АСТАНА.1 мамыр. Беларусьтің Belavia әуе компаниясы Алматы мен Минск арасына қатынайтын тұрақты әуе рейсін іске қосты. Енді екі қала ортасында «Боинг» ұшағы жолаушылар тасымалдайтын болады. Бұл туралы bonus-travel.by хабарлады.
Аталған жаңа рейстің бір артықшылығы, жолда жанармай құю үшін өзге аэропорттарға тоқтамайды.
Belavia әуе компаниясы басшысының орынбасары Игорь Чергинец: «Бұл бағыттағы әуе тасымалы көптен бері халықтың сұранысына ие еді. Жалпы, біз Алматы-Минск бағытындағы әуе кемесі жолаушыларға сапалы қызмет көрсететініне сенімдіміз. Әзірге әуе қатынасы аптаның екі күнінде ғана жолаушылар тасымалдайтын болады»,–дейді.
Ал Қазақстанның Беларусьтегі төтенше және өкілетті елшісі Ерғали Бөлегенов: «Әуе қатынасы екі ел үшін өте маңызды рөл атқарады. Қазақстан мен Беларусьтің арасындағы тауар айналымы 1 млрд. доллар. Бұл – әрине аз. Сондықтан да, біз осы әуе қатынасы арқылы тауар айналымын ұлғайтуды көздеп отырмыз. Алдағы уақытта Алматыға аталған елдің туристерін көптеп тартуды қолға аламыз», – деді.
Айта кетейік, осы жылдың жазынан бастап Belavia әуе компаниясы Қазақстанның – Астана, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Алматы қалаларына тұрақты түрде қатынайтын әуе рейстерін іске қосатын болады.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: bonus-travel.by.