• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 12:40

Теміржол тасымалы нарығында әлі де бәсекеге қабілетті емеспіз - депутат

22 рет
көрсетілді

Бүгін депутат Нұртай Сабильянов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында теміржол көлігімен тасымалдау үлесінің өсуін тежейтін негізгі факторларды атады, деп жазады Egemen.kz.

Депутаттың айтуынша, жылжымалы құрамды жаңарту қарқыны оның қызмет ету мерзімі мен техникалық жай-күйі бойынша пайдаланудан шығып қалу қарқынына ілесе алмай отыр.

«2014 - 2023 жылдар кезеңінде 928 жаңа жолаушы вагоны келіп түссе, физикалық тұрғыдан тозу себебіне байланысты 969 вагон пайдаланудан шыққан (оның ішінде 2020 - 2023 жылдар кезеңінде 319 бірлік келіп түскен болса, 412 бірлік пайдаланудан шығарылған). Әрине, мұның бәрі теміржол көлігін дамытудың негізгі көрсеткіштеріне әсер етеді. Сонымен қатар, теміржол желілерінің – 54 %-ға, локомотивтердің – 61 %-ға, вагондардың – 56 %-ға жоғары дәрежеде тозуы байқалады. Қанағаттанарлықсыз деп бағаланған жолдар ұзындығының үлесі жыл сайын артып келеді (2020 жылы – жалпы ұзындықтың 16 %-ы, 2023 жылы – 28 %-ы)», деді Н.Сабильянов.

Теміржол құрылысы саласында Президенттің тапсырмасы бойынша 4 ірі теміржол жобасы іске асырылып жатыр. Олар: «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісі. Н.Сабильянов бүгінгі таңда 3 жоба бойынша белгіленген мерзімде жұмыстар жүргізіліп жатқанмен, халықаралық тасымалда аса зор маңызға ие «Бақты – Аягөз» бағытындағы теміржолдың құрылысы баяу екенін тілге тиек етті. 

«Ұзындығы 297 км болатын маңызды инфрақұрылымдық теміржол жобасының бірі «Бақты – Аягөз» жобасының құрылысы өте баяу, онда геологиялық жұмыстарды бастауға дайындық қана жүргізілуде. Бұл жобаның маңызы өте зор, өйткені ол Қытай мен Қазақстан арасындағы өткізу қабілетін қосымша 20 млн. тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан осы жобаның құрылыс қарқынын жеделдетіп, оны белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде шаралар қабылдау қажет», деді депутат.