• RUB:
    4.88
  • USD:
    525.11
  • EUR:
    546.74
Басты сайтқа өту
Президент 03 Қаңтар, 2025

Құқық қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз – Қ.Тоқаев

69 рет
көрсетілді

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Былтыр әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң қабылданды.

«Бұл құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты, турасын айтқанда, масқара әрекеттердің тамырына балта шабу көзделген. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтілді. Оған қоса, жас балаларды өлтірген немесе зорлаған адам өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарды басынып, мазақ қылғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл талап алғаш рет заң жүзінде бекітілді», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заңнамалық негізін қалыптастыру үшін көп жұмыс атқарылды. Онда жинақталған қаржыны Қазақстанның және шетелдің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу, сондай-ақ тұрғын үй алу үшін жұмсауға болады.

Азаматтардың үсті-үстіне несие алып, қарызға батуына жол бермеуді көздейтін заң қабылданды. Соған сәйкес несиесін 90 күннен артық уақыт төлей алмай жүрген адамдарға кәсіпкерлікке қатысы жоқ несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ адамдар несие алуға өзіне өзі тыйым сала алатын болды. Медицина қызметкерлерін құқықтық жағынан қорғау шаралары күшейтілді, оларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер жақсарды. Балалар мен жастардың арасында жаппай тарап, нағыз індетке айнала бастаған вейптерді сатуға және таратуға тыйым салынды.

«Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатайды. Ондай қылмыс жасағандар 15–20 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады. Есірткіні белгілі бір жерге тығып кететін курьерлер мұндай қылмысты алғаш рет жасаса және әрекетінің салдары ауыр болмаса, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Лудоманиямен күреске қатысты заң күшіне енді. Құжатта букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына едәуір шектеу қойылды, кәмелетке толмағандарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, аты-жөні борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдардың құмар ойын ойнауына тыйым салынды. Бұл шаралар талай шаңырақты шайқалтқан, адамдарды қылмыс жасауға, өзіне қол жұмсауға итермелеген ойынқұмарлықтың таралуымен күресуге арналған.

Тағы бір маңызды заңнамалық жаңалық – бұзақылық және вандализм жасаған, біреудің мүлкін қасақана бүлдірген адамдарға берілетін жаза қатайды. Мұның бәрі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және заң талаптарына бағынатын азаматтардың құқығын қорғау тұрғысынан маңызды. Сонымен бірге заңнамалық толықтырулардың нәтижесінде 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Осылайша, азаматтар мемлекеттік органдар тарапынан бұзылған өз құқықтарын қорғай алады», деп атап өтті ел Президенті. 

Былтыр көптеген маңызды заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды. Алайда заңның қабылдануы істің басы ғана, сол заңдардың іс жүзінде жұмыс істеуі одан әлдеқайда маңызды екенін түсіну керек.

«Бұл ретте, заң талаптары қоғамның сұранысына сай болса ғана сақталады. Сондықтан біз биыл да халықтың үміті мен мүддесін және елімізді дамыту жолындағы басымдықтарды негізге ала отырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз», деді Қ.Тоқаев.