Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода бүгін Петропавл қаласы Ойқала шағын ауданындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Былтыр алапат су тасқыны салдарынан облыста 4 мыңнан астам тұрғын үй, 45 кәсіпкерлік нысан, 42 автожол учаскесі зақымданғаны мәлім.
Қазір өңірде 8 бөгет қалпына келтіріліп жатыр.
Соның бірі Ущев көшесіндегі бөгетте Мәжіліс депутаттары болып қайтты. 1960 жылы пайдалануға берілген Ущев көшесіндегі нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда елеулі рөл атқарады.
Бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін, ал ұзындығы 300 метрге дейін ұлғайтылған. Бүгінде нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілген. Бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүргізіліп жатыр.
«Бұл шаралардың барлығы өткен жылғы жағдайдың алдын-алу үшін қолға алынып жатыр. Былтыр тасқыннан көптеген адам зардап шегіп, орасан материалдық шығындар орын алды. Биыл бұған жол берілмейді деп сенеміз. Осы орайда бөгетті қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанына куә болып отырмыз. Ең бастысы құрылыс жұмысының сапалы әрі уақытында аяқталуы», деді депутат Еркебұлан Мәмбетов.
Жобаның жалпы құны 851 миллион теңгені құрайды. Заманауи технология мен сапалы материалдар қолданылып жатыр. Ол бөгеттің ұзақ мерзік қызмет етуіне септігін тигізеді. Жұмыстың сапалы орындалуы «AMANAT» партиясының ерекше бақылауында болады.