• RUB:
    4.95
  • USD:
    527.3
  • EUR:
    544.86
Басты сайтқа өту
Парламент 06 Қаңтар, 2025

Анаркөлге 15 су өткізу құрылғысы орнатылады

40 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева Аршалы ауданы Анар ауылында Анаркөл көлінің бөгетін қайта жаңғырту жұмысымен танысты, деп жазады Egemen.kz.

Анаркөл көлі ауылдық округтің мыңнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Өткен ғасырдың ортасында салынған  ауыл мен көл арасындағы бөгет әбден ескірген. Оның ұзындығы 1300 метрді құрайды. Ауыл тұрғындарын тасқын судан қорғауға қауқарсыз. Осыған байланысты былтыр қайта жаңғырту жұмысы басталып, бүгінге дейін  айналма каналдың бір бөлігі тазартылды. Бөгет қабырғасы нығайтылып, 6 метрге дейін кеңейтілді. Ондаған техника жұмылдырылып, қиыршық тас пен сазды топырақты қоса алғанда, 21 мың тоннадан астам құрылыс материалы жеткізілген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, былтыр жойқын су тасқыны болды. Зардап шеккендер қатарында Аршалы ауданы да бар. Сондықтан алдағы көктемге дайын болуымыз керек. Мәжілісте жаңа Су кодексінің жобасы қаралуда. Мемлекет 2030 жылға дейін 40-тан астам жаңа су қоймасын салу және ел аумағында жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын жөндеу бағытында жұмыс жүргізуде», деді Наталья Дементьева.

Жалпы 2025 жылы Анаркөл көлі бөгетінің төменгі бөлігінде 15 су өткізу құрылғысын орнату жоспарланған. Олар көлдің толуына және қорғаныс бөгетінің шайылып кетуіне жол бермейді. Жұмыс «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр және партияның ерекше бақылауында.

Депутат одан әрі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.