• RUB:
    5.16
  • USD:
    526.81
  • EUR:
    542.72
Басты сайтқа өту
Саясат Кеше

Еңбек ұжымдарымен кездесті

29 рет
көрсетілді

Аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп жүрген Мәжіліс депутаттары Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан, Атырау, Алматы облыстарында болып, еңбек ұжымдарының, өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек Жетісу облысына жұмыс сапары барысында Көксу ауданындағы «Строитель» кірпіш-керамзит зауытының жұмысы­мен тынысып, еңбек ұжымымен кездесті. Серіктестіктің бас директоры Александр Бузыкин зауыттың автономды режімде жұмыс істеп, жылына 44 млн дана кірпіш шығаратынын айтты.

– Сіздер мемлекетіміздің дамуы жолында үлкен жұмыс атқарып келе­сіздер. Осы жерде айтылған мәселе­­лердің барлығын тиісті мекемелерге жеткіземіз, – деді Р.Қожасбаев.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Болат Керімбек кәсіпорын өз өнімдерімен Жетісу өңірін ғана емес, Қазақстан нарығын да қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.

«Amanat» партиясы фракциясының депутаттары Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесов Түркістан облысында болып, Сарыағаш ауданындағы кәсіпкерлік нысандарды аралады. Сондай-ақ аудан жұртшылығымен кездесті. Мәжіліс депутаттары ең әуелі өңірдегі «Agrotur» шаруа қожалығы жылыжайының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 4 гектар жерде көптеген бақша өнімі өсіріледі. Кәсіпкерлер депутаттарға тұқымбақ шаруашылықтарын субсидиялау, жылыжайларды көмірмен қамтама­сыз етуде туындайтын проблемаларға қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Орал қаласы Дерқұл ауылындағы «Жайлы мектеп» республикалық жобасы аясында салынған №51 жалпы білім беретін мектептің жұмысымен танысты. №51 орта мектеп директоры Жақсығали Жұмабайдың айтуынша, оқушылар көп болғандықтан сабақ үш ауысымда жүргізілетін №49 орта мектептің оқушылары осында ауыстырылған. Бүгінде 1 200-ден аса бала жаңа, жайлы мектепте білім алып жатыр.

– Мемлекет басшысы жуырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында айтқандай, алдағы уақытта республика бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Депутаттар бұл құрылыстың сапалы әрі уақтылы жүргізілуін ерекше назарда ұстайды, – деді С.Имашева.

Мәжілісмендер Әділ Жұбанов пен Дүйсенбай Тұрғанов Атырау облысы Жылыой ауданына сапары барысында Жем өзені мен Құрсай өзектерінің түбін тереңдету жобасының орындалу барысымен танысты.

Сапар аясында депутаттар жер­гілікті тұрғындармен кездесіп, олар­дың тұрмыс-тіршілігін, өңірдегі эко­ло­гиялық жағдайды және атқары­лып жатқан жұмыстарды талқылады. Азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, Парламентте қабылданып жатқан заңдар туралы пікір алмасты.

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков Алматы облысына сапары аясында Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасына барды. Депутат арнайы мақсаттағы мобиль­ді іс-қимыл бөлімінің жұмысы­мен танысып, оқу орталығы мен оқу-өндірістік зертхананы аралады. Ұжыммен әскери қызметшілерді даярлау, «Қарасай» ӨБ инженерлік-желілік инфрақұрылымының қызметін талқылады.

– Мемлекет жасанды интеллектіні, техниканың соңғы жетістіктері – сапалы жабдықтарды, арнайы датчиктерді пайдалана отырып, шекарада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс. Әрине, тұрмыстық мәселелерді де шешу қажет. Шекарада сапалы және қауіпсіз қызмет атқару үшін барлық жағдай болуы керек, – деді О.Құспеков.

Ал Мәжілістегі «Ақ жол» фракция­сының депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Депутат руханиятты қолдауға бағытталған бірқатар бастамаға тоқталды. Соның ішінде жуырда ғана Мәжілісте қабылдан­ған Түркістан қаласына ерекше мәр­тебе беру туралы заң қалаға ерекше мәртебе беріп қана қоймай, қаланың қарыштап дамуына, өңірге қомақты инвестиция тартуға, мәдени-рухани құндылықтарды сақтап қалуға зор септігін тигізетінін атап өтті.

Өз кезегінде «Turkistan Media Holding» басқарушы директоры Тельман Бейсен тарихи орындар саналатын «Қызқорған», «Балақорған» қамалдарын мемлекеттік қорғауға алуды ұсынды. Осы киелі жерлерге баратын жолды жөндеп, туристерге қолайлы жағдай жасауға шақырды. 

Соңғы жаңалықтар