Қаңтардағы оқиға туралы алып-қашпа сөз, шындығынан дақпырты көп дерек әлі күнге толассыз айтылып келеді. Ел үміті мен сенімі таразыға түскен үш жыл бұрынғы жағдайдың ақ-қарасын аңдап, толыққанды мәлімет алғысы келетін оқырман қауымға арнап белгілі қаламгер, Қазақстан ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин «Қаңтар-22. Сәті түспеген мемлекеттік төңкеріс және ұлттың оянуы» атты жаңа кітабын жақында жарыққа шығарды.
Ат-атауының өзі елең еткізетін ерекше мазмұндағы кітап жазуға кіріспес бұрын, автор Жаңаөзеннен басталып, Семей қаласында түйінделген халық қарсылығы өршеленген республиканың барлық облысына сапар шегіп, дерек жинаған. Кітаптың тұсаукесер рәсімінде сөз алған Б.Ғабдуллин «кітап не мақсатпен жазылды, идеясы не, ақпарат пен дерек қалай жиналды, кітаптың тап бүгін маңызды болу себебі неде, халық пен билік Қаңтардан қандай сабақ алуы керек?» деген негізгі мәселені талдап, саяси оқиғаның сипатына кеңінен тоқталды.
–Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасында 238 адам ажал құшқан, Қаңтар туралы мыңдаған мақала, бірнеше кітап жазылып, жүздеген сұхбат берілді. Соған қарамастан, «2022 жылдың қаңтарында нақты не болды?» деген сұраққа қоғам толыққанды жауап ала алған жоқ. Дәл осы сұрақ қиюы мен оюы келіспеген мозайка іспетті миллиондаған отандасымыздың ақылы мен жүрегіне маза бермей, толғандырумен келеді. Көкейде күлбілтеленген сұрақ көп, Қазақстан қауымы алдында шындығынан гөрі жорамалы басым қайғылы күндердің тұтас картинасы қалыптасқан жоқ. Рас, ІІІ Ричард айтқандай, әр оқиға туралы әр адамның өз пікірі болады. Қырық жылға жуық уақыттың қатпарында қалған Желтоқсан мен он бес жыл бұрынғы Жаңаөзен туралы нақты шындықты біле алмай келеміз. Қаңтар туралы жазудың басты қиындығы да осында, – дейді автор.
Ең үлкен қиындық, сол тұста Қаңтарға байланысты құрамында 10-15 құзырлы мекеме мүшесін топтастырған қос бірдей үкіметтік үлкен комиссия жұмыс істеген болса, мұнда автор деректерді дербес, жалғыз жүріп жинап, зерттеуін дара жүргізген: оқиғаның тікелей қатысушыларымен, куәгерлерімен, марқұмдардың туыстарымен, билік құрылымы қызметкерлерімен, құқық қорғау орындарының өкілдерімен жеке-дара кездесіп, ақпарат құралдары және әлеуметтік желі секілді ашық дерек көздеріндегі түрлі мәліметтерді егжей-тегжейлі сараптап, әртүрлі комиссиялардың оқиға туралы есебі мен баяндамаларын, саясаттанушылардың пікірін мұқият зерделеген.
«Қаңтар-22» кітабы еліміздің заманауи әдебиеті мен қоғамдық өмірінде ғана емес, ТМД елдері мен әлемдік қоғамдастықта да үлкен мәнге ие дереккөзі болатыны сөзсіз. Қазақстан ПЕН клубының президенті, жазушы Бигелді Ғабдуллин ақпарат пен деректерді аспаннан алмай, Қаңтар оқиғасының оты шарпыған қалаларды асықпай аралап шығып, дербес зерттеуі негізінде өз қортындысын жасайды. «Қаңтар оқиғасының болуына қандай себептер түрткі болды, оқиға қатысушылары кімдер еді, басты ұйымдастырушысы кім, жағдайды реттеуде қандай маңызды қадамдар шешуші рөл атқарды?» деген сұрақтардың жауабын білгісі келген әр адамның қолына бұл кітап сұранып-ақ тұр» дейді кітаптың негізгі сарапшыларының бірі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сараптау және сыртқы әдеби байланыстар бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева.
Кітап айрықша құрылымға ие. Кітаптың әр бөлімі жеке бір облыстағы жағдайды талдауға арналған. Әр тараудың баяны «Оқиға хроникасынан» басталып, ары қарай автордың пікірімен толықтырылып, тараудың соңы «Оқиға куәгерлері баяндайды» атауымен куәлік еткендердің түсініктемесімен түйінделеді.
Расымен де 2022 жылдың қаңтарында елімізде не болды? Қасіретті оятқан фактор қандай? Бұл оқиғаның артында кімдер тұр? Қарсылықтың ұйымдастырушылары болды ма, олар кімдер? Сайып келгенде, автор саяси иірімі нәзік жаңа кітабында осы сұрақтардың жауабын өзі зерттеп, көз жеткізген тың деректер негізінде тарқатып беруге талпынады.
Төңірегінде таласты пікірі көп «Қаңтар-22» шындығына бойлауды мұрат тұтқан кітапта, сондай-ақ, Қазақстанның қарапайым тұрғындарының, азаматтық қоғамдастықтың, шетелдік саясаткерлер мен сарапшылардың пікірі де жинақталған. «Қоғамда қайшылықты көзқарастардың болғанына қарамастан, біз келешекке үмітпен қарап, қанды оқиғадан сабақ алуымыз керек, бізді бөлшектейтін емес, біріктіретін жалпыұлттық мүдде туралы күн сайын ойлауымыз керек», деді Бигелді Ғабдуллин.
«Қаңтар-22» кітабы орыс тілінде жазылып, «Жібек жолы» баспасынан 2200 данамен жарыққа шыққан. Кітап таныстырылымының соңы автордың зиялы қауым өкілдерімен, қоғамдағы белгілі тұлғалармен өзекті, өткір сауалдарға негізделген диалогіне ұласып, сиясы кеппеген жаңа кітаптың сүйінші даналарына қолтаңба сыйлауымен қортындыланды.
АЛМАТЫ