• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2015

Керек те қажет еңбек

874 рет
көрсетілді

Жуықта Өскемен қаласында болған іссапарымызда қолымызға жақсы бір кітап ілікті. Ол туындының атауы – «Спорт және дене тәрбиесі пәнінің оқыту әдістемесі». Авторы – Еркін Уанбаев. Бұл еңбек оқу құралы ретінде жарияланған екен. Онда дене тәрбиесі сабағы және спорт жаттығуларын оқу орындары мен спорт мектептерінде оқыту үрдісі туралы мәселелер кеңінен қамтылған. Былайша айтқанда, кітап спорт саласында білім беретін тиісті мамандарға арнап жазылған. Бірақ, соған қарамастан, қазақ тіліндегі кітаптың тілі өте жеңіл, түсінікке қолайлы. Сондықтан, оны дене тәрбиесімен айналысқысы келетін еліміздің әрбір азаматы пайдалана алады. Кітапта адамның жас ерекшелігіне, жаттығудың түрлеріне қатысты көптеген құнды мәліметтер беріледі. Жаттығуды енді бастаған адамдарға берілетін ақыл-кеңестер де мол. Былайша айтқанда, бұл кітап саламатты өмір сүргісі келетін әрбір қазақ баласының өмірі үшін өте пайдалы. Неге бұлай деп отырмыз? Себебі, дүниенің ендігі барысына көз жүгіртсеңіз кез келген халық, кез келген адам үшін алдағы уақытта спорттың, дене тәрбиесі мен жаттығуларының маңызы арта беретіндігін байқайсыз. Қазіргі кезеңде техникалық бағыттағы түрлі технологиялардың күн өткен сайын қарқынды дамуы жер бетіндегі қол еңбегін барған сайын қысқартып келеді. Кезінде мыңдаған адам еңбек ететін өндіріс орындары сол жаңа технологиялардың қаулап өсуі нәтижесінде адамдардан босап қалды. Қол еңбегімен шұғылданушылар саны күрт азайып, олардың орнын ой еңбегімен шұғылданушылар басып келеді. Міне, осындай жағдайда біздің алдағы өмірімізде спорт пен дене жаттығуларының мәні төтенше сипат алатыны түсінікті. Өйткені, қимылсыз адам қорғанышсыз адам болатын түрі бар. Себебі, қимылсыз адам түрлі ауруларға бейім. Демек, алдағы уақытта кез келген адам спортпен айналыспай тұра алмайды. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Еркін Уанбаевтың жазып отырған «Спорт және дене тәрбиесі пәнін оқыту әдістемесі» атты кітаптың әрбір қазақстандық үшін өзіндік маңызы зор. Бұл кітаптан оқырман қауым жоғарыдағы біз қозғаған мәселелерге қатысты барлық жауапты таба алады. Өкінішке қарай, кітаптың тиражы бар болғаны 500 дананы ғана құрайды екен. Шамасы қаржының тапшылығынан болар, кітаптың әр беті де соншама үнемделіп, әріптер көлемі де кішірейтіп берілген. Қысқасын айтқанда, 22 тараудан тұратын құнды еңбек 16 баспа табаққа сығымдалып беріліпті. Осы жағдайларды ескере келе мемлекеттік тапсырыс негізінде кітаптар шығаруға көмек көрсете алатын Білім және ғылым министрлігінің, баспа ұйымдарының назарына Еркін Уанбаевтың осы еңбегін ұсынамыз. Олар бұл еңбекті неғұрлым көп дана етіп және кітапты басу сапасын қазіргі заман талабына сайма-сай етіп, қайтадан шығарса жөн болар еді деп есептейміз. Шындығын айтқанда, біздің еліміз қазіргі күні бұқаралық спорт түрлеріне арналған қазақ тіліндегі кітаптарға зәру. Өйткені, елімізде спортшылар мен дене тәрбиесі бағытында жұмыс істейтін оқытушылар баршылық болғанымен, олардың барлығы қазақ тілінде түсінікті етіп оқу құралдарын жаза алмайтындығы анық. Еркін Уанбаевтың кітабы осы екі жүкті тең көтеріп тұр. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.