• RUB:
    5.16
  • USD:
    526.81
  • EUR:
    542.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

Заң мен тәртіптің алдыңғы шебіндегі Ұлттық ұлан

65 рет
көрсетілді

Әділетті Қазақстанды құру жолында заң мен тәртіп үстемдігін тұғырына қондыру – Ұлттық ұлан алдында тұрған басты міндет. Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік сақшылары 10 қаңтар күні кәсіби мерекелерін атап өтті. Атаулы күнге орай біз Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабековті әңгімеге тартқан едік.

– Аңсаған Скендерұлы, сұхба­­ты­мызды құқықтық тәртіп әске­рі­нің тарихына шолу жасау­дан бас­тасақ...

– Тәуелсіз еліміздің құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасуы 1992 жылдың 10 қаңтарындағы Президенттің Ішкі әскерлерді құру туралы Жарлығынан бастау алады. Сол жылы 23 маусымда «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министр­лігінің Ішкі әскерлері туралы» заң қабылданды. Бұл аяғын тәй басқан әскери құрылым үшін қиын кезең еді. Өйткені жас мемлекетте халықтың, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, әскерді жан-жақты жабдықтау мен кадрды сақтауда күрделі мәселелер туындады. Алайда соған қарамастан, Ішкі әскерлер өзіне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндетті ойдағыдай орындап шықты.

Құрылу мен даму жылдарында аға буын өкілдері қол жеткізген жетістіктер көп. 1997 жылы Петропавлда Ішкі әскерлер жоғары әскери училищесінің ашылуы – маңызды оқиғаның бірі. Бұл кадрлық тапшылықты шешудегі алғашқы қадам болды және соның арқасында төл әскері­мізді офицерлік кадрмен өзіміз қамтамасыз ете бастадық. Сондай-ақ 1993-1999 жылдары Ішкі әскер­лер құрама ротасының тәжік-ауған шекарасында үкіметтік тапсыр­­маны орындауын да айтуға болады.

«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерін құру мен оларды Ішкі әскерлер бригадаларының құрамына енгізу, сондай-ақ жоғары әскери училищенің мәртебесін Әскери институт ретінде қайта құру шешімдері де – әскер тарихындағы назар аударарлық кезеңдер. 2010 жылы Ұлттық қорғаныс университетінде Ішкі әскерлер факультеті құрылды. Ал 2013 жылы әскерді басқару­дың бригадалық жүйесі өңірлік басқару жүйесіне ауыстырылып, сәйкесінше «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылды.

2014 жылы Ішкі әскер­лердің атауы «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ұлттық ұланы» болып өзгеріп, 2015 жылғы 10 қаңтарда «Ұлттық ұлан туралы» заң қа­былданды. Осы сәттен әскерді дамытудың жаңа кезеңі бас­талды: Шымкент, Қызылорда, Жаңаөзен, Астана, Өскемен қалаларында қосымша әскери бөлімдер құрылды. Мұн­дай оң өзгеріс еліміздің барлық өңірінде төтенше жағдайда тосыннан туындайтын міндеттерді орындауға Ұлттық ұланның дер кезінде көмекке келуіне мүмкіндік берді.

– Құқықтық тәртіп әс­ке­рі ­техникамен және қару-жарақпен то­лық­тай қам­та­ма­сыз етілген бе?

– Ұлттық ұланды заманауи қару-жарақпен, техникамен және материалдық-тех­никалық құралдармен жарақ­тандыру жұмысы кезең-кезе­ңімен жүргізіліп жатыр. Мәсе­лен, 2013-2024 жылдар ара­­лығында авиациялық парк толық жаңартылып, жаңа Ми-171 тік­ұшақтарымен, Ан-74 және Y-8 ұшақ­тарының соңғы үлгілерімен толықты. Әскер құрылған күннен бастап авиацияның ұшу құрамы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 70 мыңнан аса ұшуды жүзеге асырды. Сондай-ақ Тәжікстанға, Сирияға, Түркияға, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету міндеттерін орындады. Бұған қоса «КамАЗ», «Урал», «Тигр» сынды жол талғамайтын көліктермен, артиллериялық-зениттік бөлімшелер минометтермен, артиллериялық-зениттік зеңбіректермен және басқа да қару-жарақпен жарақтандырылды.

Тағы бір айтып өтер жайт – байланыс құралдары аналогтік жүйеден цифрлық форматқа толықтай көшірілді. Командалық-штаб­тық машиналар мен кешенді аппараттық байланыстар жаңар­тыл­ды. Ақпарат алмасудың заманауи жүйелері әлі де енгізіліп жатыр.

–  «Кадр бәрін шешеді» дейтін сөз бар. Ұлттық ұлан сапында өз ісіне берілген білікті де сауатты маман жеткілікті ме? Жалпы, жастарымыздың әскерде қызмет етуге құлшынысы қалай?

– Қатарымыз үнемі толығу үстін­де. Әскери салада қызмет еткісі келетін жастарымыз аз емес. Ұлт­тық ұлан академиясында бүгінгі таңда «бакалавриаттың» сегіз маман­дығы және магистра­тураның бір мамандығы бойынша білім беріліп келеді. Құрылған сәттен бастап 4 мыңнан аса офицер дайындалды. Бұл оқу орнында өз азаматтарымызбен қоса, халықаралық шарттарға сәйкес Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасынан келген жастар да білім алады. Сонымен қатар Ұлттық қорғаныс университетінде «академиялық білімі» бар 328 офицер даярланды.

– 2024 жылы еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тас­қы­нын бастан кешірді. Оның сал­дарын жойып, адамдарды құт­қа­руға ұландық сарбаздар да атса­л­ы­с­қанын білеміз...

– Шынында, ел басына күн туғанда халқымыздың бірлігі мен татулығының арқасында апаттың салдарын еңсергенімізді ерекше айтқан жөн. Құтқарушылар мен әскерилердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында бұл қиындықты да ел болып еңсере білдік. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық ұлан авиабазасының ашылуында жеке құрамға арнаған сөзінде айтқан еді.

Біздің ұшқыштарымыз су басқан аудандардан адамдарды эвакуациялап, шалғайдағы жұртқа гуманитарлық көмектер жеткізді. 3 мыңнан аса әскери қызметші, 160-тан аса автокөлік пен арнайы техника, 7 әуе көлігі су тасқыны салдарын жоюға жұмылдырыл­ды. Ұландықтардың көмегімен 4 мыңнан аса адам, 600 тонна жүк және 130 тонна гуманитарлық көмек тасымалданды. Мемлекет басшысының Жарлығымен адамдарды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бірқатар полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскерилері мемлекеттік наградамен марапатталды. Оның ішінде Оралдағы бөгет бұзылған кезде суға кеткен қарт адамды құтқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған ефрейтор Нұрбол Асқап та бар.

– Бүгінде қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін орнатуға басымдық беріліп келеді. Бұл тұрғыда Ұлттық ұланға қандай жауапкершілік жүктеліп отыр?

– Иә, өзіңіз айтқандай, заң мен тәртіпті орнатуда біз – алдыңғы шепте жүргендердің біріміз. Нақты мысал­дарға жүгінсем, былтыр полиция қызметкерлерімен бірлесіп 3 800 қыз­меттік-жауынгерлік міндет орындалды, нәтижесінде 19 ұйым­дасқан қылмыстық топтың жолы кесі­ліп, 800-ден аса қылмыскер ұстал­ды. 230-ден аса қару-жарақ, 6,5 мың оқ-дәрі, 10 жарылғыш құрыл­ғы, 9 тонна­дан аса есірткі заттары тәр­кі­ленді.

Қазіргі таңда есірткі қылмыс­та­ры мен заңсыз айналымы қоғамды алаңдатып тұрғанын білеміз. Бұл жайында Президентіміз де жиі айтып келеді. Ұландық сарбаздар «Қарасора» іс-шараларын өткізу шеңберінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызмет­кер­лермен бірлесіп, заңсыз өсіріл­ген 19 қарасора егістігін анықтаған еді. Ол жерде құрамында 15 мың­нан аса өсімдік тектес есірткі бар бұта­лар тәркіленді.

Патрульдік-бекеттік қызмет барысында 15 мыңнан аса құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілгенін де тілге тиек етейін. Айдауылдау бөлімшелері 9 теміржол және 23 автожол бағыты бойынша қарауылдық қызмет атқарды. Сондай-ақ 29 сот отырысында қауіпсіздікті қамтамасыз етті.

– Цифрландыру үрдісі өмірге аяқ басқан сайын қоғамның бар­лық саласын заманға сай дамыту, соның ішінде әскери саланы жаңа технологиялармен қам­та­масыз ету өзектілігі артып келеді. Осы орайда кейінгі жыл­дары орын алып жатқан соғы­с іс-қимылдары ұшқышсыз авиа­ция­лық жүйелердің тиімділігін көр­сетіп отыр. Ұлттық ұланда бұл бағытты игеруде қандай өзге­ріс бар?

– Ұзақ қашықтыққа ұшуы мен нақты уақыт режімінде тапсырманы орындау тұрғысынан дрондар қазіргі заманғы жауынгерлік қызметті жүргізудің маңызды да тиімді құралына айналып отырғаны рас. Осыған орай Ұлттық ұланда ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған күнтізбелік жоспары бекітілді. Оны іске асыру үшін биыл бейінді оқу орнында ұшқышсыз ұшу аппараттары циклі енгізілді. Елордалық құрама мен оқу бригадаларында дрон аппараттарын қолдануды үйрету бойынша тиісті лауазымдар пайда болды. Ұлттық ұлан академиясында ұшқышсыз жүйелерді дамыту шеңберінде жаңа оқу жылында дрондарды пай­далануды ұйымдастыруға қа­тысты пәндерді зерделеуге кірістік. Келешекте әскери бөлімдерде дрон бөлімшелері құрылмақ.

Сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық аясында арнайы мақсаттағы бөлімшелердің әскери қызметшілері Қытайда, Ресейде, Түркияда және Мысырда біліктілікті арттырудың 9 түрлі курсынан, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау курстарынан өтті.

Басқару мен ақпарат алмасу пункттерінің ақпараттық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскердің байланыс арналарын отандық өндірістің арнайы жабдықтарымен шифр­лау жұмыстары аяқталды. Жеке орна­ласқан бөлімшелердің байланыс арналарын жабу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Кейінгі кездері әскердегі әлім­­жеттік мәселесі жиі көте­рі­ліп жүр. Ұлттық ұланның әске­ри бө­лім­дерінде заңдылық пен тәр­тіп барысы қалай сақта­лы­на­ды?

– Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да өзінің халыққа Жолдауында айта келе: «Әскердегі заңдылық пен тәртіпті сақтау – басты міндет», деді. Ата-аналар бізге ұлдарын сеніп тапсырады және біз олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауаптымыз. Біздің міндетіміз – оларға әскери қызметін алаңсыз өтуі үшін барлық жағдайды жасап, аман-есен үйіне қайтару. Сондықтан мерзімді әскери қыз­меттегі сарбаздардың ден­саулығы, тамақтану жағ­дайы мен қауіпсіз қызмет өтке­ру мәселелері – менің жеке бақы­лауымда. Әрбір командир қол­бас­шыға дейін қол астындағы сар­баз­дардың қауіп­сіздігі, өмірі мен денсаулығы, бөлімдегі тәртіп, сондай-ақ кез келген жағымсыз оқиғалар үшін тікелей жауапты.

Ұлттық ұлан әрдайым қоғам үшін ашық. Сарбаздар әскерге келген күннен бастап командирлер олардың ата-аналарына қызмет өткеру жағдайлары туралы тәптіштеп түсіндіреді, ашық есік күндері ұйымдастырылады. Олардың құқықтары бұзылған жағдайда ата-аналары әрқашан әлеуметтік желілер, сенім телефондары, Ұлттық ұланның ресми сайты арқылы хабарласып, бірден жауап алуға мүмкіндіктері бар.

Әскерилердің тамақтану мәсе­ле­сіне айрықша назар аударылады. Кейінгі жылдары «Саламатты тамақтану – әскерлердің жауын­гер­лік қабілеттілігінің негізі» ұра­ны­мен сарбаз асханаларында ұлттық тағам­дарды дайындауға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Мерзімді әскери қызметтегі сар­баз­дарға жасалып жатқан жағдай­дың бәрін бір сұхбаттың ішінде тізіп шығу мүмкін емес. Айтайын дегеніміз, әскерге бару – қорқатын нәрсе емес. Мұнда да тәртіп пен заң жұмыс істейді. Бұған қоса кейінгі жылдары мемлекет тарапынан әскери қызметтің беделін арттыру үшін сарбаздарға жасалып жатқан түрлі жеңілдіктерді де айтпай кете алмаймыз. Мәселен, мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде сарбаздың несиелік төлемдерін кейінге қалдыру, үлгілі қызмет өткергендерге жоғары оқу орындарында тегін білім алу гранттарын беру, т.б. Аталған жобалар іске қосылғалы бері Ұлттық ұланның 2,5 мыңнан аса сарбазына оқу гранты сертификаттары табыс­талды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар