Биыл Астананың 6 ауданында 170 қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылған. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтып берді, деп жазады Egemen.kz.
Әкімнің айтуынша, Тәуелсіздік сарайының алдындағы «Қазақ Елі» алаңында жалпы ауданы 13 га аумақта кешенді абаттандыру жүргізілген. Жүргенов көшесінде жасыл бульвар ашылып, көше шағын ауданның негізгі көшелерінің біріне айналған. Сондай-ақ Алматы ауданында Ақбұлақ өзенінің жағалауы абаттандырылған. Өткен жылы Ш.Құдайбердіұлы даңғылынан Абылай хан даңғылына дейін жұмыс жүргізілсе, биыл Абылай хан даңғылынан Амман көшесіне дейін жұмыс жалғасқан.
«Жастар» саябағы айтарлықтай өзгерді. Мұнда мынандай өзгерістер болды: сорғы жолы, коньки паркі, жаңа ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, саябақ аумағында «Сана» заманауи спорт кешені жұмыс істейді, онда белсенді өмір салты үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Биыл қаланың вокзал маңы мен оған іргелес Біржан сал және Гете көшелері абаттандырылды. Вокзал маңындағы көшелердің жалпы ұзындығы 1,5 км құрады. Қаланың тарихи көшелерін қайта жаңарту жобасы аясында жалпы абаттандыру алаңы 17 мың шаршы метрден асты, - деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар Ұлытау аллеясы, Мәңгілік ел даңғылы, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары, Мыңжылдық аллеясының бөлігі, Керуен және Хан Шатыр СОО жанындағы гүлзарлар, Агроқалашық елді мекені, Жеңіс даңғылы, Жағалау шағын ауданы, Уәлиханов көшесі абаттандырылып, көгалдандырылған.