарында корейлердің машина, автомобиль жасау мен кәсіптік оқытуды қалай ұйымдастыратынын көрді. Ал екінші сапар құрамында Теміртау, Рудный қаласындағы индустриялық университеттер мен Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ өкілдері, сондай-ақ «ERG» және «Qarmet» қызметкерлері бар делегация металлургия саласындағы озық тәжірибемен танысты.

Тәжірибе алмасудағы ықпалдастық

Іссапарды көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай әрі еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және халықаралық серіктестікті дамыту мақсатында «Allur» жоғары инженерлік мектебі (ЖИМ) ұйымдастырды. Отандық инженер-ғалымдар Оңтүстік Кореяның жетекші ғылыми мекемелері мен өндірістік кәсіпорындарын аралады. Атап айтқанда, «Dong-Eui University», «Kyunsung University», «Pukyong National University», «SUDo High school», «Hyundai Steel», «Korron», «Doosan» мен «Kia Hwasung»-те болды.

«Allur» осындай іссапарлар шетелдің озық тәжірибесін зерделеп, оны елімізге бейімдеуге мүмкіндік беретініне сенімді. Мысалы, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды политехникалық, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық, Қара­ғанды индустриялық универ­ситеттерімен, Рудный индус­трия­лық университеті және А.Байтұрсынов атындағы Қос­танай өңірлік университетімен ынты­мақтаса отырып, Мемлекет басшысының стратегиясы мен жаһандық сын-қатерге сәйкес білім бағдарламаларын жаң­ғыр­туды қолға алды. Бұдан бөлек, Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің тап­сыр­ма­сына сай, әлемдегі озық жоға­ры оқу орындарының тәжіри­бесіне сүйеніп, еліміздегі шетел университеттері филиал­дарымен бірлесе отырып, жа­ңа бағыттар бойынша ин­но­­вациялық білім беру жолын қа­рас­тырады. Сонымен қатар елімізде Финляндияның XAMK қолданбалы ғылымдар универ­си­теті, мысалы өндіріс қажеттілігін ескере отырып, ғылымды дамыту мен «инженер-ғалым», «инженер-кәсіпкер» секілді жаңа мамандықтарды қалыптастыру моделі әзірленді.

«Елге оралғаннан кейін инженер-техник кадрларды даярлауға бағытталған оңтүстіккореялық тәжірибені отандық өндіріске енгізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлейміз. Бірінші кезеңде алдыңғы қатар­лы шетелдің тәжірибелерін бейімдейтін жұмыс тобы құры­лады. Келесі кезекте білім бағ­дар­ламаларын, оның ішінде өзекті тақырыптар бойынша курс­тар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, өнеркәсіпті автоматтандыру, цифрландыру және металлургиядағы «жасыл» технологиялар. Сондай-ақ дуалды оқыту барысында өндіріс­тік кәсіпорында практикадан өтуді міндеттеу, мамандарды қайта даярлау бағдарламаларын да қамтитын боламыз. Қазір технологиялар күннен-күнге өзгеріп, жаңарып жатыр. Соған сәйкес кадрларымыз да жаңашылдықты тез қабылдап, жылдам меңгеруі керек», деді ЖИМ басшысы Сәния Иментаева.

Инженерлік мамандықтарды дәріптеу, білім инфрақұрылымын дамыту, оны мемлекеттік және корпоративтік қолдау, сондай-ақ үдерістерді мониторингтеу және үздіксіз жетілдіру де жоспарланып отыр.

 

Машина жасау мамандарын даярлау

Қаныш Сәтбаевтың есі­мі еліміз­дегі металлургия, машина жасау ғылымының қалыптасуымен тығыз байланыс­ты. Ғұмырын ғылымға арнаған ғалымның елі­мізге сіңірген еңбегі ерекше. Әсіресе академик адам капиталын қалыптастырып, өнеркәсіпке инновация енгізуге зор үлес қосты. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев маман даярлаудағы ғылыми мектептердің негізін қалады. Соның арқасында елімізде инженер, механик, металлургтерді даяр­лауға бағытталған жоғары оқу орындары мен зертханалар пай­да болды.

«Allur» жоғары инженерлік мектебі 2022 жылы Қостанайдағы автомобиль зауытының базасында құрылды. Басты мақсаты – заманауи біліктілікке ие инженерлердің жаңа буынын даярлау. Мектеп локализация, импортты алмас­тыру және инновациялық техно­ло­гиялық шешімдерді енгізу мәсе­лелерін шешуге ғылыми қоғамдастықты тартады.

«Ел Президенті озық техноло­гиялармен жұмыс істей алатын және инновациялық шешім­дерді енгізуге қабілетті жоғары білікті кадрларды қалып­тас­тыру маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Жоғары инженерлік мектептің стратегиясы мемлекеттік саясаттың барлық негізгі тезистерін қамтиды. Бұл, атап айтқанда, дуалды оқыту арқылы теория мен практиканы біріктіру, дипломдық жобаларды нақты өндірістік міндеттермен байланыстыру, халықаралық әріптестік орнату және жас мамандарға қолдау көрсету. 2022 жылы инженерлерді даярлаудың ұлттық моделі іске қосылғаннан бері 300-ден астам студент осы бағдарламамен оқуын аяқтады. Бүгінгі таңда түлектер біліктілігін жоғары деңгейде көрсетіп келеді», деді ЖИМ басшысы Сәния Иментаева.

 

Адам капиталын дамытудағы жоспарлар

ЖИМ елімізде алғаш рет индустрия 4.0 қажеттілігіне сәйкес адам капиталын қалыптастыруға бағытталған стратегияны жүзеге асырады. Басты міндеттердің бірі – дарынды жастарды тартатын аймақтық жоғары оқу орындары базасында инженерлік кеңістік құру. Сонымен қатар «Allur» автокөлік компаниясының ЖИМ индустрия саласына инженерлік-техникалық кадр­ларды даярлаудың ұлттық үлгі­сін көрсететін бағдарламалық құжаттың тұжырымдамасын әзір­леді. Айгүл Ахметованың айтуын­ша, осы бастама аясында цифр­лық экономиканың сын-қате­ріне бағдарланған бағ­дар­ламаларды әзірлеу, іске асы­ру, тә­жірибе алмасу үшін инно­ва­ция­лық алаңдар ұйым­дастыру, зерттеу және әзірле­мелерге инфра­құ­рылым құру, оның ішінде цифр­лық зертханалар, роботтех­ника орталығы мен жасанды интел­лектіні зерделеу платформаларын құру жоспарланып отыр.

Инженерлік кеңістікті қалып­тас­тыру бірнеше мақсатқа қол жеткізеді. Біріншіден, өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру мен жаңғыртуды жеделдетеді. Бұл инновациялық технологияларды енгізу арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Ал, сайып келгенде, жоғары білікті мамандарды даярлау еліміздің тұрақты технологиялық дамуына жағдай жасайды.