• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Желтоқсан, 2024

ЖИ: Қажеттілік пен қауіпсіздік мәселесі

85 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қоғамдық өмірдің барлық саласына жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу мәселесі қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады.

Цифрлық үкімет кеңсесінде аталған сала министрі «Әлеуметтік әмиян», «ОТӨ тізілімі», «Онлайн-нотариус» жоба­ларын, азаматтар өтініштерін жүйе­леуге арналған e-Otinish платформасын және басқа да жобаларды таныстырды.

Олжас Бектенов экономиканы ынталандыру мақсатында цифрлық орта құрудың маңызды екенін айтты. Озық елдердің барлығы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға жаппай инвестиция салып, өз стратегияларын жасап жатыр. Цифрлық технологиялар бізде қазірдің өзінде өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және құқықтық қолдау, салық секторы мен биз­нес-ортада белсенді қолданылып келеді.

«Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлық трансфор­мация экономика мен қоғамдық өмір­дегі өзгерістерге жәрдем беруге тиіс екенін атап өтті. Нейрондық желілер арқылы біз тәуекелдерді және төтенше жағдайларды болжап, олардың алдын аламыз. Сондай-ақ проактивті түрде әрекет етуге мүмкіндігіміз бар. Цифрлық трансформация кезінде жаңа цифрлық шешімдерді интеграциялау жұмысын жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстардың барлығы Жасанды интеллектіні дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы мен Жасанды интеллект туралы жаңа заң аясында жалғасады», деп атап өтті О.Бектенов.

Цифрландыру нәтижесінде 2023 жылы 44 млн-нан астам қызмет көр­сетіл­ген. Қазірде цифрлық құжаттар толық­қанды физикалық құжаттарға теңес­тірілді. Азаматтар ел ішінде ұшақ­тарда, пойыздарда ешқандай физикалық құжатсыз, тек цифрлық құжаттардың негізінде еркін жүре алады. Биыл бұл қызмет 200 млн-нан астам рет көрсетілген. Тағы бір мысал – онлайн нотариус. Азаматтар елімізден тыс жерде болған күннің өзінде онлайн түрде қызмет ала алады. Мұндай қызметтер 170 мыңнан астам рет көрсетілді.

«Біз проактивті қызметтерді енгізуді бастап кеттік. Бұл – азаматтар өздері тиісті мекемеге жүгінбей-ақ автоматты түрде көрсетілетін қызметтер. Мемлекет басшысының тапсырмасымен біз әлеуметтік әмиянды енгіздік», деп мәлімдеді министр.

Әлеуметтік әмиянның алғашқы екі қызметі басталды, оның бірі – оқушы­ларды тегін ыстық тамақпен қамту, енді бірі –  тегін дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету. Бүгінде елімізде 2000-нан астам мектепте білім алып жатқан 703 мыңнан астам оқушыға тегін ыстық тамақ беріледі. Мемлекеттік дәріханалар жүйесі проактивті қыз­меттермен 100% қамтамасыз етіліп, 1,5 млн-нан астам рецепт өңделіп, берілді.

Сонымен қатар Ж.Мәдиев бүгінде ЖК, ЖШС ашу, рұқсаттарды алу жеңіл­дегенін, отандық тауар өндіру­шілерге қолдау көрсетіліп, есеп беруді автоматтандыру және қысқарту жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бұған қоса адамның қатысуынсыз тексерулер санын 2 есе қысқартуға мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Биыл ғана 60 мың тексеру жүргізілді.

«Үкіметтің басым бағыты – отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында деректермен ауқымды жұмыс жүргізіл­ді. Бүгінде 40-тан астам деректер база­сы біріктірілді, бұл базада кәсіпорынға қатысты 2 мыңнан астам көрсеткіш бар. Бұл деректер мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін пайдаланылып жатыр. Біз деректер базалары мен дэшбордтарды жүктеп, талдамалық анықтамалар, әрекетке ұсыныстар мен көрсеткіштердің өсуіне немесе төмендеуіне әсер еткен факторларды аламыз», деді Ж.Мәдиев.

Мәселен, былтыр отандық та­уар өндірушілердің сатып алуы арғы жылмен салыстырғанда 50%-ға өскен. Сонымен қатар жасанды интеллект сатып алуларда 3,5 трлн теңге көлеміндегі қосымша әлеуетті анықтаған. Осылайша, бизнеске жасанды интеллектінің қалай көмектесетіні айқындалды.

Премьер-министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне өңір әкімдерімен бірге 2025 жылы мемлекеттік органдардың қыз­меткерлерін жасанды интеллект құ­рал­дарына оқытуды қолға алуды тапсырды. Ғылым және жо­ғары білім министрлігі жасанды ин­тел­лект бойынша білім беру бағдарлама­лары мен курстарын дайындауы керек.

Жасанды интеллектіні одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік органдар­дың ақпараттық жүйелеріндегі деректер қорының қолжетімділігі жөнінде бірыңғай тәсілдер әзірлеуге ерек­ше назар аударылды. Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттардың дер кезінде беріліп, өзекті әрі дұрыс болуын қамтамасыз ету мақсатында деректерді жинау, сақтау және қорғау жұмыстарын регламенттеу тапсырылды.

ЖИ-ді пайдалануды реттейтін заңна­малық шаралар мен нормативтік-құқық­тық актілерді қабылдау керек. Премьер-министр дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллек­тіні қолдану арқылы қабылданған шешімдерге жауапкершілік мәселесіне баса назар аударды.

Халықтың ЖИ саласындағы жаңа­лықтардан хабары аз болуын ескере отырып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лі­гіне қолданыстағы цифрлық шешім­дер­ді одан әрі жетілдіру және оларды пайдалану туралы жұртшы­лықты ақпараттандыру міндеті қойыл­ды. Соны­мен қатар мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, цифр­лық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізіп, іске асырып жатқан өндіріс орындарын қолдаудың нақты шараларын әзірлеу тапсырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық ведомствомен бірлесіп Отбасының цифрлық картасында әкімдер рейтингі мониторингінің автоматтандырылған функционалын әзірледі. Талдау әр аудан, қала және облыс бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аталған сала министрі Светлана Жақыпова баяндады.

Төрт айлық жұмыстың нәтижесі Шығыс Қазақстан облысының Рид­дер қаласының мысалы арқылы көрсетілді. 1 желтоқсанға дейін 3643 әлеуметтік осал отбасы қалды, олардың 270-і D санатынан шықты. Қалада жасанды интеллект әл-ауқатқа әсер ететін ең маңызды 3 факторды анықтады: кірістер, тұрғын үй, жұмысқа орналасу. 177 отбасы жұмысқа орналасу және кірістерін арттыру арқылы жағдайын жақсартты.

Министрдің айтуынша, деректер eOtinish, 109 қызметімен, Отбасының цифрлық картасымен біріктірілген. Жасанды интеллект әлеуметтік осал санаттар бойынша жүгіну салаларын таңдайды. Бұл сотқа дейінгі іс жүргізу, қоғамдық және жол қауіпсіздігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәсе­лелері, жерге және жерді пайда­лануға, сот ісін жүргізуге қатысты мәселелер.

Жасанды интеллект әкімдерге тікелей жұмыс істеу керек мәселелерді де анық­тайды. Мысалы, Риддер қаласындағы проблемалар – бұл міндетті зейнетақы жарналарын төлемейтін отбасылардың айтарлықтай саны, бұл жұмыссыздықтың немесе бейресми сектордағы жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін көрсетуі мүмкін.

Премьер-министр бұл жағдайдың Қарағанды облысы Осакаров ауданында қалай екенін көрсетуді ұсынды. Осы аумақта қазіргі уақытта әлеу­меттік осал санаттағы 2382 отбасы тұрады. Динамика оң. Тәуекел айма­ғы­ның маңызды факторларының қатары­на кірістер мен жұмысқа орналасу кіреді. Білім беру, мемлекеттік басқару, құжаттамалық қамтамасыз ету салаларындағы шағымдар тіркеледі. ЖИ ұсынымдарының бірі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының нысаналы бағдарламасын әзірлеп, енгізу. Жаңа жұмыс орындарын, әсіресе тұрақты табыс әкелетін салаларда жұмыс орындарын ашу маңызды бағыт болуға тиіс.

«Бұл біз жүзеге асыра алатын бас­тап­қы кезең. Қазір біздің алдымызда Еңбек тәуекелдерінің картасымен тіке­лей интеграциялау міндеті тұр, онда әкімге зейнетақы жарналарын аудармай, жалақы бойынша берешекке жол беретін кәсіпорындардың нақты атаулары көрсетілетін болады. Сондай-ақ бізде құны 33 млн теңге болатын 755 жобаның инновациялық навигаторы бар, олар 150 мың жұмыс орнын ашу арқылы жүзеге асырылып жатыр»,  деп атап өтті министр.

Премьер-министр жасанды интеллект беретін ұсыныстарға назар аударды.

«Осакаров ауданындағы жасанды интеллект қазірдің өзінде әлеу­меттік жағынан аз қорғалған отбасылармен қалай айналысуға болатыны туралы ұсыныстар беруде. Мұндай ұсынымды барлық әкімге апта сайын жіберіп, ақпаратты автоматты режімде өзектендіру қажет болады. Әр әкім қай жерде қандай проблемалар бар екенін көруге тиіс. Бұл жасанды интеллектіні қолданудың тікелей пайдасы. Оны өздері де талдауға болады, бірақ оған қанша ресурстар мен уақыт қажет»,  деп түйіндеді О.Бектенов.