Күні кеше дуы басым додаларда Астана қаласының намысын қорғап жүрген спортшылар бас қосып, қала тазалығын сақтайтын мекеме қызметкерлеріне қолғабыс етті. Спортшылар коммуналдық қызметке жауапты жұмысшыларға ыстық шай ұсынып, алғыс айтып, емен-жарқын әңгімелесіп үлгерді.
Спортшылар қыстың аязды күндеріне қарамастан шырт ұйқыда жатқан елден әлдеқайда ерте оянып, қала тазалығына жұмылатын жұмысшыларға деген ілтипатын, алғысын осылай білдіруді ұйғарыпты. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға үлес қосуды ойлаған спортшылар таңсәріден қаладағы Емендер аллеясына жиылды. Аллеяның қарын күреп, мұзын ойып, тұрғындарға жайлы жағдай жасаудың қамымен жүрген тазалықшылар да сол маңнан табылды. Жұмысшыларға шай, бауырсақ ұсынған спортшылар тазалықшылар әлденіп, жылынып алғанша сол маңның қарын күреді. Қытымыр қыстың аязына, көктемнің жаңбырына, жаздың аптап ыстығына, күздің дауылды күндеріне қарамай, қала тазалығын сақтауға жәрдемдесетін еңбекқор жандарға мақтау-мадақ жаудырды. Елішілік, жаһандық жарыстарда атой салып жүрген оғландармен әңгімелескен мекеме жұмысшылары күнделікті қауырт тіршіліктен бір сәт дамылдап, сергіп қалды. Спортшылар жағы болса тазалықшылардың ақ адал еңбегін көзбен көріп, аз-маз жәрдемдескен соң, жұмысшыларға деген сый-құрметі бұрынғыдан да арта түскенін жасырмады.
Емендер аллеясына келген спортшылардың арасында дзюдо, грек-рим, джиу-джитсу сынды өзге де спорт түрлерінен біраз белесті бағындырып үлгерген Мақсат Сайлау, Мерей Мәулітқанов, Айбек Айтбеков, Мәди Амангелді, Нұржан Батырбеков, Нұрбек Талбудин, Нұрсұлтан Дүйсенқұлов, Нариман Секен сынды мықтылар болды. Мәнерлеп сырғанаушы Зере Сарбалина мен Айза Мамбекова да көптің ортасынан табылды. Экологиялық акция жайында пікір айтқан Астана қаласының ММА бойынша аға жаттықтырушысы Нұрлан Қарабалин қала тұрғындарын тазалық сақтауға, қала тазалығына жауапты жұмысшылардың еңбегін бағалауға шақырды.
«Бүгін біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала тазалығына аз-кем болса да өз үлесімізді қосып, тазалықшыларға қолдау көрсетуге шықтық. Шын мәнінде коммуналдық қызметкерлердің еңбегі үлкен. Бірақ біз әрқайсымыз күнделікті тіршіліктің қамымен жүргенде оларды елеп-ескере бермейміз. Біз бүгін қала тазалығына құрал-саймандарын сайлап, таң атпай көше тазалауға шығатын азаматтардың жұмысын көзбен көріп, өзіміз де қолға күрек алдық. Бұл шаруа әсіресе, аязды күндері адамды әбігерге салады екен. Қаланың суығы өз алдына, аязды жел бетті қарығанда тынысты тарылтып жібереді. Біз қала тазалығын сақтауға атсалысқан жандарды құрметтейміз. Құрметтеген соң, экологиялық акцияға жиылдық. Тұрғындардың көрінген жерге күл-қоқыс тастамай, тазалық сақтауы – қала тазалығына жауапты мамандардың еңбегін құрметтегені деп түсінеміз. Сондықтан қала тұрғындарын тазалық сақтауға шақырамыз. Қала тазалығына коммуналдық қызметкерлер ғана емес, қала тұрғындары да жанашыр болса екен дейміз», дейді Нұрлан Қарабалин.
Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Астана қаласының ғана емес, еліміздің барлық аймағындағы тұрғындар өзінің қаласын, ауылын, ауласын күл-қоқыстан тазалауға шыққанын ақпарат құралдарында жариялап, көрсетіліп жатыр. Мұның мән-маңызы «Тазалық таза жерде емес, тазалық сақтаған жерде болады» деген бірауыз сөзбен үндеседі.