• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:48

Талабы таудай оқушы

83 рет
көрсетілді

Мектепте жүріп-ақ ғылым­мен айна­лысуға ден қойған жас зият­керлердің талабына сүйсіне қарай­сың. Алматы қаласындағы №15 гимна­зияның 9-сынып оқушысы Рауан Нұрлыбек – IT саласында айтарлықтай жетістікке жеткен талапты жастың бірі.

Инновациялық тех­но­ло­гияларға қызы­ғу­шы­лығы бала жастан оянған Рауан «Python» бағдарламалау тілін өз еркімен үйреніп, тапсырмаларды автоматтан­дыру, деректерді жинау мен өңдеу үшін скрипт­тер жазуды, сонымен қатар «SQLite» деректер базасымен жұмыс істеуді еркін меңгерген. Жас талап веб-әзірлемеде де жоғары деңгейде, «HTML», «CSS», «JavaScript» тілдерін біледі, сол ар­қылы веб-беттерді жасау және баптаумен ай­налысады. Бұдан басқа, ол рутиналық үде­ріс­терді автоматтандыруға арналған шешім­дер әзірлеп, веб-сайттардан деректерді жинау құралдарын қолдануда да біраз тәжірибе жина­ған. Математика мен физиканы құлшына оқитын ол, болашақта еліміздің техника, экономика ғылымдарына, IT саласына өз жаңалығымды әкелсем деген арманын жеткізді.

«Жер жүзінде пайда болып жатқан техноло­гиялық жетістіктер көптеген мамандықтың жойылуына әкеліп отыр. Үлкен ұжыммен жабылып жасайтын жұмыстарды бір ғана компьютер атқарады. Технологиясы дамыған елдер – ең бай мемлекеттер. Менің де мақсатым – ел ғылымының дамуына өз үлесімді қосу. IT саласына қызығушылығым мені үнемі дамуға ұмтылдырады, жаңа технологиялардың соңғы жаңалықтарын қалт жібермей қадағалап отырамын. Ұстаздарымның бағыт-бағдары, ата-анамның қолдауы армандарыма жетуіме қанат­тандырады. Ол үшін талмай іздену, еңбектену қажет екенін жақсы түсінемін. Оқуымды ой­дағы­дай аяқтап, Массачусетс технологиялық инсти­тутында білім алсам деймін. Олардың технологиядағы озық білімдерін игеріп, үйрен­генімді өз елімнің игілігіне, дамуына жұмсасам деген ниетім бар. Себебі бізде технология сала­сындағы үлкен кеңістік бос тұр, талай жобаларды жүзеге асыруға болады», дейді Рауан Нұрлыбек.

Талабымен танылған кейіпкеріміз  «Ақбота», «Русский медвежонок» секілді интеллектуалды байқауларда бірнеше рет жеңімпаз атанған. Жақында Алматы қаласындағы №134 лицейде өткен олимпиадада информатика пәнінен 190 ұпай жинап, І орынға ие болды. Республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсенді дайындалып жатқан оқушы 6-сыныптан бастап күрделі тапсырмаларды оңай шешетін ерекше қабілетімен көзге түскен. Ол өзін математик, физик және IT маманы деп санайды.

Шахмат ойнағанда қарсылас шақ келтірмей­тін талапкердің логикалық ойлау қабілетінің жоғарылығына ұстаздары да сүйсіне қарайды. «Талаптың оты арындап» тұрған шағында алдына биік мақсат қойып, табысқа талпынған оқушыға толағай жетістік тілегің келеді.

 

АЛМАТЫ