Сенат депутаттары жаңадан тағайындалған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевты Конституциялық соттың судьясы қызметінен босатты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр өзінің жаңа қызметін судьялық жұмысымен біріктіре алмайды, сондықтан сенаторлар оны Конституциялық соттағы қызметінен босатуды ұсынды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент жарлығымен жақында ғана тағайындалған Конституциялық сот Сенатының судьясы Ерлан Сәрсембаевтың Әділет министрі болып тағайындалғанын атап өтті.
«Конституциялық сот туралы конституциялық заңға және Сенат регламентіне сәйкес Конституциялық сот судьясының өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдауымыз қажет. Ерлан Жақсылықұлының судья ретіндегі еңбегіне ризашылығымызды білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тілейміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Еске салайық, Ерлан Сәрсембаев 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық соттың судьясы болып жұмыс істеді. 2025 жылдың 9 қаңтарында Әділет министрі болып тағайындалды.
Бұған дейін Әділет министрі қызметін Азамат Есқараев атқарған еді.