• RUB:
    5.12
  • USD:
    524.75
  • EUR:
    540.6
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 09:30

Жаңа терминал ашылды

30 рет
көрсетілді

Шымкент әуежайында жаңа терминал іске қосылды. Бұл шаһардың әуе қақпасының мүмкіндігін анағұрлым арттыра түспек. Инфрақұрылымдық жаңғырту бағытындағы ауқым­ды жоба сөзсіз қала өміріндегі айшықты оқиға болып тұр.

Құрылысы біраз уақытқа созылған терминалдың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, «SCAT» әуе ком­паниясы» АҚ президенті Вла­димир Денисов қатысты. Ша­һар басшысы мен әуе компания президенті терминал зал­да­рын аралап, жаңа кешен­нің мүм­кіндіктерімен таныс­ты. Со­нымен бірге салтанатты ашы­лу мерекесі аясында Астана – Шымкент бағытындағы алғашқы рейсті қарсы алу мен рейсті шығарып салу іс-шарасы ұйымдастырылды. Құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі әуежай­дың кеңеюі мегаполистің тран­зит­тік күш-қуатының артуына үлкен үлес қосатынын жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық мәні айрықша екенін атап өткен болатын. Сон­дықтан жаңа терминал қала экономикасына үлес қосып, тран­зиттік әлеуетімізді күшейте­тініне сенім мол. Бүгінгі заманда теміржол, автомобильмен бірге әуе тасымалы саласын да қоса дамытудың мәні зор. Жолаушы, жүк тасымалының маңызды үлесін осы күнде әуе рейстері құрайтынын ескерсек, жаңа терминалдың бой көтеруі әуежай инфрақұрылымын жаңа деңгейге шығарған айрықша жоба деп есептеу керек. Енді қала әуежайының өткізу қабі­леті бірнеше есе өсіп, тұ­тас­тай алғанда мегаполистің әлеу­меттік-экономикалық өрлеуіне оң септігін тигізеді», деді қала әкімі Ғ.Сыздықбеков.

Сондай-ақ құттықтау сөзінде шаһар басшысы осы жобаны жүзеге асырған инвесторларға, ауқымды құрылыста күндіз-түні тер төккен инженерлерден бастап қарапайым құрылысшы азаматтарға алғысын жеткізді.

Ауданы 40 мың шаршы метр болатын заманауи кешен саға­тына 2 000 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Ресми мәлі­метке сүйенек, жаңа терминал құрылысына 24 млрд теңге қаржы жұмсалды. Нәтижесінде, барлық халықаралық стандарт­қа сай келетін, заманауи, жай­лы әрі технологиялық мүмкін­дік­тері қарастырылған инфрақұ­рылым­дық жаңа нысан бой көтерді.

Мамандардың айтуынша, тер­минал жолаушылар ағы­ны мен ұшу географиясын артты­руға, сондай-ақ қосымша 700 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал қала тұр­ғын­дары мен қонақтары заманауи талапқа сай қолайлы әрі жылдам сервистік қызметке қол жеткізбек. Сол себепті терминал құрылысын Шымкенттің инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы басты жетістігі деп бағаласақ болады.

Алғашқы кезеңде терминалда «SCAT» әуе компаниясының күндізгі ішкі рейстері ұйымдас­тырылса, жақын арада оған «Air Astana» мен «Fly Arystan» әуе компанияларының рейстері де қосылады. Сондай-ақ халық­аралық әуе тасымалдаушылар­мен тарифтік саясат пен ынты­мақтастық мәселелеріне қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Халықаралық сектор мен тран­зиттік аймақты ашу – жұмыс­тары келесі жылдың еншісінде тұрған маңызды жоспар.

Жаңа терминалдың іске қосы­луы бірінші кезекте көр­ші­лес елдермен байланыс­ты жақсарта түсері анық. Екінші­ден, Франция, Германия, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Мысыр, Вьет­нам, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттермен де әуе қатынасын кеңейтуге үлкен мүмкіндіктер сыйлайды.

 

ШЫМКЕНТ