• RUB:
    5.17
  • USD:
    529.7
  • EUR:
    545.96
Басты сайтқа өту
Экономика 31 Желтоқсан, 2024

Ұлт экономикасының бүгіні мен ертеңі: «Егемен» сарапшыларының бағасы

88 рет
көрсетілді

Биыл экономикалық өсім 4,4 пайыз болды. Бұл – 11 айды қорыта айтқандағы алдын ала көрсеткіш. Бір қуантарлығы, өсімнің 70 пайыздан астамын мұнайдан өзге секторлар қамтамасыз етті. Атап айтқанда, өңдеуші өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газетіндегі Экономика бетінің тұрақты сарапшылары жылды қорытындылап, басты жетістіктер мен кемшін тұстарды шолып шықты.

– 2024 жылдың ең басты эконо­ми­ка­лық қиындығы не болды деп ойлайсыз?

Қайырбек Арыстанбеков, экономист:

– Экономика көлемін екі есе ұлғайту үшін экономикалық өсім жыл сайын кемі 7%-ды құрауы керек. Бізде бұл көрсеткіш 4%-дың деңгейінде қалып отыр. Қуантқан фактор – ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялардың жалғандығын растау. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің нақты саны айтылды. Біз бұрын оның экономикадағы үлесі 20%, 30% деп келдік, расында ол шындыққа сәйкес келмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау платформасында оның көлемі 7% деп мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме тұңғыш рет жасалды.

 

Ғалым Құсайынов, қаржыгер:

– 2024 жылдың негізгі сынағы бюджет болды дер едім. Бюджет тапшылығы Ұлт­тық қор есебінен жабылды. Мем­лекет­тiк шығыстардың өсуi инфляциялық үдерістердi жеделдеттi, бұл Ұлттық банктiң базалық мөлшерлемені көтеру қажеттiгiне әкеліп соқты. Жоғары базалық мөлшерлеме экономиканың нақты секторына несие беруді тежейді. Бір мезгілде көптеген сала үшін 6%-бен несие берген мемлекет қосымша жүктемені ұлғайтты, себебі нарықтық мөлшерлеме мен мемлекеттік мөлшерлеме арасындағы айырмашылық өсті. Үлкен тапшылық пен жоғары мөлшерлеме мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге арналған бюджет шығыстарын ұлғайтты. Ұлттық қордан жоғары трансферттер теңге бағамының құнсызданып кетуіне жол бермеді, бұл өнеркәсіптің дамуына және ел бюджетінің кірісіне теріс әсер етті. Нәтижесінде, 1 доллар 530 теңгеге дейін қымбаттады.

Банк секторының таза пайдасының өсуі – қаржы секторының жетістігі. Екінші жағынан, банк секторын қаржыландыру дағдарыстың алдын алуға мүмкіндік берді. Екінші деңгейлі банктердің қазіргі жағ­дайы экономикалық дағдарысқа шы­дауға мүмкіндік береді.

– Тұрғын үй саласында осы жылдың ең басты жетістігі мен тәуекелі туралы не айтасыз?

 

Назгүл Сәрке, сарапшы:

– Ең көрнекті бастамалардың бірі «7-20-25» бағдарламасын кеңейту, сондай-ақ ипотекалық несие мөлшерлемесін төмендетуге бағытталған қосымша тетіктерді енгізу болды. Осы бағдарлама шеңберінде қарыз алушылар үшін жеңілдікті шарттар белгіленді, сондай-ақ табысы әртүрлі азамат үшін ипотеканың қолжетімділігі артты. Онлайн өтінім беру, ашық бақылау жүйесі сияқты цифрландыру үдерістерін жақсарту ипотека алуды айтарлықтай жеңілдетті.

Тағы бір жетістік – қолжетімді баға­мен тұрғын үй құрылысына ықпал ететін мемлекеттік тұрғын үй құрылысы қорын дамыту, сондай-ақ халық арасында қаржылық сауаттылықты арттыру тетіктерін құру. Биылғы басты қиындық ретінде құрылыс материалдарының қымбаттауын және инфляцияны айтсақ бо­лады. Бұл құрылыс компаниялары үшін қосымша шығындар туғызып, тұрғын үй бағасының жоғарылауына әкелді. Сонымен қатар сату-сатып алу мәмілелері азайып, жылжымайтын мүлік нарығында құлдырау болды.

– Мұнай тақырыбы бойынша осы жылдың ең елеулі мәселесі деп нені айтар едіңіз?

 

Абзал Нарымбетов, сарапшы:

– Осы жылы мұнай саласындағы ең елеулі мәселе – мұнай бағасының төмен түсуі. Былай қатты құлдырап кетпегенімен, екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда төмендеді. Екі жыл бұрын барреліне 100 доллар болса, былтыр 80 доллар, биыл 70-тің маңайында тұр. Бұл жағдай әрине, алаңдатады. Себебі біздің бюджетіміз мұнай бағасына тәуелді. Екінші мәселе – мұнай өнімінің төмен түсуі. Қатарынан екінші жыл. 2022-де 90 млн тонна болса, былтыр 89, биыл 88-ге түсті. Үш алпауыт кен орны – Теңіз, Қарашығанақ, Қашағанда мұнай өнімінің төмен түсуі, кен орындарының ескіруі, қысымның азаюы, жаңа инвестицияның құйылмауы, инвесторлардың жаңа кен орындарын ашуға қатты ынталы болмауы немесе мұнай шығарып жатқан кен орындарындағы мұнайды ұстап тұру немесе оны көбейтуге қызықпауы бізді алаңдатады.

– Былтыр және биыл Қазақстан мұнай тасымалын әртараптандыру бойынша Әзербайжанмен белсенді келіссөз жүргізді. Тиісінше ол нәтижесіз де болған жоқ. Алдағы уақытта мұнай тасымалы тұрғысынан Астана мен Баку қарым-қатынасы қалай өрбуі мүмкін?

– Әрине, Әзербайжанмен белсенді келіссөз жүргізілді. 1,5 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін өсіруді қарастырып жатыр. Бұл – әртараптандыру саясатының бір бөлігі және геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты. Қазақстан экспортқа жіберген мұнайының белгілі бір мөлшерін тасымалдау бойынша «Б» жоспарын ойластырып жатыр. Баку бағытында кетіп жатқан 3-5% мұнай көлемін 25-30%-ға дейін жеткізбекші. Егер геосаяси жағдай қазіргіден де қатты шиеленіссе, КТК немесе Атырау – Самара бағытындағы мұнайдың әжептәуір бөлігін басқа жаққа бірден жөнелте білуіміз керек. Сонымен қатар Қытайға 10 млн тонна мұнай жібере аламыз, бірақ 1 млн тонна ғана жіберіп отырмыз. Сонда 9 млн тонна көлемінде резерв бар деген сөз. Дегенмен әлеуетті тежеп тұрған факторлар бар, ол – Ақтау портындағы инфрақұрылымдық мүмкіндіктің төмендігі және оған мұнай жеткізудің қиындығы.

Қазір елімізде ішкі нарыққа мұнай жөнелту жылдан жылға көбейіп жатыр. Себебі мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артты. Сонымен қатар мұнай-газ химия зауыттары ашылуда. Полипропилен өндіретін KPI ашылды. Полиэтилен зауыты да жұмыс бастағалы жатыр. Сондықтан алдағы уақытта экспорттау көлемі азайып, ішкі нарыққа жөнелту көбейеді.

– Теңге бағамын тұрақтандыру үшін ең бірінші кезекте қандай басымдыққа ие болуымыз керек?

Ғалым Құсайынов, қаржыгер:

– Валютамызға бюджет тапшылығы, теңгерімсіз фискалдық саясат және экономиканы ұдайы субсидиялау сияқты ішкі факторлар әсер етті. Сонымен бірге, энергия ресурстарының (мұнай, газ, уран), металдар мен басқа да пайдалы қазбалардың бағасы сияқты сыртқы факторлар да бар. Бұл қатарға рубль бағамын да енгізе аламыз, себебі Ресей – негізгі сауда серіктесіміз. Ресейде бағам құлдыраса, біздегі ресейлік тауарлардың балама тауарлары арзандайды. Мұндай жағ­дайда елдің сауда теңгерімі нашар­лап, теңге бағамы құнсызданады. Эко­номиканы құрылымдық тұрғыдан қалай өзгерту керектігі туралы түсінік болмаса, кез келген валюта бағамын реттеудің экономикалық мәні жоқ. Валюта бағамы елдің төлем балансына тікелей әсер етеді және бағам тұрақты болуы үшін бірінші кезекте бізде сыртқы факторларға тәуелді емес тұрақты экспорт болуға тиіс. Қазір экспортымыздың негізін пайдалы қазбалар құрайды, ал өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай көп емес.

– 2024 жылы ресейлік банктер ішкі нарықтан кетті. Біз бұл жағдайдан не ұттық?

– Кез келген қысқару бәсекелестікке оң әсерін тигізбейді. Бәсекелестік барлық саланың дамуын ынталандырады. Ресей банктерінің кетуі қаржы секторының дамуы­­­на теріс әсер етті. Олар экономиканың нақты секторын несиелендірген ірі институт­­­­тар болғандықтан, кәсіпкерлер үшін несие қолжетімділігі едәуір қысқарды. Біздің қаржы нарығына кіру оңай емес. Сондықтан маңызды жаңа ойыншыларды көріп отырған жоқпыз. Қазір банктер тура­­лы заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі жариялаған алғашқы бастамалар үміттендіреді, себебі шектеулі лицензиялар енгізу ұсынылады. Бұл бәсекелестікті айтарлықтай күшейтуі мүмкін. Бірақ өзгерістердің нәтижесін 3-4 жылдан кейін көреміз.

– Биыл құрылыс компаниялары нені ескермеді деп ойлайсыз?

Назгүл Сәрке, сарапшы:

– Құрылыс компанияларының көбі экологиялық таза және энергия үнемдейтін технологияларға жеткілікті түрде көңіл бөлмей жатыр. Бұл бағытта жұмыс істемей, дәстүрлі құрылыс әдістерін қолдану ұзақ мерзімде экологиялық және қаржылық тұрғыдан шығынға батыруы ықтимал. Сондай-ақ құрылыс сапасының төмендеуі мен мерзімдердің бұзылуы да тұтынушыларды алаңдататын жағдайлар болып отыр. Жылдан жылға өршіп бара жатқан ең басты мәселе – тұрақ көлікжайларының жетіспеуі. Осындай мәселелер бойынша жақында Алматы мәслихаты кезектен тыс сессия барысында қаланы салудың жаңа қағидаларын бекітті. Құжатты әкімдік нүктелік құрылысқа, тау бөктерлерін, жасыл аймақтар мен аулаларды салуға рұқсат бермеу үшін әзірлеген. Жаңа ережелер тұрғын үй кешендерін қабылдау бөлігінде құрылысқа қатаң шектеулер мен мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейді. Бұл ереже бойынша енді тек 3-санаттан төмен емес үйлер, әр пәтерге кемінде 1 көлікжайдан салу керек. Бірақ бұл шектеу әлі де жеткіліксіз. 4-санаттағы үйлерге де сондай талап қойылуы керек деп ойлаймын. Себебі қазір әр отбасында жоқ дегенде 1 көлік бар.

– Энергетика министрі биыл елі­мізде 87,8 млн тонна мұнай өндірі­летінін мәлімдеді. Бұл былтырмен салыстырғанда төмен. Министрдің сөзінше, бұған жоспардан тыс жөндеу жұмыстары Қашаған, Қарашығанақтағы жұмыстың тоқтап тұруы себеп. Бұл мәселелер жақын арада шешімін таба ма?

Абзал Нарымбетов, сарапшы:

– Меніңше, негізгі себеп – кіші және орта кен орындарындағы өнімдердің азайып кетуі. Өйткені инвестиция азай­ған. Теңіз, Қашаған, Қарашығанақта айтарлықтай проблема жоқ. Олардың қазіргі өнімнен де көбірек өндіруге әлеуеті жетеді. Біздегі проблема – олардан басқа, ескірген кен орындарында. Мұны әзірге айтып жатқан жоқ. Бірақ қашан айтады екен деп күтіп жүрмін. Себебі бір күні мұнай өндіру көлемі қатты түсіп кеткен кезде ол байқалып қалады.

– Дәл қазіргі сәтте мұнай-газ сала­сын­дағы басты тәуекелдер қандай және оларды жеңілдету бойынша тиімді жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?

– 2022 жылы басты тәуекел экспорт болса, қазіргі басты тәуекел – мұнай бағасы. Сол себепті, бюджет тапшылығы артып жатыр. Теңге де соған байланыс­ты құлдырап кетті. Мұнай қанша көп шыққанымен, одан түскен табысты тиімді қолданбайтын болсақ, мұнай қорымыз көп болса да, қиындық туындай береді. Әрине, мұнай өнімін түсірмеуіміз керек. Кейінгі 30 жылда мұнай басты табыс көзі болып келді. Бюджеттің тең жартысын құрайды, экспорттық табыстың 60%-ын, ішкі жалпы өнімнің 20%-ын құрап отыр. Мұнайдан шығаратын өнімді көбейту керек. Мұнайға шикізат ретінде қарай бермей, одан кейінгі тұтынылатын тауар шығаруға тырысқан жөн. Өзіміз шикізат сатып, содан жасалған тауарды сырттан сатып ала берсек, экономикамыз көпке бармайды. Мысалы, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея елдері шикізат сатып алып, содан жасаған өнімдерін бізге сатып отыр ғой. Экономиканы солай дамытып отыр. Қытай да сол қатарда.

– Экономиканың, қаржы сек­то­ры­ның дамуын тежейтін басты проб­ле­ма не?

Ғалым Құсайынов, қаржыгер:

– Экономикамызды дамыту үшін на­рықты ырықтандыруға, институцио­нал­дық ортаны дамытуға және жаңа ойыншылардың кіруіне кедергілерді жоюға бағытталған неғұрлым табанды құ­рылымдық реформалар қажет. Эконо­миканы мемлекеттік қолдаудың өзі толығымен қайта қаралуға тиіс, өйткені қазіргі ынталандыру тиімсіз және мемлекет жұмсаған кез келген теңгенің мультипликативтік әсері жоқ. Осы тұр­ғыдан алғанда, маған Ұлыбританияның Маргарет Тэтчер заманындағы мысалы ұнайды. Тэтчер билік басына келгенде түбегейлі реформа жүргізді. Олардың 70-жылдардың соңы мен 80-жылдардың басындағы жағдайы біздің қазіргі жағ­дайымызға қатты ұқсайды: салалардың реттелуі, экономикадағы мемлекеттің үлкен үлесі және Үкіметтің әлеуметтік бағыты.

Бізге жекешелендіру арқылы мем­лекеттің экономикадағы үлесін қыс­қарту, бағаны ырықтандыруды жедел­дету, жер қойнауын пайдалануды ырықтандыруды жеделдету, инвестициялық ахуалды жақсарту, реттеудегі салалық кедергілерді қысқарту қажет. Банк жүйесінде мемлекет банктер тәуекелсіз көп ақша таба алатын жүйені құрғанын көріп отырмыз, бұл экономиканың нақты секторын несиелендіруді тежейді. Банктер жеке тұлғаларға қызмет көрсету бойынша технологиялық тұрғыдан қатты алға кетті, алайда заңды тұлғаларды несиелендіруге аса құлықсыз. Оның көптеген себебі бар. Ағымдағы шоттарға пайыздарды есептеу­­ге тыйым салып, салдарынан базалық мөлшерлеме өсті және банктердің кірісі өсті. Ал нөлдік мөлшерлемесі бар қалдықтардың негізгі ұстаушылары бюд­­­­жеттік ұйымдар мен жеке тұлғалар бол­ғандықтан, біз осы сегменттердің ЕДБ пайдасына кететін миллиардтаған теңгені жоғалтатынын көріп отырмыз.

Валюталық депозиттерге де қатысты, ЕДБ 1%-бен тартады, 3-4%-бен орналас­тырады, себебі бізде валюталық депозиттер бойынша мөлшерлеме бойынша шектеу бар. Не болмаса, бағалы қағаздар бойынша жеңілдіктер ақшаны кредиттерге емес, бағалы қағаздарға салуға ынталандырады, себебі несие беру үшін экономикалық тиімділік болуы керек. Ал мөлшерлеме бағалы қағаздар бойынша мөлшерлемеден 20% жоғары болуға тиіс. Айта берсең қаржы жүйесін ел экономикасына жұмыс істеуге ынталандырмайтын мысалдар көп.

– 2025 жылы баспана нарығында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Назгүл Сәрке, сарапшы:

– 2025 жылы ипотекалық бағдарла­ма­ларға қатысты заңнамаға жаңа өзгерістер енгізіледі деп күтіледі. Бұл ең алдымен, ипотека алу үдерісін оңтайландыруға және жеңілдікті мөлшерлемелерді алу шарттарын жеңілдетуге қатысты. Сондай-ақ азаматтарға жүктемені азайту үшін субсидиялаудың жаңа тетіктерін енгізу жоспарланған. «7-20-25» бағдарламасына да өзгерістер енгізбекші. Мысалы, әскери борышын өтеушілерге қызмет өткеру мерзімінде және ол аяқталғаннан кейін 60 күнді қамтитын кезеңге негізгі борыш пен сыйақы бойынша мерзімді кейінге қалдыру көзделеді.

– БЖЗҚ-дан қаржы алу келесі жылы да жалғасатын секілді. Бұл бастаманы тоқтату керек пе? Әлде азаматтарымыз үшін тиімді тетік болып тұр ма?

– БЖЗҚ-дан қаржы алу бастамасы азаматтар үшін тиімді тетік болып тұр, себебі бұл өз қаражаты мен жинағын тиімді пайдалану мүмкіндігін береді. Алайда бұл бастаманың ұзақмерзімді тұрақтылығы мен қоғамға әсері жөнінде жүйелі талдау қажет. Егер бұл тетік тек қана баспана мәселесін шешуге емес, азаматтардың зейнетақы жинағының болашағына зиян келтірмесе, онда оны жалғастыру пайдалы болуы мүмкін.

Қайырбек Арыстанбеков, экономист:

– Біздегі халықтың қалтасына ауыр тиетін салықтың түрі – инфляция. Үкімет инфляциямен барынша күресіп жатыр. Бірақ Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мен Үкіметтің фискалды саясатының арасында қарама-қайшылық бар. Сол мәселе әлі шешілер емес.

Абзал Нарымбетов, сарапшы:

– Шағын және орта бизнестің дамуына көбірек мән беру маңызды. Ол – адами капитал: білім, технология, инновация. Осы үш ең басты құндылықтар негізінде ел дамиды. Мұнайы азайған Біріккен Араб Әмірліктері басты көзірін жылжымайтын мүлікке, туризмге қарай ауыстырды. Сауд Арабиясының да көшкен жолы осы. Жалпы, мұнай шығаратын елдер әртараптандыру жолдарын қарастырып жатыр. Еліміз де осы саясатты ұстанған, бірақ оның қаншалықты тиімді болғанын уақыт көрсетеді. Мұнайға деген тәуелділік әлі де болса қатты байқалады. Бюджеттегі мұнай бағасын қымбатырақ көрсетіп, көбірек өндіруге тырысамыз. Ол жақсы үрдіс емес.

– Әңгімелеріңізге рахмет.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген –

Абай Аймағамбет,

Гүлбаршын Айтжанбайқызы,

«Egemen Qazaqstan»