Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіп саласының жыл сайынғы жеткіліксіз қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, көктемгі егіс, егін жинау жұмыстарына және ауыл шаруашылық техникасының лизингіне қомақты қаражат бөлінген. Алғаш рет жеңілдетілген несиелендіру көлемі жылдық 5%-бен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді, ал өткен жылдары бұл көлем 160 млрд теңгеден аспады. Қабылданған шаралар фермерлерге барлық қажетті агротехникалық шараларды толық көлемде өткізуге мүмкіндік берді. Пайдаланатын элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өскен.
Нәтижесінде 2024 жылы диқандар соңғы 13 жылда алғаш рет дәнді және бұршақты дақылдардан 26,7 млн тонна өнім жинады. Өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемі 21,1%-ға және мал шаруашылығында 3,2%-ға өсуі ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 13,7%-ға ұлғаюына ықпал етіп, 8,3 трлн теңгені құрады.
Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешені 1,1 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Бұл 4 млн-нан астам азаматтың қаржылық әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
Мемлекет басшысы сала мамандарына тапсырған міндеттеме сөзінде: «Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», деген еді.
Соған орай қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 70%-ға жеткізу мақсатында орындау үшін 2028 жылға дейін ауыл шаруашылық өнімін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Оның шеңберінде 2024 жылы 279,6 млрд теңге сомаға 286 жоба пайдалануға берілді. Өсімдік майы мен ұн өндірісін қоса алғанда, ішкі сұранысты қанағаттандыруға ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.