Қараша айында Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара ауылында 620 бала оқитын Ю.Гагарин атындағы мектеп заманауи физика зертханасымен жабдықталды, деп жазады Egemen.kz.
Зертханаға қажетті жабдықтар (бақылау-өлшеу құралдары, зертханалық шыны ыдыстар, т.б.) облыстық бюджет есебінен сатып алынды.
Физика пәнін оқуға заманауи жағдай жасау мақсатында іске асырылған жоба аталған пәннен оқушылардың білімдерін тереңдетуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, былтырғы оқу жылында мектепте заманауи STEM-зертхана пайда болып, биология кабинеті жабдықталған екен.
Сондай-ақ, биыл барлық парталар мен орындықтар толығымен жаңартылып, бастауыш сыныптарға жеке шкафтар сатып алынды. Оқу жылы басталмас бұрын мектепте күрделі жөндеу жүргізілді.
«Біз балаларымыздың білім сапасы жағынан қала оқушыларынан кем түспеуін қалаймыз. Жөндеуге, жаңа жиһазға, жабдыққа салынған инвестициялар оқу процесінің сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз», дейді аталған мектептің директоры Сағыныш Төлеуханова.
Өңір мектептерін заманауи жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз ету – жүйелі жұмыс. Облыстың білім басқармасының мәліметінше, химия, биология, физика, робототехника және STEM-зертханаларды жабдықтауға арналған жиынтықтар жыл сайын сатып алынады.