Ауыл шаруашылығы өндірісінің даму деңгейі отандастырымыздың басым бөлігінің әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ал бүгінде халықтың 37%-дан астамы ауылдық жерлерде тұрады, деп жазады Egemen.kz.
580 млрд теңге ақталды ма?
Президент тапсырмаларын орындау шеңберінде агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландырудың қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Жеңілдікті қаржыландыру көлемі биыл алғаш рет рекордтық сома – 580 млрд теңгені құрап, аталған сома – егіншілерге тікелей несие беруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, форвардтық сатып алуға бағытталды. Осылайша, көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын табысты жүргізуге қажетті барлық жағдай жасалды.
Диқандар дәнді дақылдардан рекордтық өнім жинады
Республика егіншілері дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер, 26,7 млн тонна астық бастырылды. (Салыстыру үшін айтқанда, 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған). Сонымен қатар 3,2 млн тонна майлы дақыл (өнімділік 10,9 ц/га), 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Агротехнологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді тиімді қорғаудың нәтижесінде жоғары өнімділікке қол жеткізілді.
Дақылдарды әртараптандыру жұмысы жалғасады
Негізгі артықшылықтардың бірі – кең байтақ аумақ, халық тығыздығының төмендігі және үлкен ауыл шаруашылығы жерлерінің болуы. Республикада өндірісті сұранысқа сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өсірілетін дақылдардың биологиялық қажеттіліктерін жергілікті агроклиматтық және табиғи жағдайларға неғұрлым көбірек сәйкестендіруге бағытталған ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша шаралар қабылданып жатыр.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға арналған көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру басталып кетті.