Облыстағы жаңа аудандардың бірі Жаңасемей ауданында тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып келеді. Аудан басшысы Алмас Тастенбеков мәлім еткендей, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жұмыс жоспарға сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінде Шаған кентінде жалпы ауданы 336 шаршы метр болатын тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде кентте халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 4 пәтер сатып алу жоспарланған. Жаңа ауданда тұрғын үй алу кезегінде 83 адам тұрса, 4 отбасы осы кент тұрғындары.
Кенттегі №24 негізгі жалпы білім беретін мектептің оқу үдерісінде озық әдістемелік құралдар пайдаланылады. Сондай-ақ ақпараттық технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ететін IT кабинет ашылған. Тұрғындар алдағы уақытта жаңа, заманауи мектеп бой көтерсе дейді. Кент әкімі Ирина Попованың айтуынша, мектеп салынып жатса, қалаға қатынап оқитын балалар өз ауылында білім алуға бейіл.
Шақаман ауылында да тұрғын үй құрылысы мәселесі ойдағыдай шешімін тауып келеді. 2024 жылы жалпы ауданы 504 шаршы метр болатын 6 пәтер сатып алынды. Қазіргі уақытта үйлерді электр желілеріне қосу жұмысы жүріп жатыр. Бұл пәтерлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Шақаман ауылында 8 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр.
Абай облысы