ІІМ отандық ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ел аумағында алаяқтық қызметтің жолын кесу жұмысын жалғастырып келеді, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Адамдарды алдау үшін қылмыскерлердің белгілі бір елде болуы міндетті емес. Sim-box құрылғыларының болуы жеткілікті, олар – жергілікті ұялы байланыс операторларының интернет–трафигін қолдана отырып, жалған нөмірлермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Жаңа жыл қарсаңында ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үйлестіруімен Алматы ПД полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерде sim-box құрылғысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз еткен 25 жастағы екі жігітті ұстады.
Пәтерді тінту кезінде әрқайсысы 32 слоттық төрт sim-box құрылғысын және отандық ұялы байланыс операторларының 190 sim-картасын, бірнеше телефонды, ноутбуктарды тәркіледі.
Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандарға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.