• RUB:
    5.17
  • USD:
    528.52
  • EUR:
    539.14
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:05

Дарқан садақ

24 рет
көрсетілді

Орта ғасырда қазақ даласын көктей өтіп, шығысқа саяхат жасаған италиялық жиһангер Марко Поло көшпелілер арасында өткен мергендер сайысында 335 құлаш жердегі нысанаға сынға түсушілердің бәрі дәл тигізгенін жазады.

Сол сияқты, түрік сұлтаны ІV Мұ­­рад Газис 210 құлаш (1255 фут), ер­те­дегі грек мергені 282 құлаш (1692 фут) жерден нысана атып дәл ти­гіз­гені жайлы деректер бар. Бұл де­­рек­­терге назар аударсаңыз: да­ла көш­­пе­лі­лерінің басқа жұрттан қан­­­ша­­лықты жауынгер болғанын аңғарасыз.

Кеңестік этнограф, Орталық Азия халықтарының этнотұр­мы­сын терең зерт­теген С.Толстовтың жазбала­рында ертеде тұрандық­тар мем­лекеттік сайыста жамбыны атып түсірген мергенге патша бір күнге тағын босатып беретіні ­айтылады.

Фламанд саяхатшысы, мо­нах­ Гилем де Рубрук 1255 жылда­ры Қа­ра­қорам қаласында ұйым­­дас­тырылған мергендер сайы­сын­да адырнасын толық тарту үшін ­­70-80 кило қуат жұмсалатын тек аса күш­ті мергендер ғана тартатын «Дарқан садағы» туралы жазады. Атам қазақтың зор дүние­ні немесе биік адамды: «Дарқан дала» немесе «Дарқан адам» деп әспет­тейтіні, дәл осы ұлыстың символы болған үлкен садақпен астасып жатқан сияқты.

Мұндай садақ жалғыз болған. Оны ұлыстың рәмізі ретінде патша сарайында сақтаған. 1900 жылдары жазылып, 1940 жылдары жарық көрген моңғол нояны Набанлубы­сын Цеден Максаржабтың қолжазба ең­бегінде: «Ертеде мықты мергендер Дарқан садақпен 300 садақбойы (480 метр) жерге қойылған бағалы затты атып, тигізге алатын болған», дейді.

Оқырманға түсінікті болу үшін нақтырақ айтар болсақ: садақ біреу, оны тек мергендік қуаты зор садақшы ғана ата алады. Осы ауыр садақты мен деген мергендер кезектесіп (ондаған, жүздеген) атады. Оғын ең алысқа түсірген немесе арнаулы нысанаға дәл тигізген адам «Бас мерген» атанатын болған. Шын мәнінде, бұл тәсіл ел ішін­дегі мергендердің қуат-қарымын саралау үшін жүргізілген.