Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Әңгіме барысында еліміздің даму стратегиясындағы маңызды тұжырымдама - әділдік екені айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы әділдік барлық елде және барлық заманда халықтың қалауы болғанын тілге тиек етті. Мұның Қазақстанға да қатысы бар екенін, сондай-ақ, қасіретті оқиғаға дейін бізде әділдік деңгейі өте төмен болғаны рас екенін айтты.
«Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде баз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, заңсыз алынған қаражат есебінен 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түскен.
«Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?», деді Мемлекет басшысы.