• RUB:
    5.16
  • USD:
    529.65
  • EUR:
    544.64
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 17:40

Алматы облысы көлік инфрақұрылымын нығайтып жатыр

18 рет
көрсетілді

Алматы облысында жол инфрақұрылымын жақсарту және көлік жүйесін дамыту жобалары белсенді түрде жүзеге асырылып келеді. Былтырғы жылы 5,4 км жаңа жол салынып, 143,2 км жолға орташа жөндеу, 2,4 км жолға күрделі жөндеу жүргізілді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 12 мектепке кіреберіс жолдар салу маңызды қадам болды, бұл тұрғындар мен оқушылар үшін ыңғайлы қолжетімділікті қамтамасыз етті. Жол жабынын шамадан тыс жүктемеден қорғау және оның пайдалану сапасын сақтау үшін екі автоматтандырылған таразы бекеті орнатылды.

Аймақ жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру үшін 90000 шаршы метр алаңға шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді, 1200 км жолға жол белгілері салынды және жаяу жүргіншілер өткелдері ретке келтірілді. Жаңғырту аясында 946 жаңа жол белгісі, 29 стробоскоп және 9 бағдаршам орнатылды. Сондай-ақ 4 км металл қоршаулар орнатылып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі едәуір артты. Бірлескен рейдтер барысында 76 құқық бұзушылық анықталып, тасымалдау саласындағы бақылау күшейтілді.

Қоғамдық көлікті дамытуға ерекше назар аударылды. Бір жыл ішінде облыстың автопаркі 44 жаңа автобустармен толықты, оның 27-сі Қазақстанда өндірілген. Бұл өнеркәсіпті дамыту қорының лизингтік бағдарламасы арқасында мүмкін болды. 47 елді мекенді қамтитын 18 жаңа ауданішілік және бір облысаралық маршрут іске қосылды. Алдағы жылдары көлік жаңарту жалғасады, бұл өңірді тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы әрі жайлы етуге бағытталған.

Биылғы жылы 5 көпірді күрделі жөндеу және облыстық маңызы бар автожолдардың 126,2 км бөлігінде орташа жөндеу, 26 км бөлігінде күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары, автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жоспарланып отыр. Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бойынша және апатты көпірлерді күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Осы жылдың мамыр айында жергілікті бюджетті бөлу бойынша отырысқа бюджет өтінімі жолданады.

Жалпы пайдаланымдағы автожолдарды жөндеу және күтіп ұстаудың техникалық ережелерінің 15-тармағына сәйкес (ҚР 218-29-03), қарды тазалау жұмыстары автожолдардың санаты бойынша, яғни, I санат – 2 сағат, II санат – 4 сағат, III санат – 5 сағат, IV санат – 6-12 сағат, V санат – 16 сағат уақыт аралығында жүргізіледі. Аталған ережелерге сәйкес, қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстары уақтылы орындалуда. Аудандық маңызы бар автожолдар мен көше-жол желісін күтіп ұстауға 100 техника, 9 232 тонна тайғаққа қарсы материал, 557 тонна жанар-жағармай дайындалды. Облыстық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстауға 117 техника, 10 625 тонна тайғаққа қарсы материал, 333 тонна жанар-жағармай дайындалды.

Қыс мезгілінде жалпы пайдаланымдағы автожолдарды қардан тазарту жұмыстары Алматы облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.   

 

Алматы облысы