• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Пікір Кеше

Айқын жоспар, салмақты сөз

81 рет
көрсетілді

Тегінде Мемлекет басшысының жыл басы немесе тағы басқа жаңа оқиғалар, кезеңдер тұсында халыққа қаратып арнау сөз жариялауы үйреншікті жағдай дегенімізбен, оның қандай құрал арқылы жеткізілуі де дәл осы жолы ерекше маңызға ие болып тұр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ana tili» газетіне берген сұхбатында өзінің кең ауқымды, мазмұнды әңгімесін: «Бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады», деп аяқтағаны әрбіріміздің санамызға ой салары да хақ.

Мемлекет басшысы өз сұх­батында көптеген маңызды мә­се­лені екшей отырып, көптің кө­­ңілінде, тілдің ұшында, күн­де­лікті тұрмысымызда, көз алды­мыз­да өтіп жатқан бірталай құбы­лысқа тоқталды. Таяу, бола­шақ стратегиялық міндеттер айшық­тал­ды. Осыған байланысты сұхбат­тың бірнеше ерекшелігін атап өтсем деп едім.

Біріншіден, бұл сұхбат Пре­зи­денттің дәстүрлі жаңа жылдық құттықтауының айқара ашылған ауқымды жалғасы болып тұр. Екін­шіден, кейінгі жылдардың жасам­паздығы қорытылып, қандай табиғи апат, әлемдік дағдарыс сұрапылына төтеп беруге қабілетті мемлекет болғанымызға халықтың көзі жетіп, сенімі артып келе жатқаны көңіл көншітеді. Үшіншіден, жеткенімізге тоқмейілсу жоқ. Президент сөзімен айтсақ, «реформа – ұдайы жүретін үдеріс. Қоғамда нақты сұраныс болса – жаңа реформалар әзірленеді. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да береді».

Мемлекет басшысы меңзеген бастаманың бір «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы дер едім. Ол бұл идея ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтты. Бұл әр адамның санасына сәуле түсіретін сөздер. Тазалық пенденің жарық дүние есігін ашқанынан басталады. Адам асқа қолын жумай отырмайды. Сол сияқты ас дайындығының тазалы­ғы сақталмаса, денсаулыққа қауіп. Төсек орын тазалығы тіпті кірпияз. Киім кию тазалығы. Үй іші­нің, жұ­мыс орнының тазалы­ғы. Қысқасы, тазалықсыз өмір жоқ. Қазір осы акция барысында мыңдаған жас­, ерікті қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, игі бас­тамаға қолдау көр­се­тіп жүргені қуантады.

Дұрыс-ақ. Бірақ сол қоқыс, лас­тану қайдан шықты? Адамдардың жауапсыздығынан, надандығынан, ластығынан емес пе? Олар неге қолындағы қоқысты, темекі тұ­қы­­лын қалай болса солай кө­шеге тас­тай салады? Ластық – надан­дық­тың көрінісі. Қаттылау айтыл­са да шындығы – сол. Яғни тәр­бие мәселесін жолға қойып, тұрмы­сы­мыздың өмір салтына, әдет-ғұр­пымызға айналдыруымыз керек.

Тазалықты сақтау – ешкімнен ешқандай шығын, қаржы талап ет­пейді. Әр адамның санасын, қор­шаған ортаға, аулаға, көшеге, жолға, жұмыс орнына, далаға, орманға, тауға, суға жауапкершілігін оятуға міндеттіміз. Осыған бүкіл халық болып жұмылуымыз – өзіміздің ел екенімізді, таза қоғам, таза мемлекет екенімізді көрсетеді. Әрине, осы рухани жұмыстарды ұйымдасты­рып, оны өмір салтымызға айналдыру­ға ресми билік құрылымдары, қо­ғамдық ұйымдар, партиялар, бұқара­лық ақпарат құралдары ұлт бо­лып жұмылуымыз – парыз.

Экологиялық, қоршаған орта тазалығына байланысты заң талаптарын, әкімшілік, құқық шараларын күшейтуіміз керек. Осы орайда салық мәселелерін де қайта қарау сұранып тұр. Салық демекші, біздің құзырлы мемлекеттік орындарымыз нағыз салық төлейтін табысы өте жоғары кейбір жеке тұлғалардың үйіне, үлкен сарайларына, басқа да қымбат жерлеріне, көліктеріне уақытында салық тө­леуін қамтамасыз ете алмайды. Әрине, олар өздері ойлау керек. Бірақ аса байлық кейде ойлат­пай­ды-ау деймін. Есесіне, табысы төмен, үй-жайы, көлігі орташа адамдарға күш көрсетуге шебер. Сол сияқты өздері күндерін әрең көріп жүр­ген таксистер, тағы басқа жұмыс істеп жүргендерге қы­сым жасау­ға құлықты. Мәселен, қазір көпте­ген жас «жеткізу» жұмысымен айналысады. Негізінен бұл жұмысты жастар, көбіне студенттер сабағы­нан тыс уақытта азын-аулақ табыс үшін жүргізеді. Яғни бұл тұрақ­ты жұмыс емес. Ал енді біздің салық қызметкерлері, тіпті кейбір депутаттар «осылардан салық аламыз» дейді. Олардың әлеуметтік жағдайынан хабары жоқ.

Президент «Жұмысшы маман­дықтары жылы» деп жариялаған осы жылы аға буын жастарды еңбекке бейімдеуге бағыттауы дұрыс болар. Темір, ағаш, тері, тағы басқа заттардан бұйым жасайтын ұсталық дәстүрді жаңғырту­ға да мән беру керек. Қазір бар­лық өңірде мұндай шеберлік мектеп­тері қалыптасқан, оларға ынталы жастар да баршылық. Бұл орай­да тәлімгерлікті жолға қойып, зейнеткерлер мен жас талапкерлер­ді ынтымақтастырған жөн. Адал еңбек еткен жастан әділ азамат шығатынына сенемін. Президент осындай отаншыл жастарды қол­дайды, қорғайды.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері