Жолдағы жауапсыздықтың салдарынан жыл сайын мыңдаған адам қазаға ұшырайды. Жол-көлік апаты елімізде жиі болатыны, оның салдарынан өлім-жітім де көп екені үнемі айтылып, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған түрлі іс-қимылдар қолға алынғанымен, қаралы статистиканың азаяр түрі жоқ.
Айтқызбай келер апаттың себебі – сан алуан. Жол жүру ережесін елемеу, жүргізуші куәлігіне заңсыз қол жеткізу, мас күйде көлік тізгіндеу, жылдамдық шегін шамадан асыру деп тізбелей беруге болады. Жол жүру ережесін білмей көлік тізгіндеудің соңы өкінішті жағдайға әкелетінін ескерсек, көлік тізгіндеуге құқық беретін куәлікке ие болу оңай олжаға айналмағаны абзал. Бұл тұрғыда талап барынша күшейтілгенімен, жымысқы әрекетін жүзеге асырып жатқандар жоқ емес. Кейінгі 5 жылда 60 мың жүргізуші куәлігі сатылған. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан ақпарат. Сарапшылардың пікірінше, талаптың күшеюі құжаттың қара нарықтағы бағасын аспандатқаны болмаса, көп дүние өзгере қоймаған.
Ел аумағындағы көлік жүргізу құқығына ие азаматтардың саны 5 млн 800 мыңнан асады. Әр жыл сайын шамамен 120 мың азамат жүргізу құқығына ие болады. Кейінгі жылдардың бедерінде көлік жүргізу куәлігін алу талаптары біршама қатаңдатылған еді. Дәлірек айтқанда, былтырдан бастап көлік тізгініне отыруға ниетті азаматтар міндетті түрде арнайы мектепте даярлықтан өтіп, одан кейін ғана емтихан тапсыруға жіберілетін болған.
Есте болса, 2016 жылдан бастап ел тұрғындарының жүргізуші куәлігін автомектептерде оқымай-ақ, өздігінен дайындалып алуына мүмкіндік берілген еді. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып емтихан сұрақтарынан сүрінбей өткен талапкер жүргізуші куәлігін кедергісіз ала алатын. 2019 жылдан бастап барлық жұмыс толықтай дерлік ХҚО құзырына өтті. Дегенмен жол апаттарының жиілеуі, жемқорлық фактілерінің көбеюі мәселеге қайта қарауға мәжбүр қылды. Сенат пен Мәжіліс мінберінде, Үкімет отырысының үйлестіру кеңесінде талай мәрте талқыланған тақырып жүргізуші куәлігін беру құқын қайтадан ІІМ құзырына өткізген еді. Министрлік мамандарының зерттеп-зерделеуімен содан бері қолданыстағы заңнамаға 120-дан аса өзгеріс енгізілген. Бұлардың дені – заман сұранысына сай жүйені оңтайландыру мен жетілдіру жұмыстары.
Ел аумағында күні бүгін 20 кәсіби бірлестік пен 700 автомектеп жұмыс істейді. Олардың жұмысын қадағалау мақсатында министрлік «Автомектеп» деп аталған арнайы ақпараттық жүйені іске қосқан. Жүйенің көмегімен автомектептердің материалдық-техникалық әлеуетін, онда сабақ беретін мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау, жұмыс сапасын бақылау мүмкін болып отыр.
– Елде жүргізуші куәлігін заңсыз саудалағандар мен сатып алушылармен күрес жүргізіліп-ақ жатыр. Талап та күшейді, тәртіп те барынша қатаңдатылды. Дегенмен біздікілер оның да орайын тауып жатыр. Өкінішке қарай, бұл жүгенсіздікті түбегейлі тойтара алмай отырмыз. Бұл – тікелей адам өміріне, қоғам қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан оған «бармақ басты, көз қысты» қарауға болмайтыны Президент Жолдауында да айтылды. Өкініштісі сол, көлік апаты өрімдей балалардың да өмірін жалмап жатыр. Былтыр елімізде балаларға қатысты 3,5 мыңнан аса жол апаты тіркелген болса, салдарынан 200-ге жуық кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 4 мыңнан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Қазір ақпарат құралдарынан жол апатына қатысты ақпараттарды күнде көзіміз шалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында «Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйі қалып отыр», деген еді. Мұның бір ұшы жүргізуші куәлігін қалай болса, солай алғандар мен адам тағдырына қатысты мәселені саудаға айналдырғандарға тиеді. Қателіктің бәрін жол сапасына жаба бермей, жағдайға сергек қарайтын кез келді, – дейді қоғам белсендісі Арман Заманбеков.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, жантүршігер жағдайға алып келетін көлік апаттарының негізгі себептері – көлік тізгінін кәмелетке толмағандарға немесе көлік басқару құқы жоқ басқа адамдарға беру, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйде көлік тізгіндеу, жол жүру қағидаларын бұзу, жүргізуші назарының бөлінуі, жол сапасының сын көтермеуі секілді бірнеше фактор.
Президент былтырғы Жолдауында жол апаттары туралы айта отырып, жергілікті және республикалық жолдардың инфрақұрылымын жақсарту жайына тоқталған еді. Ойдым жолдан қашамын деп от басып жатқандар қаншама? Жолдардың жүктемеге төтеп бере алмауы, жаяу жүргіншілер жолағы мен тиісті белгілердің дұрыс құрылмауы, кейбір аймақтардағы сапасы сын көтермейтін немесе тым тар жолдар, сондай-ақ түнгі уақыттарда тасжол жиегінде жайылатын қараусыз мал қайғылы оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырады. Кейбір аймақтарда әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Ал шалғайдағы елді мекендердің жайы айтпаса да түсінікті.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің былтырғы есебіне сәйкес, ел аумағында жол апаттары ең көп орын алатын өңірлердің көш басында Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстары аталған. Одан кейін – Түркістан облысы мен Астана қаласы. Жол апаттарының көп бөлігі халықаралық, республикалық маңызы бар тасжолдарда болады. Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарының тас жолдарында да адам өлімінің деңгейі жоғары. Әсіресе, күзгі-қысқы маусымдағы жол қолайсыздығы жағдайлары күшейгенде апат жиілей түседі. Деректерге көз жүгіртсек, қайғылы оқиғаларда ережені елемеудің үлесі басым. Мас күйде көлік жүргізу қылмысы да түбегейлі тыйылмай тұр.
Сарапшы Елназар Ахметбек, тозығы жеткен техника жолдағы көлік апаттарына жиі себеп болады деген пікірде. Оның айтуынша, ел тұрғындары тізгіндеген көліктердің жартысына жуығы 20 жылдан асқан.
– Ескі көліктердің заманауи қауіпсіздік жүйесі жоқ. Техникалық байқаудан амалын тауып өтіп жүр. Сандық көрсеткішпен алсақ, бұл – 3 млн көлік. Дамыған елдерде мұндай көліктердің жүруіне мүлде рұқсат бермейді. Әлбетте, жұрттың бәрі жарқыратып жаңа көлік міне алмасы тағы анық. Өйткені жаңа көлік бағасы шарықтап тұр. Көптеген оқиға адами фактордан, азаматтардың салғырттығы мен жауапкершілігінің төмендігінен белең алады. Жүргізушілердің жауапкершілігін оятып, түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін заңды барынша күшейту керек. Кейінгі жылдары мопед, электрлі-сомакат, скутер секілді микромобильдер санының артуы да мәселені ушықтырып отыр, – дейді Е.Ахметбек.
АЛМАТЫ