• RUB:
    5.16
  • USD:
    526.81
  • EUR:
    542.72
Басты сайтқа өту
Өнер Кеше

Ауаға айтылған уәж

20 рет
көрсетілді

Әйел теңдігі тақырыбы қай кезде де өз маңызын жойған емес. Алаш ардақтыларының шығармаларында да тең­сіз­­­­­дік тауқыметін тартқан қазақ әйелдерінің типтік обра­­­зы мейлінше көбірек жасалды. Ал Міржақып Дулат­­­ұлы­­­­ның «Бақытсыз Жамал» романындағы бас кейіп­кер­­­дің бей­­­­не­­сі мен оның тағдыр тәлейін тартқан қасі­рет­­ке толы күн­дері кім-кімді болсын толғандырмай қой­ма­са керек.

Әр дәуірдің өзіне тән ақиқаты бар. Міржақып Дулат­ұлы туын­ды­сында қазақ ауы­лындағы оқи­ғалар сол уақыт­тың өзіне тән шын­дығымен әдіптеледі. Сол қо­ғам­дағы өмір сүру салтын сипат­­таған шығарманың әлеу­мет­­тік ма­ңызы орасан зор десек, қа­­те­­­лес­песпіз. Жиырмасыншы ға­сыр­дың ақиқатын арқалаған туын­дыдағы кейбір жағдайлар бү­гін­гі күнмен де үндесіп жат­қа­ны шындық. Содан да болса ке­­рек, Асқар Тоқпанов атындағы об­лыс­тық қазақ драма театры сах­­на­­сында «Бақытсыз Жамал» сахналанды.

Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма­ теа­трының режиссері Мейрам Хаби­буллин тарихи­ туын­дыны екі актілі траги-фарс­­ жанрында сах­налауға бел буып­ты. Жаңашыл маман сюжет желісін бас кейіп­кер Жамалдың тағдырымен сабақ­­­тастыра отырып, шешесі Шол­панның көкейіндегі траге­дияға да басымдық береді. Бір сөзбен айтқанда, «Бақыт­сыз Жамалды» қою арқылы режис­сер Шолпан образын терең­дете ашуға ден қойғаны да көңіл қуантады. Ескі танымның құрба­нына айналған оның Жамал­ға еркіндік беруге талпынған әре­кеті нәтижесіз шыққаны жү­рек­ке салмақ түсіреді. Сәрсен­байға жас­тайынан тоқал боп тиген оның трагедия­сын актриса Қымбат Жамаш ойда­ғы­дай алып шықты.

Екінші бөлімдегі уақыт өзге­рісімен келген молдадан хат тану кезінде Жамалдың зерек­ті­гін, білімге құмарлығын бай­қаймыз. Бірнеше айдың беде­рін­де қиссалар мен жырларды жатқа оқыған қыз өз тағды­ры­ның талауға түсетінін қай­дан білсін. 45 жасында сүйген сәбиін Сәрсенбай 45 минут ойлан­бас­тан құрбандыққа шалуы – бо­лыс­тыққа ұмтылуы. Сол баяғы ман­сап үшін жан далбасалау. Жағым­паздардың даурықпасына ден қой­ған Сәрсенбайдың ұшып-қон­­ған көңіл күйін режиссер кейіп­­керлер арасындағы диа­лог арқы­лы барынша айшық­тай түседі. Ал қойылым бары­сын­дағы дәрі­гер­лердің баяу әрекеті мен тез ғайып болуы қоғамдағы ащы ақиқатты үстемелей түседі.

Мансап жолындағы құрбан­дық – Жамал. Байжан арқылы бо­лыс­тыққа жол салғысы келген Сәрсенбай Жамалды саудаға са­лады. Дұрысы, Байжанның сот­қар баласы Жұманға беруге еш қарсылық көрсетпейді. Шол­­пан­ның наразылығы – ауаға айтылған уәж. Осылайша, қыз тағдыры көкпарға түседі. Санаға салмақ салып, көңілге кірбің түсіретіні де – осы. Жамал үшін қайғы мен қасірет уын жұтқызған күн­дер осылай бас­талады. Өйткені Сәр­сен­байды тоқтатар күш жоқ.

Жамалдың Ғалимен таныс­тығы, көргені мен түйгені көп жас жігіт­пен сөз байласып, сол кездегі сірес­кен «заңдылықты» бұзып, қай­ғылы шаңырақтан іргесін аулаққа салуы, яғни қашып кетуі ұзақ­қа созыл­ған жоқ. Қоғамның қар­сы­­лы­ғы мен қараңғылығы олар­дың ая­ғ­ына тұсау салды. Тағы да трагедия.

Театр сахнасында «тіл қат­қан» «Бақытсыз Жамалда» түрлі образ­­­­­­дың характер­лері тоғысты. Әри­не, оның әрқай­сысынан жеке тұл­ға жасау мүмкін емес. Ондай қа­дам­ға барудың қажеті де жоқ. Әйтсе де Жұман образының ар­қа­­ла­ған жүгі жеңіл емес. Көр­кем шығармадағы Жұман мен қо­йылымдағы образдың арасы алшақтау екенін аңғардық. Мұн­да­ғы Жұман өздігінше ой қорыта ала­ды, өз пікірін жеткізе біледі. Со­ны­­сымен бөлектенеді. Жас актер Азамат Тұраровтың осы образ­­ды алып шығу үшін күн-түн демей еңбектенгенін байқау – қиын емес. Оның «Жамал­ды Жұман өлтірді деп ой­лай­­сыздар ма?.. Сен­дер ғой мені мықты дей­т­ін» деген запы­ран­­ға толы зарлы сөз­­дері расында да Жамал­ды өлім­­ге итермелеген қараң­­ғы қо­ғам­­ның қасірет­ті қада­мы екенін ай­­шық­­­тай түскендей.

Траги-фарс жанрындағы қойы­лымның қоюшы-суретшісі Айге­рім Амангелдінің бұған дейін «Құсалық», «Мәңгілік бала бей­не» спектакльдерінде өзіндік қол­таңбасын көрсеткенін аңғар­ған­­быз. Қызыл түсті шымылдық, шын­­жырға байланған ару образы ар­қылы детальдарға өзінше мән бер­ген. Сол арқылы әйел тең­сіз­дігінің қандай қасіретке бас­­та­машы болатынын көр­сет­кен.

Тұтастай алғанда бір дәуірдің ақиқатын арқалаған драманы режиссер бүгінгі күннің тынысы­мен сабақтастыруға тырысқаны байқалады. Әйтсе де, қойылым бары­сында бір саундтректі бір­неше мәрте қоюдың қаншалықты қажет болғанын түсіне алмадық.

Қалай десек те, қыз тағдырын саудаға салған өткен ғасырдағы шығар­маның сахналық қойы­лы­мы көрерменді бейжай қал­дыр­мағаны анық. Өйткені әйел теңдігі мен оның құқығына қа­тыс­ты мәселелер қазіргі уақытта да өз маңызын жойған жоқ.

 

Тараз 

Соңғы жаңалықтар