• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2010

ШЫНАЙЫ ДОСТЫҚ ПЕН БАУЫРЛАСТЫҚ БЕЛГІСІ

647 рет
көрсетілді

Кеше Түрік Республикасының астанасы – Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші салта­нат­ты жағдайда ашылды. Ескерт­кіш­тің ашылуына Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілі­сі­нің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған қазақстандық деле­гация мүшелері, Түркия Ұлы Ұлттық Мә­жілісінің депутаттары, Анкара қаласының бас­шылары, осы елде тіркелген бірқатар шетел елші­­лік­терінің жетекшілері мен Ан­ка­рада тұра­тын қазақ диаспора­сы­ның өкілдері қатысты.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Анкарадан.Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 10 жел­тоқсандағы тапсырмасына сәйкес Астана қала­сының ең көрікті жер­ле­рінің бірі – Есіл өзе­ні­нің жаға­сын­дағы саябақта түрік халқының ұлы пер­зенті Мұстафа Кемал Ататүрікке еңселі ескерткіш орнатылған болатын. Алматының әсем көшесіне Түркияның бұрынғы президенті Тұрғыт Өзал­дың есімі берілген-ді. Сонымен қатар, Түркияның қазіргі Президенті Абдулла Гүл Қазақстанға жасаған жа­қындағы сапары кезінде: “Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа барлық түркі әлемі үшін атқа­рып келе жатқан ерен еңбегіне орай шын жүректен ал­ғы­сымызды білдіреміз. Біз аса құрметті Нұрсұлтан На­зар­баевқа Анкарада ескерткіш орнатамыз”, – деп қа­зақ­стандықтарға ғана емес, күллі түркі әлеміне ортақ  кере­мет жаңалықты жария еткен еді. Соның сәті бүгін келді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевқа орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты жергілікті уақыт бойынша сағат 17.00-де басталды. Ескерткіш қойылған аумақ маңайы мерекедегідей әсем безендірілген екен. Қазақ пен түріктің жан жа­ды­рататын әндері мен әуендері ке­зек-кезек шырқалуда. Жиналған қауымның қарасы аса мол. Белгі­ленген уақытта салтанатты рәсімнің ресми бөлігіне кезек берілді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Әли Шахин, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағам­бетов, Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек және Қа­зақ­стан­ның Түркиядағы елшісі Бағдат Әміреев ескерт­кішті көмкерген ма­таны жайымен төмен түсіре берді. Сәлден соң Қазақстан Респуб­ли­касының Тұң­ғыш Президенті –  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы жарқырап көріне берді. Дуылдата қол соғып, еңселі ескерт­кішке, Елбасының мүсін-тұлғасына қызыға да қуана көз тастап жа­тырмыз. Ескерткіш  Анкараның ең кө­рік­ті жерінің бірі “Гемчилик” ор­та­лық паркінде тұрғызылған. Жал­пы биіктігі – 5 метр 10 сантиметр, ескерткіштің тұғыры граниттен, ал мүсін тұлғасы таза қоладан құйыл­ған. Авторы скульптор Гюрсель Чаталтепе. Салтанатты шара Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік ән­ұран­дарының орындалуымен әрі қарай жалғасты. Одан кейін, ре­тімен айтқанда, Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мех­мет Әли Шахин және Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйлеп, осынау айтулы шараға, үлкен оқи­ғаға байланысты пікірлерін біл­ді­ріп, Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы ынтымақтастыққа, достық қа­тынастарға қатысты ой-пайым­да­рын ортаға салды. Нұрсұлтан На­зар­баевтың екі ел арасындағы ын­тымақтастықты дамытудағы ерен еңбегін, қосқан үлесін айрықша атап өтті. Қазақстан басшысына Түркияның төрінде орнатылған ескерткіш соған берілген баға екенін ризашылықпен айтты. Түркі халықтарының алдында сіңірген аса зор еңбегі үшін Ан­ка­раның орталығында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнату жө­нін­дегі түрік ағайындарымыздың шы­найы бауырластық шешімін қазақстандықтар аса зор ықы­лас­пен қарсы алды, деді Мәжіліс Төр­ағасы Орал Мұхамеджанов салта­натты рәсімде сөйлеген сөзінде. Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдегі маңызды оқиғалар барысына жар­қын да елеулі үлес қосқан тарихи қайраткер. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан тарихында Түрік Рес­пуб­ликасында Мұстафа Кемал Ататүрік сияқты айрықша орын алады. Бүгінгі күні Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев Президент қана емес, Қазақстан Республикасының негі­зін қалаушы, халық санасында ұлт таныған Елбасы болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев дара тұлғалық қасиетінің арқасында қоғамның күш-жігерін  жаңа мемлекеттіліктің не­гіздерін қалауға бағыттап, туған елінің әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуын қамтамасыз етті. Қазақстан Парламенті Мәжі­лі­сі­нің Төрағасы сөзінің соңында осы­нау тарихи шараны  жүзеге асыр­ған Түрік Республикасының, Анкара қаласының басшылығына қазақ халқының атынан туыстық, достық ризашылы­ғын білдіріп, алғыс айтты. Елбасымыздың қа­жыр­лы еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсеткен туысқан түрік халқына шын жүректен  алғыс айта отырып, деді Орал Байғонысұлы, осы тарихи оқиғаның біздің халықтарымыз арасындағы достық байланыстарды одан әрі тереңдете түсуге қызмет ететініне сенімдімін. Орал Мұхамеджанов кеше, сон­дай-ақ Түркия Ұлы Ұлттық Мәжі­лі­сінің Төрағасы Мехмет Әли Ша­хин­мен кездесті. Кездесу бары­сын­да тараптар екі ел арасындағы пар­ламентаралық байланыстарды әрі қарай тереңдету жөнінде әңгіме­лесті. Сонымен қатар, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы бастаған қазақстандық делегация Ан­кара қаласының мэриясында болды. Сол күні, сондай-ақ Қа­зақстан Республикасының Мәде­ниет ми­нистрі М.Құл-Мұхаммед пен Түрік Республикасының Ту­ризм және мәдениет министрі А.Гунайдың, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Туризм және спорт ми­нистрі Т.Досмұхан­бетов пен Түрік Республикасының Мемлекеттік министрі Ф.Нафиз Өзактың кез­десулері болды. Ал ескерткіштің ашылу сал­та­натына Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбі­қаев, Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Бауыржан Байбек қатысты. Суретті түсірген С.МАЙЛЫБАЕВ.