Әдетте тұтынушылар кәсіпкер ұсынған қызмет сапасына көңілі толмаса жылы жауып қоя салады. Мұндайда тұрғындар құқығы бұзылғанын білмейді немесе тұтынушылардың құқығын қорғайтын комитет барынан бейхабар. Дегенмен статистикалық деректерге үңілсек, тұтынушылардың құқықтық сауаты жылдан-жылға артып келе жатқанын байқаймыз.
2020 жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 21 мың өтініш түссе, 2023 жылы өтініш саны 50 мыңға дейін көбейген. Былтыр қабылданған өтініштердің саны 56 мыңнан асады. Айналдырған 4 жылдың ішінде өтініштер екі есе көбейген. Шағымдардың өскені салалық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарда да байқалыпты. Егер 2021 жылы 44,8 мың өтініш қаралса, өткен жылы 115 мыңнан астам өтініш түскен. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерге түсіретін шағымдары да көбейген. Шағымдар бөлшек саудада (21 700 шағым), тұрмыстық қызметтерде (5 мыңнан астам шағым) көп тіркелген. Қаржы қызметтерін көрсету, білім беру, ұялы байланыс қызметтері, туристік қызметтер сияқты салаларға қатысты да шағым көп. Шағымның көбеюі тұтынушылардың құқықтық сауаты артып келе жатқанын ғана емес, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында күрделі мәселелердің барын да ұқтырады.
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Танабергенов баспасөз конференциясында мұның жай-жапсарын жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, тұтынушы құқықтарын қорғаудың тиімді құралын әзірлеуде мемлекеттің, бизнестің, тұтынушылардың бірлесіп әрекет еткені абзал. Комитет тұтынушылық көңіл күй динамикасын сауалнамалар арқылы бақылауға тырысады.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне зер салсақ, азаматтар көлік қызметтері саласында кестені бұзу, жұмыскерлердің шамадан тыс жүктелуі, дөрекілік, санитарлық нормаларға сәйкес келмеу жағдайларына наразылық білдірген. Респонденттердің 64%-ы теміржол көлігі, 71%-ы автомобиль көлігі қызметтеріне қанағаттанбаған. Туризм саласында тұтынушылардың пайдаланылмаған турларға қаражатты қайтарудан бас тарту, шарттардың сәйкес келмеуі, жаңылыстыру, өз тамағын демалыс аймақтарына әкелуге тыйым салу сынды ережелерге көңілі толмаған. Медициналық қызмет көрсету саласында қызметкерлердің қабілетсіздігі мен дөрекілігі, санитарлық нормаларды сақтамайтыны көрсетілген», деді Б.Танабергенов.
Әлеуметтік зерттеулер қаржылық (банктік), интернет-провайдерлер қызметтер көрсету саласында да мәселелер барын көрсетеді. Өңір бөлінісінде Қостанай, Қарағанды, Атырау, Жетісу облыстарында автомобиль көлігі қызметтеріне наразылық білдіргендер көп. Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстары тұрғындарының бір бөлігі туристік қызметке наразы. «Медициналық қызметтерге қанағаттанбаған» деген жауап нұсқасын Ақтөбе, Ақмола, Абай, Ұлытау облыстарының тұрғындары жиі таңдапты.
«Тұтынушыларды алаңдататын мәселелер жыл сайын қайталанады. Осыған байланысты барлық мүдделі мемлекеттік орган аталған салаларда тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау төңірегінде теріс үрдісті болдырмау жөнінде жедел, пәрменді шаралар қабылдап, жұмыстағы кемшіліктерді жоюға қатысты іс-шаралар әзірлеуі қажет. Сонымен қоса, тұтынушылардың құқығын кешенді қорғау барысында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның базалық қағидаттарын насихаттау қажет», дейді Б.Танабергенов.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықты қорғау, отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі шараларды іске асырып келеді. Қоғамдық бақылау құралын іске асыру арқылы тұтынушылардың құқықтарын сапасыз өнімдерден қорғауға бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы қолға алынған. Жоба аясында барлық өңірде қоғамдық ұйымдар 2 мыңнан астам өнім атауын іріктеген. Оның ішінде 1423 түрі, 71%-ына қатысты бұзушылықтар анықталған.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Мемлекет басшысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде міндет қойды. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында, сондай-ақ азаматтардың келіп түскен өтініштерін, қоғамдық институттардың пікірлері мен ұсыныстарын, әлеуметтанулық зерттеудің теріс көрсеткіштерін талдау мен мониторинг нәтижелерін назарға ала отырып, Министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді, жан-жақты жүйесін құруға бағытталған заң жобаларын әзірледі. Өткен жылғы қыркүйекте заң жобаларын Парламент Мәжілісінің депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Ұсынылған заң жобасында электронды сауда нарығына қатысты да талаптар бар.
– Электрондық сауда нарығында отандық та, шетелдік те компаниялар жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша тұтынушылардан түскен 56 мың өтініштің шамамен 13 мыңы (23%) электрондық саудаға қатысты болды. Тұтынушылар негізінен тауар мен сатушы туралы ақпараттың жоқтығына шағымданады. Ұсынылған тауардың сипаттамаға сәйкес келмеуі, интернет-сайттардың тауар мен ақшаны қайтарудан бас тартуы сынды мәселелер бар. Бұл жөнінде электронды пошта, Whatsapp чаттары, оның ішінде Wildberries, Каспи, OZON өкілдерімен өзара іс-қимылдың жедел арналары құрылды», – деп түйіндеді Б.Танабергенов.
Қолданыстағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның шеңберінде офлайн сатушыға қойылатын талаптар онлайн сатушыларға да қолданылады. Дегенмен, екі тараптағы сатушылар да әркез талап-ережелерді қатаң сақтай бермейді. Сөзімізге жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтер дәлел. Электрондық алаңдарда сауда жасайтын сатушылар да заңды жиі бұзады. Сол себепті де заң жобасында электронды сауда алаңдарының иелерін «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңнама талаптарын сақтауы жөнінде шарттар жасасуға міндеттеу ұсынылыпты. Яғни заң қабылданса, талаптарды орындамаған сатушы электрондық платформада сауда жасау мүмкіндігінен айырылуы әбден мүмкін.