2 қаңтарда аудандық ауруханаға Зерендінің кішкентай тұрғыны шұғыл жеткізілген. Рентген арқылы баланың ішегіне бөгде зат түскені анықталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Баланы бірден тексеріп, шұғыл операцияға дайындау үшін жансақтау бөліміне бағыттадық. Дер кезінде қаралмаған соң бөгде зат тоқ ішек пен аш ішекке шашырап кеткен. Отаны тәжірибелі дәрігер, бөлімше меңгерушісі Ернар Қожабеков жасады. Мен көмектестім. Лапороскопиялық тіреуіштің, монитордың көмегімен біз 39 магниттік шарды шығарып алдық. Үш күн ішінде олар ішекті зақымдап, тоқ ішек пен аш ішекті тесіп үлгерген. Бұл операция барысын қиындатты. Сондықтан ота бес сағатқа созылды. Сонымен қатар ағзада перитонит шығып, ірің ішекке өткен», деді балалар хирургі Сәлімжан Жақыпов.
Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай жарты жыл ішінде үшінші рет тіркеліп отыр. Бұған дейін 12 және 24 дана магнит жұтқан балалар кездескен.