2024 жылдың басынан бері Алматы қаласында жол апатынан 6504 адам зардап шегіп, 94 тұрғын көз жұмған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуы. Биыл қалада адам өліміне әкеп соқтырған жол апаттары мен көлікті мас күйінде басқарған 120 жүргізуші ұсталды», деді Алматы қаласы ПД Анықтау басқармасының басшысы Аян Абдраимов.
Оның айтуынша, Алматы қаласында жыл басынан бері 5 930 көлік апаты тіркеліп, соның салдарынан 6504 адам түрлі дене жарақатын алса, 94 адам көз жұмды.
Осыған дейін Алматы-Бішкек тас жолындағы жол апатынан 3 адам жан тапсырғаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Алматы облысында жол ережесін бұзған 167 мыңнан астам адам анықталған еді.