• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әскер Бүгін, 08:40

Әскеріміздің әлеуеті қандай?

99 рет
көрсетілді

Міне, азаттық алғанымызға да 33 жыл толып отыр. Тарих үшін қас қағым сәт болса да, адам үшін жарты ғұмырдың мөлшеріндей бірсыпыра уақыт. Біз осы тәуелсіздік жылдарын­да қуатты әскеріміз бен әскери-өндірістік кешенімізді қанша­лықты жасақтай алдық? Ел басына күн туса, әскери техникамыз бен бес қаруымыз сай ма? Жауға қарсы тойтарыс берердей қауқарымыз қандай?

Елде жалғыз әскери оқу орны болды

Егемендіктің елең-алаңында Қарулы күштерімізді құруға ат­салысқан адамдардың бірі – генерал-майор Марат Нұғымановтың айтуынша, алғашқы жылдары елде әскери салаға қажетті білікті офицерлер де, әскери оқу орындары да болған жоқ. Бұрынғы офицерлік құрамның басым бөлігін құраған өзге ұлт өкілдері шетінен өз тарихи отандарына қоныс аударып жатқан кез. Ол уақытта елімізде жалғыз әскери оқу орны – Алматы жоғары жалпы әскери училищесі ғана. Бұл – бүгінгі С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери инс­титуты. М.Нұғымановтың өзі де сол уақытта Ригада әскери қызмет етіп жатқан. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің шақыруымен туған жерге оралған ол аталған училище бастығының орынбасары ретінде қызметке кіріскенін айтады.

Марат Серәліұлының айтуынша, бұл оқу орнында екі маман­дық бойынша ғана кадр даярлайтын. Әлемде тоғызыншы орын алатын территориясы бар, бес мемлекетпен шектесетін алып елдің қажетін жалғыз оқу орны қалай өтей қойсын? Қорғаныс министрлігінің және училище басшылығының ұйытқы болуымен аз уақыттың ішінде мамандық­тар санын 11-ге жеткізіпті. Атап айтқанда, мотоатқыштар, танкис­тер, артиллеристер, байланысшылар, зымыран-артиллериялық қару мен тыл офицерлері, т.б. даярлана бастайды.

«Полковник Анатолий Ма­кау­сов есімді училище бас­ты­ғының орынбасары болды. Сол кісі қысқа уақыт ішінде жаңа мамандықтардың бағдарлама­ла­рын жасап шықты. Міне, осылайша біз Қарулы күштерімізге кадр даярлауда біртіндеп алға бастық. Еш нәрсе бір күнде болмайды ғой. Қазір түрлі мемлекеттерде әскери жарыстар, оқу-жаттығулар өтіп жатады. Сонда біздің танкистеріміз, өзге де әскери қызметшілеріміз үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүр. Мұның бәрі – сол алғашқы кезден бас­тап маман даярлауды жақсы жолға қойғанның арқасы», дейді М.Нұғыманов.

Генерал-майордың айтуынша, қазіргі Қазақ елінің Қарулы күштері заман талаптарына жауап бере алатындай жоғары дең­гейге жетіп отыр. Бұған дәлел – әскерлеріміздің БҰҰ бітімгершілік күштері қатарында әлемнің әр жеріндегі отты нүктелерге барып, жалпы дүниедегі қауіпсіздікке өз үлестерін қосып жатуы.

«Қазақ жауын­герлері Иракта, Сирия­да, Африка елдерінде БҰҰ бітімгер­лері қатарында тыныштық пен қауі­п­сіздікті сақтауға атсалысып жүр. Ал биыл еліміз дербес бітім­герлер құрамын Голан жотала­рына жібергенін білесіздер. БҰҰ тарапынан мұндай сенімнің артылуы – әскеріміздің жоғары деңгейге жеткенін, өскенін білдіреді», деген ол бұл салада бір әттеген-ай дейтін жағдай бар екенін де тілге тиек етті.

«Кеңес заманынан кейін қол­дан шығарып ала жаздаған тұсымыз­дың бірі – әскери-патриоттық тәрбиенің нашарлап кетуі. Қазіргі жастар әскерге барудан қашады. Біз оларға бала күнінен әскери борышын өтеу ер жігіт үшін мәртебе екенін санасына құюға мән бермей қалдық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз, әскери сала ардагерлері үйде қарап жатпай, мектеп оқушыларымен, жастармен кездесіп, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел үшін терін де, қанын да төккен батыр бабаларымызды дәріптеу жолында еңбек етіп жатырмыз. Егер кейінгі ұрпақ отаншыл болса, Қазақ елінің келешегі жарқын, керегесі берік болады», деп ойын түйіндеді.

 

Әлемде 58-орындамыз

Иә, біз Қарулы күштерімізді қа­лыптастыру жолынан сәтті өт­тік деуге негіз бар. Алайда заман да бір орында тұрмағаны бел­гілі. Жыл өткен сайын жаңа қатер­лер бой көрсетіп, дүниенің ты­ныштығын алып тұр. Осы орайда Қазақ елінің әскері түрлі қауіптің бетін қайтаруға қаншалықты қау­қарлы? Әскери сарапшы Аман­гелді Құрметұлының айтуынша, «Қарулы күштеріміздің бүгінгі әлеуеті қандай?» деген сұраққа бір-екі ауыз сөзбен жауап беру қиын. Иә, ел бюджетінен белгілі бір деңгейде қаржы бөлініп жатыр. Алға қойыл­ған жоспар бойынша жыл сайын Қарулы күштеріміздің техникасын, құрал-жабдықтарын біртіндеп жаңғырту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. 2030 жылға дейін қару-жарағымыз бен әскери техникамызды жаңалап алу жоспарда тұр.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Дегенмен Қарулы күштердің әлеуеті мықты болуы үшін, ме­нің­ше, армия мен халықтың ара­сындағы өзара рухани, мате­риал­дық байланыстар өте мы­ғым бо­луы керек. Өкінішке қа­рай, қа­зір Қарулы күштерде суи­­цид секілді түрлі келеңсіз жағдайлар тіркеліп жатыр. Әскери прокуратураның мәліметі бойынша, кейінгі жылдары 90-нан аса суицид оқиғасы тіркелген. Бұл – жақсы көрсеткіш емес. Офицерлер де мерт болып жатыр. Мысалы, күзден бері бірнеше офицердің қазасын естідік. Мұндай жағдайда армияның жалпы әлеуетінің жоғары болуы қиын. Халық пен армияның арасындағы байланыс жақсы болмаса, сарбаздардың әлеуметтік жағдайы көңілден шықпаса, Қарулы күштердің сапасы да төмендей береді. Бірақ кейбір әлемдік рейтингтерде әске­рі­міздің қуаты 58-орында деп жатыр. Ал негізінде Қарулы күштердің әлеуетіне нақты баға тек соғыс жағдайында ғана беріледі. Оның бетін әрі қылсын. Сондықтан мен әскеріміздің әлеуетін жоқтан тәуір деп бағалаймын және ал­дағы уа­қытта дами береді деген сеніммен қараймын», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Қасым ханның тұсында 200 мың атты әскер шығара алатын деңгейге жеткеніміз, ХХ ғасырдың басында Алаш әскері құрылғанын білеміз. Алайда әскери ғылымдағы тұрақ­ты классикалық армияны біз тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптастырдық. Ал оның заманауи сын-қатерге, тегеуріндерге төтеп беру қабілеті – басқа мәселе.

«Әлбетте, қуатты әскердің артында қуатты әскери-өндірістік кешен тұрады. Біз, шынын айтқанда, ірі әскери өндіріс кешенін қалып­тастырған жоқпыз. Елімізде шыға­рылып жатқан әскери техни­калар мен құрал-жабдықтар армия үшін пайдалы болғанмен, ше­шу­ші күшке ие емес, – дейді А.Құр­метұлы. – Мысалы, біз снаряд өндіре алмаймыз, танк шы­ғар­маймыз. Бізде зымыран өндірісі жоқ. Тіпті қазіргі заманауи ұрыста өте көп қолданылатын дрондарды да құрастыру жағынан әлі кемшінбіз. Иә, бізде бронды кө­лік, танк жөндейтін зауыт, электронды құрал-жабдық өндіре­тін орындар бар. Дүркіндетіп ататын қондырғыларды азды-көп­ті құрастырып та жүрміз. Петро­павл­да шағын катерлер жасаймыз. Пат­рон зауытын іске қостық. Оған да шүкір ету керек. Бірақ бұл саланы дәл Түркиядағы секілді үлкен табыс әкелетін және ірі ғылыми жетістіктерге бастайтын мықты инженерлердің басын қосатын клас­тер халіне жеткізе алған жоқпыз».

Осы орайда «Қазақ елінің Қа­рулы күштері Ресейдің әске­ри-өндірістік кешеніне тәуелді» деген әңгіме көптен айтылып келеді. Сарапшының пікірінше, бұған дейін жасалған келісімдер негізінде біз әлі күнге Ресейден әскери техника алып жатқанымыз рас. Алайда қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастығымыз тек Ресеймен ғана байланып қалған деп ойламау керек.

«Біздің Франция, Израиль мемлекеттерімен жақсы ынтымақ­тастығымыз бар. Түріктермен де берік байланыс орнатып жатырмыз. Кейінгі кезде қазақ нарығына қытайлық компаниялар да қызыға бастады. Сондықтан бұл салада көпвекторлы бағытты ұстанамыз. Бірақ соған қарамастан біз Қарулы күштердегі негізгі техниканың көбін толық жаңғырта алған жоқ­пыз. Мысалы, бұл танктерімізге қатысты. Иә, жаңғыртылған, же­тілдірілген Т-72 танктерін әлі де қолданамыз. Бірақ қанша дегенмен олар – АҚШ-тың «Абрам­сы», немістің «Леопарды» немесе ағылшынның «Челленджері» емес. Осыған қарап, белгілі бір деңгейде Ресейге тәуелдіміз деп айтуға негіз бар. Бірақ біз техникаларымызды жаңғыртумен шектеліп қалмай, әскери әлеуетімізді арттырудың жан-жақты жолын іздеуіміз керек», дейді ол.

 

Ел басына күн туса...

А.Құрметұлының айтуынша, қанша жерден бес қаруымыз сай дегенмен, нақты оқиға кезінде жағдай күрт өзгеріп кетуі мүмкін.

«Мәселен, Сирияның қарулы күштері жаттыққан армиялар­дың бірі еді. Бірақ әскердегі жемқор­лық, адамды бағаламау, оның ішкі қалауымен санаспау, дұрыс ақы тө­лемеу секілді көптеген фак­тордың салдарынан күні кеше жеме-жемге келгенде армия­ның тарап кетуіне әкеліп соқты. Сол сияқты оқиға Ауғанстан армиясында да болған. Қағаз жүзінде біршама тәуір деп есептелген армиялар осылай бірнеше күн ішінде қарсылық көрсетуге жарамай, ізім-ғайым жоғалды. Ал Украинадағы соғысқа келсек, ол елдің армиясын ешкім әлемдегі екінші мықты қарсы тұрады деп ойлаған жоқ. Тіпті көптеген сарапшы бірнеше күннің ішінде тас-талқаны шығады деген көзқарас айтқан. Бірақ іс жүзінде халық болып өретүрегелген­нен кейін және олар өз армиясын бірауыздан қолдап, тірек бола біл­генінің арқасында әлі күнге қар­сыласып жатыр.

Сонымен қатар заманауи со­ғыс­тың да түрі өзгергенін есеп­ке алу керек. Қандай да бір елді әлсірету үшін оған қарсы гибрид­ті амалдар қолданылады. Ол де­ге­ніңіз – дивер­санттар, түрлі жеке адамдар, се­па­ратистік көзқа­рас­та­ғы адамдар, ел ішін дүрлік­тіретін ақпараттар, адамның санасын улайтын түрлі амал-айлалар. Оны қалай ұсынады, қалай халыққа жеткізеді, оны қалай қабылдайды дегенге байланысты елдің қорғаныс қабілеті өзгеруі мүмкін. Сол себепті ХХ-ХХІ ғасырдың жағдайында елдің қорғанысы тек қарулы күштерге байланысты емес екенін ескеру керек. Ел ішіне іріткі салатындардың жолын кесу, экономиканы жетіл­діру, кәсіпкерлікті дамыту, инфра­құрылымды сақадай сай ету, байланыс құралдарын жетілдіру, оның ішінде заманауи байланыс құралдары, аналогтік байланыс құралдары, тіпті халықтың ежелден келе жатқан көне амал-айлаларына дейін елдің қорғанысқа жұмыс істеуге тиісті дүниелері, сондай-ақ ғарыш мәселесі, тіпті адам­дардың денсаулығы мен пат­риот­тық тәрбиесі – мұның барлығы шындап келгенде, қорғаныс қабі­летін арттыратын маңызды элементтер», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ең дұрысы – қандай мәселені болсын, ел басына күн туатын кезге дейін жет­кізбей шешу, ондай жағдайдың қалыптасуына жол бермеу.

«Сондай-ақ тағы қайталап айтайын, Қарулы күштерімізді заман талабына сай жетілдіре беруіміз керек. Әзірге көңілімізден шығатын деңгейде жете қойған жоқпыз. Әскери саланы қаржыландыру жағы да көңіл көншітпейді. Қор­ғаны­сы мен қаруы мықты елдің ғана ұйқысы тыныш болып, дамуға бағыт алатынын ескеруіміз керек», дейді А.Құрметұлы.