Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов 2014 жылғы 23 қыркүйекте Алматы облысы Жаңалық ауылының маңайында авиациялық апатқа ұшыраған Су-27 ұшағы қаза тапқан экипажының жесірлеріне пәтер кілттерін табыс етті.
Мағрипа Сарқынова мен Любовь Горбуноваға Ақмола өңірлік гарнизоны тұрғын үй комиссиясының шешімімен екі және үш бөлмелі пәтерлер берілді.
«Біз бейбіт тұрғындарды аман сақтап қалу үшін өз өмірлерін қиып, нағыз ерлік жасаған офицерлерді құрметпен еске аламыз. Олардың есімдері осы ерліктеріне риза болған миллиондаған қазақстандықтың жүрегінде әрдайым сақталып қалатын болады», – деді Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
«Біз көңіл бөліп, пәтер беріп отырған Қорғаныс министрлігіне ризамыз, балаларымыздың болашағы бар», – деді подполковник Денис Горбуновтың артында қалған зайыбы Любовь Алексеевна.
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы қыркүйекте Алматы облысында оқу-жаттығу ұшулары кезінде Су-27 әскери ұшағы құлаған болатын. Подполковник Ерлан Науанов пен подполковник Денис Горбуновтан тұратын ұшақ экипажы ұшақты елді мекеннен аулаққа алып кету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады.
2014 жылғы желтоқсан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен жауынгерлік және қызметтік борыштарын орындау кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін подполковник Ерлан Науанов пен подполковник Денис Горбунов қаза тапқаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған болатын.
«Егемен-ақпарат».