• RUB:
    5.09
  • USD:
    524.02
  • EUR:
    545.19
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:22

Нашақорлықтың алдын алудағы маңызды қадам

59 рет
көрсетілді

Нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жөніндегі кешенді жоспарын орындау шеңберінде «Астана – есірткісіз қала» акция­сы өтті.

Жыл басынан бері мұндай маз­мұндағы акциялар қаланың барлық ауданында ұйымдастырылып келеді. Жергілікті полиция, еріктілер, үкіметтік емес ұйым мүшелері бірігіп, қоғамдық орындардағы есірткі жарнамаларын бояуға жиі шығып тұрады. Колледж студенттерімен де бірнеше мәрте кездесу ұйымдастырылған. Бүгінде Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қаладағы 5 аудандық әкімдікпен бірге 40-тан аса қабырғаны нашақорлыққа қарсы графитимен бояған. Ұйымдастырушы­лар акция мақсатын тыйым салынған заттардың жарнамасын жою және саламатты өмір салтын насихаттаумен байланыстырды. Бұл – жастар арасында нашақорлықтың алдын алудағы маңызды қадам.

Осы жолы акцияны Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің аппараты, Жергілікті полиция қызметі басқармасы, Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен қоса, «Астана жастары» жастар ресурстық ор­талығының волонтерлері бірге өткіз­ген. Мысалы, есірткі жарнамаларын өшіру­ге достарымен бірге келген ерікті Даниял Келгенбаев нашақорлыққа қарсы ак­ция­ларға қала жастарының амандығы, саулығы үшін жиі шығып тұратынын айтады.

– Өзім – «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерімін. Волентер болған соң, қоғамдық жұмыс­тарға араласып, көпшілікке қол­ғабыс ету – біздің жұмысымыздың бір бағыты. Бүгін Полиция басқармасы­ның қыз­меткерлерімен бірге есірткі зат­тары­ның жарнамалары қалған қабыр­ғаларды бояуға шықтық. Елдің ертеңі – біздің замандастар болған соң, олардың саламатты өмір салтын ұстануы жар­қын болашақ кепілі деп білемін. Сон­дық­тан мұндай акцияларға бірнеше мәр­те шықтық. «Астана – есірткісіз қала». Осы сөзді біз сияқты жастар ұран етсе, зиян­ды заттардан аулақ болса, қаланы лас­тама­са, қабырғаларды бүлдірмесе дейміз, – дейді Д.Келгенбаев.

Акцияға бір кісідей үлес қосқан тараптар игі бастамаларды үзбей жалғас­тыруды жоспарлап отырғанын айтты. Осылайша, ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейтіп, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырмақ ниетте. Бұл ретте қоғам дертіне айнал­ған нашақорлықпен күрес жұмыстары жан-жақты жүргізілетінін айта кеткеніміз жөн. Есірткі заттарын тарататындар әлеуметтік желінің көмегін жиі пайдаланған соң, психологиялық және құқықтық сауаттылықты арттыру да аса маңызды бағыттардың бірі саналады. Ақпарат үшін айтар болсақ, жыл басынан бері Астанада есірткі айналымына қатысты 407 қылмыстық іс қозғалса, оның ішінде 285 жағдай есірткі затын сатумен байланысты болған екен.