• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2015

Театр. Француз классикасы – қазақ сахнасында

518 рет
көрсетілді

Француз драматургиясы классикалық туындыларының бірі болып табылатын «Испан дворяны» пьесасы қазақ сахнасының төріне жол тартты. Оны «Дон Сезар де Базан» деген атпен М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры сахнасына Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, белгілі режиссер Әубәкір Рахимов қойды. Театр үшін премьера – қашанда үлкен жаңалық. Егер ол классикалық шығарма болса, жаңалық құбылысқа айналып кетеді. Жалпы, француздың қай замандағы классикасы болмасын, біздің сахналарымыз үшін жиі қонақ болып жүрген жоқ. Ал XIX ғасырдан бері тұғырдан түспей келе жатқан бұл туындының мынадай тарихы бар. Алдымен француздың атақты жазушы-драматургі Виктор Гюго «Рюи Блаз» деген пьеса жазып шығады. Бұл шығарма сахнаға қойылған күнінен көрерменнің зор қошеметіне бөленеді. Бір қызығы, онда екінші пландағы кейіпкер саналған Сезар де Базанның образы да өте көрнекті шығады. Сондықтан бас қаһарман – Рюи Блазды сомдаған белгілі актер Фредерик Леметрдің ендігі ықыласы осы екінші геройды бейнелеуге ауа береді.

Мұны байқап қалған француздың басқа драматургтері Филипп-Франсуа Дюмануар мен Адольф-Филипп д`Эннери авторың рұқсатымен тап осы Сезар де Базанды бас кейіпкер етіп алатын жаңа пьеса жазбақшы болады. Аталмыш драма 1843 жылы «Испан дворяны» деген атаумен жазылып бітеді. Ол келесі жылы сахнаға жол тартады. Спектакль бірден көрерменнің көзайымына айналып кетеді. Ол көп ұзамай шет елдер сахналарына шыға бастайды. Сондай дүмпумен Ресейге жеткен шығарма 1856 жылы Мәскеудегі Кіші театрда қойылады. Оның «Дон Сезар де Базан» деген атпен берілген орысша нұсқасының алғысөзін жазушы Максим Горький жазады. Пьеса бұдан кейін де Ресей театрларында бірнеше рет қойылады. Олардың арасында «Сыған графиньясы» деген атаумен сахналанғандары да бар. Бұдан бөлек, орыс кинорежиссерлері аталмыш пьеса бойынша екі рет картина түсіреді. Бұлардың бәрі де кезінде үлкен табыстарға ие болды. Сөйткен туынды, міне, арада бір жарым ғасырдан астам уақыт өткенде, біздің сахнамызға келіп отыр. Пьесаны қазақшаға аударып, оны өзі сахналаған режиссер Әубәкір Рахимов осыған орай бізге туындының мұнда жетуінің сырын да айтып берді. Кезінде ГИТИС-ті оқып, бітірген Әбекеңнің айтуынша, оқу орнының кітапханасында аталмыш пьеса енген жалғыз ғана жинақ болған. Оны студенттер оқу залында кезекке тұрып алып, оқып шығады екен. Туындыны осылай жата-жастана оқып жүргенінде оған қатты қызығып, кейін қазақ сахнасына да шығаруды армандаған болашақ режиссер оны қолма-қол көшіріп алады. Елге келгесін, асықпай аударады. Кейін біткен қолжазбасын театрдың әдеби бөлімін басқаратын белгілі қаламгер Асқар Сүлейменовке көрсетеді. Ал Асекең тәржімаға жоғары баға беріпті. Бірақ туындыны бірден сахнаға алып шығудың орайы келе қоймайды. Бағы осылай ашылған қойылымды көрермен жылы қабылдады. Ол режиссердің өзіндік импровизциялық жаңалығы – итальянның дель арте комедиясының кейіпкерлері – Труффальдино мен Арлекиннің ойын желісін алға жетелеуімен басталды. Бұлар бұдан кейін де жұрт алдына әрәдік шығып тұрады. Сөйтіп, пьесада мүлдем жоқ геройларды сахнаға шығару арқылы «театр ішінде театр» тәсілін қолданып, ондағы оқиғалардың мәнін аша түспек болады. Спектакльдің оқиғасы бізді XVII ғасырдағы Испанияға алып барады. Корольдің бірінші министрі дон Хосе королева Марияға сырттай қатты ғашық болады. Бірақ ғашығынан өзі күткен жылы шырайды ала алмағасын, ол король Карл Екінші мен королеваның арасына от салмаққа шындап кіріседі. Бір жолы корольдің көшеде ән салып, би билеп жүрген сұлу сыған қызы Маританаға ынтық болып қалғанын сезіп қойған ол кегін осы желі арқылы қайтаруға бел байлайды.

Бұл кезде әкеден қалған бар байлығын шашып-төгіп, тақырға отырып қалған сері ақын дон Сезар де істі болып, өлім жазасына кесіліп жатады. Дон Хосе өлер алдында бұған кішкентай нәрсеге септігін тигізуді – бір бейтаныс қызбен жалған некеге тұрып, оның дворян титулын алуына көмектесуді өтінеді. Ал қалыңдығы сыған қызы Маритана болып шығады. Пиғылы арам бірінші министрдің мұндағы ойы көшеде жүрген тексіз қызды графиня ретінде корольмен таныстырып, олардың қызығына бату болады. Бірақ, қырсық шалғанда, оттай лаулаған асау қыз бір көргенде-ақ дон Сезардың өзінің жүрегін жаулап алады. Ақырында жолы болғыш жігітті достары тура келген ажалдан құтқарады. Олар үкімді орындайтын сарбаздарды мылтықтарын құр дәрімен оқтауға көндіреді. Осылай ғайыптан тайып аман қалған сері жігіт үйіне келгенде «әйелімен» кездесуге келіп тұрған корольді көреді. Бұл жерге жасырын атпен келген король істің мәнін білгесін, зытып тұрады. Соңынан дон Хосенің жағдайды түзетіп, король мен сыған қызының қайта кездесулерін ұйымдастырмақ болған әрекетінен түк шықпайды. Мұны бәрін сезіп қалған дон Сезар арандатушы бірінші министрді өлтіріп, өзінің заңды жұбайымен қосылады. Ал монарх өзінің масқарасын шығармағанына разылық ретінде дон Сезарға Валенсияның губернаторы болуды ұсынады. Бірақ өзінің көңіліндегідей жар тауып, бақыттан басы айналып жүрген сері жігіт байлық пен даңқтан бас тартып, сүйгенімен қала бергенді жөн санайды. Кейіпкерлердің арасында өрбитін осындай небір шиеленісті оқиғаларға толы қойылымдағы желілер өз көрерменін әсте бей-жай қалдыра қоймайды. Спектакльдің идеясы айтар ойы махаббатқа адалдық, сүйіспеншілік тақырыбы, «махаббат» атты ұлы сезімнің дәреже таңдамайтынын аңғарту болып табылады. Мұны режиссер француздардың «проблемасыз комедия» деген ұғымы ауанында жеткізуге ұмтылады. Ондай комедиялардың әдібі негізінен астарлы дүниелермен өріледі. Біз сөз етіп отырған спектакльде бұл әдіс те бар. Жалпы, Әубәкір Рахимов – өте білімді, үнемі ізденіс үстіндегі режиссер. Оның сахнаны көркемдеуге деген талғампаздығы қойылымның сценографиясынан да көрініп тұрды. Сол сияқты спектакльді қою барысында шығармашылық топтағы суретшіге, сахна сайысын дайындаушыға талап қоя білетіні анық аңғарылды. Оның сценографияда итальянның дель арте комедияларының маскалары арқылы жасаған көріністері шынында да оқиға желісін аша түсетін ұтымды шешім болып шыққан. Осы орайда спектакльдің көркем сценографиясын жасаған қоюшы-суретші Ерлан Тұяқовтың орта ғасырлардағы испан қалаларын көз алдына әкелу үшін зор еңбек сіңіргенін де айта кеткеніміз ләзім.

Енді актерлер жөнінде бірер сөз. Режиссер спектакльге негізінен театрдың жас буын өкілдерін тартыпты. Дегенмен, араларында сақа атанып қалған тарландар да баршылық. Актер Ғалымбек Оспановтың ойнауындағы ақсүйек дон Сезар де Базан серілікпен жүріп, әкеден қалған бай мұрадан құр қалса да, махаббатына адал болып көрінеді. Орындаушының пластикасы өте жақсы, қалай жұмбаздаса, солай иіліп салады. Оның қылыштасатын сахнасы да актер шеберлігін танытады. Алайда, образды ашуда ұшқалақтығы мен тым әсірелеушілігі басым болып кеткен. Қойылымдағы орны бөлек Маритананың бейнесін сомдаған Ботагөз Жақыпбекованың да бір қайнауы ішінде жатқан тұстары бар. Ол төңірегіндегі жұртты иіріп те, үйіріп те әкететін қызуқанды сыған қызының тұлғасын ақырына дейін бере алмаған. Образ біз күткеннен бәсең шыққан. Алғашқы көріністен-ақ көзге түсетін бойжеткеннің: «Маған Мадридтіңең лауазымды адамдары көңіл бөле бастады, олар тіпті кемелерін тоқтатып қойып, менің әнімді тыңдайтын болды», деуінде астамшылықпен қоса, өзіне деген сенім де бар еді. Бұл Маританың шын болмыс-бітімін байқататын. Бірақ осы өрлік негізінен сөз жүзінен аса алмаған. Бұдан әрі, Хосе де Сентерамның арқасында графиньяға айналған көшенің кешегі биші қызының өзін торға қамалған тотыдай сезінбей, ақсүйектердің өміріне тез бейімделе салуы пьесадағы Маританадан алшақ. Бұған қарағанда, маркиз де Монтефиоренің образын жасаған актер Бекжан Тұрыстың ойыны барынша шынайы көрінді. Оның күлкі туғызатын сахналары жиі кездеседі. «Соқыр тауыққа бәрі бидай, отырайық та күтейік» дейтін маркиз дон Хосе де Сантаремнің бір сөзінен де шыға алмауы арқылы өзінің жағымпаз, жылпос, бір басының қамын күйттеуші әлсіз адам екеніне біздің көзімізді жеткізе түседі. Талантты актердің орындауында оның тұлғасы өте жақсы ашылған. Осындай бірен-саран түйткілдеріне қарамастан, премьера сәтті қойылған деп сеніммен айта аламыз. «Көш жүре келе түзелетінін» ескерсек, спектакльдің әлі де ширыға түсетініне сенгіміз бар. Бір сөзбен айтқанда, премьера қазақ сахнасына тағы бір жақсы жаңалық болып қосылып отыр. Жаңагүл Сұлтанова, театртанушы. АЛМАТЫ.