• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп 31 Желтоқсан, 2024

Замана талабынан туған заңдар

22 рет
көрсетілді

2024 жыл Әділетті Қазақстанды құру жолындағы заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды заңдардың қабылдануымен ерекшеленді. Бұл заңдар қоғам тарапынан айтылып жатқан орынды талаптардың ескерілгенін, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын үлгісін көрсетті.

Масс-медиа –  аясы кең ұғым

Ел тарихында ең ұзақ талқы­лан­ған құжаттың бірі «Масс-ме­диа ту­ра­лы заңға» Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусымда қол қойды. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаң­ғыру жолы» атты Жолдауында мем­лекет­тің мүдделерін, қоғамның сұра­ныс­тарын және медиа саласы­ның даму үрдіс­терін ескере отырып, бұқаралық ақ­парат құралдары туралы заңды қай­та қарау туралы берген тапсырмасын орын­дау мақсатында әзірленген жаңа заңда бірқатар тың ереже көрініс тапты.

Ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілгенін тілге тиек етсек болады. Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырыла­тын Бірыңғай медиа платфор­масын құру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған үдерісі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған.

Аталған заңды журналистер қауымы көптен күтті. Құжатта олар үшін қосымша құқық­тық кепілдіктер белгіленіп, «Жур­налистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Онда журналистің құқығы мен бостандығының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын білдіретін талаптар көрініс тапты. Атап айт­қанда, мемлекеттік органдарға сұрау­­ларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұ­мыс күніне дейін қысқарды.

Заңның тағы бір атап айтар тұсы – ұлттық телерадио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылып, шетелдік телерадио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді.

Сонымен қатар өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын хабарды, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты тара­туға, жария­лауға тыйым салын­ғанын да маңызды өзгеріс­тің бірі ретінде атауға болады.

 

Болашаққа арналған бағдарлама

1 қаңтардан бастап елімізде «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылып, 2006 жылдың 1 қаңтарынан бері туған барлық баланың арнайы жинақтаушы шотына алғашқы 100 доллар қаражат түсті. Бұл қаржы бола­шақта оның оқуына немесе баспана сатып алуы­на жұмсалмақ. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға ақша аудару туралы заңға өткен жылдың 16 қара­ша­сында қол қойған еді. Дегенмен оның нақты жүзеге асуы осы жылы басталды.

Қаражат БЖЗҚ-дағы жеке шоттарға түседі, шот «Жеке тұлға­лар» мемлекеттік деректер база­сындағы ақпарат негізінде әр балаға автоматты түрде ашылады, яғни ата-аналарға банкке немесе БЖЗҚ-ға арнайы барудың қажеті жоқ. Баланың «Ұлттық қор – балаларға» бағдар­ла­ма­сына қатыса алатынын неме­се қатыса алмайтынын egov.kz пор­талындағы жеке кабинеттен білуге болады. Бұған қоса зейнетақы қорының enpf.kz ресми сайтында тұрақты түрде мәліметтер жарияланып тұрады.

Айта кетейік, бұл ақшаны бала 18 жасқа толғанша шешіп алуға болмайды. Одан кейін қаражат аталған шотта тағы 10 жыл бойы сақталып тұрады. Егер осы аралықта, яғни ол 28 жасқа толғанша қаражат пайдаланылмаса, ол зейнетақы шотына аударылады. Ал егер бала 18 жасқа толғанға дейін басқа елге көшіп, азаматтығын ауыстырса, жиналған төлемді алу құқығынан айырылады. Елден кеткенімен, азаматтығын ауыстырмаса, онда 18 жасқа толған соң жиналған ақшаны ала алады.

Жоғарыда айтқандай, бала кәмелет жасқа толғаннан кейін жи­нақталған қаржы тек екі мақ­сатта, яғни тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе оқу ақысын төлеуге пайдаланылады. Тұрғын үйді тек ел аумағынан ала алады, ал оқу ақысын қай елде білім алып жатса да, төлеуге мүмкіндік берілмек.

Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін шотта жинақталған қара­жатты пайдалану туралы 41,8 мың өтініш түсіп, 4,2 млн доллар шешіп алынған. Оның 2,3 млн доллары тұр­ғын үй жағдайын жақ­сартуға, 1,9 млн доллары оқу ақы­сын тө­леу­ге пайдаланылған. Пре­зи­дент Қ.Тоқаевтың бастамасы­мен қолға алын­ған бұл жоба өскелең ұрпақ­тың ұзақмерзім­ді қаржылық қауіпсіз­дігін қамта­масыз етіп, әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға септігін тигізбек.

 

Петиция – қоғам үні

Биыл сәуір айында ел азаматтарына Үкіметтің міндетті қарауына жататын ресми петицияларды беруге заңды құқық ұсынатын петициялар туралы заң күшіне енді. Бұл құжат петицияларды беру мен қол қою тәртібін реттеп, рұқсат етілетін мәселелер тізімі мен оны қарау үшін қол жинау межесін бекітті. Заң Мемлекет басшысының мұрындық болуымен басталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы алтын көпірге айналып, халықтың билікке деген сенімін арттырды.

Осы орайда іске қосылған epetition.kz платформасында халық­тың жоғары белсенділігі байқал­ғанын айта кету керек. Оны жария­ланып жатқан пети­циялардың санынан, сондай-ақ өзекті әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді тал­қылауға аза­мат­тарымыздың белсенді қатысуы­нан байқауға болады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, Президент бастамашы болған «Қоғамдық бақылау тура­лы» заңның мақсаты – ел азамат­тарының мемлекет істерін басқа­руға қатысуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оның аясында петиция институтын ресми түрде реттеу.

«Заң өтініш берудің бірнеше шегін белгілейді. Аудандық деңгейдегі петицияларды ең аз дегенде 2,5 мың азамат қолдауы керек. Өтініш Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың азаматтың қол қоюы қажет. Өтінішті қарау үдерісі мүмкіндігінше ашық бо­ла­­ды, қажетті қоғамдық тың­дау­­лар өткізіледі. Соңғы ше­шім­ді мем­­лекеттік органның бірін­ші бас­­шы­сы қабылдайды», деді министр.

 

Ойын бизнесінің жарнамасына жол жоқ

Шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі туралы заңнамаға енгізілген түзетулерге қол қой­ды. Өткен жылы Президент Қауіпсіздік Кеңес отырысында: «Кейінгі жылдары елімізде ойынға тәуелділік жағдайы кең ауқым ала бастады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен трагедияға айналды» деген еді. Осыған орай нақты тапсырмалар беріп, азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулер белгіленді.

Заңмен ойынқұмарлыққа тәуел­ділік деңгейін төмендетуге, әлеу­­меттік осал топтарды қорғау­ға және ойын бизнесін ұйымдас­ты­ру­шылардың жауапкершілігін арт­­тыруға бағытталған нормалар ен­­гізілді. Бұдан былай Борыш­кер­лер­дің бірыңғай тізілімінде тұр­ған адамдар мен жауап­ты мемле­кеттік лауазымда отыр­ғандар ойын­ханаларға кіре алмайды. Бұл өз кезе­гінде қаржы­лық тәуекелдердің ал­дын алып, қоғамның мемлекеттік қыз­мет­­шілерге деген сенімін арттырмақ.

Заң нормалары букмекер­лік конторалар мен тотализатор­лардың жарнамасына шектеу қояды, ал сыртқы жарнамаға, көлік­тер мен БАҚ-тағы жарна­маға мүлдем тыйым салынып отыр. Мәжіліс депута­ты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, заңның негізгі мақсаты – ойын биз­несі, лотерея және лотерея қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру.

«Құмар ойындарға, бәс тігуге қатысуға жас шегін жеке тұлға­лар үшін 21 жастан бас­тап 25 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Лицензиясы жоқ шетелдік букме­керлік кеңселердің, тотали­заторлардың интернет-ресурстарына тыйым салынады. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мә­дениет ұйымдары орналасқан жеке тұрған ғимараттар мен құрылысжайларда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлерінде лотерея билеттерін таратуға және терминалдарды орнатуға тыйым салынады. Электрондық казино мен интернет-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Сонымен қатар 25 жасқа дейінгі адамдарды, құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдарды құмар ойын­дарға қатысуға жіберу үшін әкімшілік жауаптылық көзделеді. Әкімшілік құқық бұзушылық қайта жасалған жағдайда лицен­зияның қолданысын тоқтата тұру түріндегі жаза енгізілді», деді ол.

 

Ел мойнындағы ауыр жүк

19 маусымда Мемлекет басшысы кейбір заңнамалық акті­лерге несие беру кезінде тәуе­кел­дерді барынша азайту, қарыз алушы­лардың құқықтарын қор­ғау, қаржы нарығын реттеу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізілген заңға қол қойды.

Халықтың несие батпағына батып, қарыздарының тым көбейіп кеткені – жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі. Әрине, оларды ешкім несие алуға мәжбүрлеген жоқ, бірақ елдегі экономикалық, әлеуметтік жағдай соған итермелеп отыр. Сондықтан бұл мәселені шешуді мемлекеттің қолға алуы – құптарлық іс.

Заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ереже енгізілген. Атап айтқанда, қарызын 90 күннен аса уақыттан бері өтемей жүрген адамдарға жаңадан несие беруге тыйым салынады. Алайда қарызды қайта қаржыландыруға бұл тыйым жүрмейді. Әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде және әскерден қайтып келгеннен кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микро­қаржы ұйымдарына аза­мат­­тардың қарызын коллек­тор­лық агенттіктерге беруге тыйым салынды. Одан кейін коллек­тор­лық агенттіктерге жеке тұлға­лар­дың құқықтарын (талаптарды) беру шарттары қатаңдатылды. Дәл осы күннен бастап тек бере­шек туындаған сәттен 24 ай өткен және берешекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түр­де жүргізілген жағдайда ғана қа­рыз алушы жеке тұлғаларға қа­тыс­­­ты құқықтарды (талаптарды) кол­­лекторларға беруге болады.

Заңнамаға сәйкес азаматтарға электрондық үкіметтің веб-пор­талы арқылы банк қарыздары мен микроқаржыны алудан ерікті түрде бас тарту құқығы беріліп отыр. «Стоп-кредит» деп аталатын сервисті қазіргі таңда 855,6 мың азамат пайдаланған. 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қарыз алушылар ерікті түрде бас тарту кезеңінде рәсімделген несиелерді өтеу міндеттемесінен босатылды.