Абай облысының тұрғыны Бижамал Қаржаубаева биыл 103 жасқа толып отыр. Ғасырдан артық жасы бар кейуананы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев арнайы барып құттықтап, қал-жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақ жаулықты әже 1922 жылдың 1 каңтарында Жарма ауданының Бөке ауылында дүниеге келген. Жастығын өз қатарластары сияқты «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен тыл еңбегіне арнаған. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл тұрмысының жақсаруына атсалысқан.
1970 жылдары ауылдық кеңесте хатшы, 1981-1985 жылдары интернатта шаруашылық меңгерушісі болып еңбек еткен. 1985 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазіргі уақытта 4 немере, 8 шебере сүйіп отырған қазыналы қария.
Облыс әкімі әженің қал-жағдайын біліп, ғибратты әңгімесін тыңдады. Қарияның өмір жолы жастарға өнеге екенін тілге тиек етіп, мықты денсаулық тілеп, сыйлығын табыс етті.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар. Өзіңіздей өмірден көргені мен түйгені мол үлкендеріміз біз үшін темірқазық іспеттес. Ел-жұрт, ұрпақ үшін жасаған еңбектеріңіз ұмытылмайды. Сіздерге қарап бой түзейміз», деді аймақ басшысы.
Бижамал әже облыс әкімінің арнайы құттықтауына алғысын айтып, аналық ақ батасын берді.