• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Білім 31 Желтоқсан, 2024

Білім саласы: балабақшадан колледжге дейін

33 рет
көрсетілді

Биыл мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық, қосымша, инклюзивті оқыту жүйесінде нақты нендей нәтижеге қол жетті? Қай мәселе күн тәртібіне шығып, дәл қайсысы шешілді? Сандар «сөйлегенде» сапамен үйлесім тапты ма? Оқу-ағарту министрлігі ұсынған деректерге сүйеніп, шолу жасап көрген едік.

Таным бастауы – балабақшадан

Бүгінде елімізде 11,6 мың мектепке дейінгі білім беретін ұйымда шамамен 1 мил­лион бала тәрбиеленіп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел өңірлерінде 75,5 мың орынға арналған 627 мектепке дейінгі ұйым ашылып, кезекте тұрған 2-6 жас аралығындағы балалардың 93,1%-ы мектепке дейінгі оқыту және тәрбиемен қамтылды. Биыл балабақшаларда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Тараз, Шымкент, Түркістан, Орал қалаларында қанатқақты жоба ретінде ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта бұл жүйе бүкіл ел аумағына таратылмақ.

Мектепке дейінгі ұйымдар жанынан балалары балабақшаға бармайтын ата-аналарға 4,2 мыңнан аса кеңес беру пункті жұмыс істейді. Осы арқылы балалардың мектепке дейінгі білім алуына тең мүмкіндікті қамтамасыз ету көзделген. Биыл 328 мыңнан аса ата-ана мен балаға әдістемелік, педагогикалық қолдау көрсетілді. Балабақшаға бармайтын балалардың ата-аналарын қолдау мақсатында «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы әзірленіп, іске қосылды. Аталған қосымша Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыс­тарында сынақтан өткізіліп, ата-аналардан жақсы баға алыпты.

Болашақ бірінші сынып оқушыларына арналған «Балақайлар мектебі» мектепалды даярлық бағдарламасы әзірленді. Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі білім беру және оқыту стандартына сай дайындалған бағдарлама балабақша мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, педагогтер мен ата-аналарға балаларды мектептегі оқу үдерісіне стандартты оқу бағдарламасының барлық бағыты бойынша даярлауға мүмкіндік береді. Биыл бұл бағдарламамен 115 мың бала даярлықтан өтті.

 

Таудай болам десеңіз...

Бүгінде орта білім жүйесінде 7 964 мектеп бар, онда 3,9 миллионнан аса бала оқиды, 408 мың педагог қызмет етеді. Биыл білім беру инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасты. Осы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша елімізде 160 мың орындық 115 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 19 нысан Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландырылды. Республикалық және жергілікті бюджет, сондай-ақ инвестиция тарту есебінен 56 мектеп ашылды. Ел тарихындағы ең елеулі оқиғаның бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басталуы болды, бүгінге дейін жоба шеңберіндегі 40 мектепте оқушылар білім алып жүр. «Жайлы мектептің» 44 пайызы ауылдық жерлерде орналасқанын атап өту керек.

Мектеп құрылысының қарқын алуы мен қолданыстағы оқу ошақтарын қайта жаңғырту нәтижесінде елімізде бір ауысымда жұмыс істейтін мектептер саны 3 мыңға жуықтады. 280 мектеп күрделі жөндеуден өтті, 842 мектепке 1 395 заманауи пән кабинеттері (роботтехника, химия, биология, физика, STEM) сатып алынды. 1000 ауыл мектебін жаңғырту 7 бағыт бойынша жүргізілді: ағымдағы жөндеу, жиһаздарды, кітапханаларды, асханаларды жаңарту, қауіпсіздік жағдайын жақсарту. Су тасқынынан зардап шеккен 25 нысан қалпына келтірілді.

Биыл еліміздің тарихында тұңғыш рет екі бірдей педагог «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Марапат иегерлері: Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының 40 жылдық еңбек өтілі бар математика пәнінің мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова және Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Траисова.

Осы жылы қол жеткізген ірі жетістіктің бірі – халықаралық олимпиадаларға қатысқан оқушылардың әрбір екіншісі жүлделі орынға ие болды. Химия пәні бойынша ең беделді Халықаралық олимпиадада (IChO) және роботтехникадан «First Global Challenge» әлем чемпио­натында оқушыларымыз 190 елдің арасынан оза шауып, екі олимпиадада да үш мәрте әлем чемпионы атанды. Ел құрамасының қоржыны жалпы 563 медальмен толықты, оның ішінде 77 алтын, 201 күміс және 285 қола медаль бар. Ең беделді 7 олимпиадада жүлделі орындарға ие болған 26 оқушыға ақшалай сыйақы (алтын медаль – 1500 АЕК, күміс – 1 000 АЕК, қола – 500 АЕК) берілді. Тағы бір атап өтерлік оқиға ретінде ең беделді IBO-2024 биология пәні бойынша Халықаралық олимпиаданың биыл елімізде өткізілуін атауға болады. Білім бәйгесіне 81 елден 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысты. Қазақстан құрамасы 100% медаль алып, үздік нәтиже көрсетті.

Еліміздегі мектептердің 67%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту, ауыл мектептерінің әлеуетін көтеру мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында өңірлерде де кіші жобалар іске қосылды. Мәселен, Ақтөбе облысында «Шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды пайдалана отырып дамыту», Алматы облысында «Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша білім сапасын арттыру», Маңғыстау облысында «Отпан» тірек мектептер желісін дамыту» Ұлытау облысында «Ustaz Ulytau» жобалары өз жемісін берді. Жалпы, жоба нәтижелерінен биыл 2023 жылмен салыстырғанда шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасы орта есеппен 7-9%-ға артқан.

 

Қажетті кәсіпке колледж баулиды

Елімізде 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар, онда 565 мың студент білім алып жатыр, оның ішінде 177 мың студент оқуға биыл қабылданды. Дуалды оқытумен 91 мың студент қамтылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырыстарының көлемі 143 мың орынға өсті, бұл өткен жылға қарағанда 10 мыңға артқанын көрсетеді. Ал студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90 пайызды құрады. Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік тапсырыстардың 65 пайызы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс салаларына бағыт­талған. Бүгінгі таңда колледж түлектерінің жұмыс­қа орналасу көрсеткіші 79 пайызды құ­райды.

Колледж студенттерін қолдау мақсатында шәкіртақы төлемдері екі есе ұлғайтылды: 2023 жылы – 50%, 2024 жылы 300 мыңнан аса студентті қамти отырып тағы 50%-ға артты. Мұқтаж студенттердің 87 пайыздан көбі жатақханамен қамтамасыз етілді. 2019–2023 жылдар аралығында 14,8 мың орындық 76 жатақхана, биыл 1,2 мың орындық тағы 4 жатақхана пайдалануға берілді. Грантта оқитын студенттерге әлеуметтік қолдау қарастырылған: оларға тамағы мен жолақы төленеді. Бұл техникалық мамандықтарға түсуге ниеттілер қатарының көбеюіне септеседі.

Колледждерде 160 стартап жоба іске қосылып, 104 колледждің материалдық-тех­ни­калық базасы жаңартылды. Кәсіби стан­дарттардың, МЖМБС және WorldSkills стандарт­тарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім бағдарламасы әзірленді. Оқытудың тиімді озық әдістері мен тәсілдерін тарату мақсатында локомотив колледждер анық­талды, заманауи колледждер базасында 3 IT орталық құрылды.

Техникалық және кәсіптік білім ұйымдары студенттерінен құралған ұлттық құрама ел тарихында тұңғыш рет Францияның Лион қаласында өткен 47-ші Халықаралық WorldSkills чемпионатында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсетіп, 6 үздік медальон мен «Ұлт үздігі» аталымын жеңіп алды.

 

Кедергісіз орта – уақыт сұранысы

Білім беруде инклюзивті және кедергісіз орта құру барлық оқушыға тең мүмкіндік берудің негізгі факторы саналады. Бүгінде еліміздегі мектептердің 90%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалған, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80%-ды құрап отыр.

Биыл алғаш рет психологиялық-педаго­­гикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі ен­гізілді, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау көрсету бөлмелері, жеке бағдарламалар үшін жаңа талаптар әзірленді. Мектептерде «педагог-ассистент» лауазымы енгізілді, бұл осы саладағы мамандардың санын бір жылда 1 мыңнан 2,5 мыңға дейін арттырды. I және II топтағы мүгедектігі бар жандар, бала кезінен мүгедектер және мүгедек талапкерлер үшін техникалық және кәсіптік білім ұйымдарына оқуға қабылдау квотасы 10%-ға ұлғайтылды.

ПМПК ашудың нормативі 60 мың баладан 50 мың балаға дейін төмендетілді. Арнайы ұйымдар желісі 496-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 21 бірлікке артты. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған 96 қолдау бөлмесі ашылды. 600-ден аса арнайы оқыту бағдарламасы әзірленді.

 

Қосымша білімнің де берері көп

Қазіргі таңда еліміздегі 1 713 ұйымда 3,3 млн бала қосымша білім алып жүр. Биыл оқу­шы­лар­ды қосымша біліммен қамту көр­­сет­кіші 86,3%-ды құрады. Жалпы, қосымша білім беру үш бағытта: мектептен тыс ұйымдар, мектеп үйір­мелері мен спорт секцияларында жүзеге асы­рылады. Барлығы 1 625 мектептен тыс ұйым бар және түрлі бағыттағы 380 үйірме түрі ұсы­ны­лады.

Қосымша білім ұйымдарының құрылысына келсек, биыл 8 қосымша білім орталығы, 3 балалар сауықтыру орталығы (лагерь), ауылдық мектептерде 779 комъюнити-орталық ашылды, 190 қосымша білім беру ұйымы жаңартылды.

2024 жылдың жазының қорытындысы бойынша 11 287 балалар сауықтыру орта­лықтарында 3,1 млн оқушы немесе балалардың 93,4%-ы демалыспен және сауықтырумен қамтылды. Оның ішінде 600 мыңнан аса бала – әлеуметтік жағынан осал отбасылардан, 5 мыңнан көбі – су тасқынынан зардап шеккен өңірлерден.