Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында екі оқылымда қаралып, мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруді көздейді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заңда жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған құқықтық нормалар қамтылған. Заңмен Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес қосымша білім беру ұйымдары үшін қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жасау тәртібі, онлайн-оқыту түрі және техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарындағы академиялық ұтқырлық қағидаты, сондай-ақ, меншік нысанына қарамастан мектептерде әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету тетіктері белгіленеді.
Бұдан басқа, заң арқылы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту саласында қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібі енгізіледі. Заңнан күтілетін нәтижелер білім беру процесінің сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту екенін атап өткен жөн.
«Осы заң бірқатар саладағы құқықтық қатынастарды одан әрі жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заңда ата-анасынан айырылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балалардың жекелеген санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған түзетулер топтамасы қарастырылған. Заң аясында мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласын жетілдіруге арналған жаңа нормалар да бар. Мақұлданған заң балалар үйіндегі бүлдіршіндер санын азайтуға, мектепке дейінгі білім саласын жетілдіруге және еңбек адамдарын дәріптеуге мүмкіндік береді деп сенеміз», деді Палата Төрағасы.