Industrial AI әлемдік экономиканың кез келген саласында сұранысқа ие бола бастады. Бүгінде медицина, білім беру, креативті индустрияны жасанды интеллектісіз елестету мүмкін болмай отыр. Жасанды интеллекті тұрақты дамуда (ESG), киберқауіпсіздік, қаржы секторына, медицина мен биотехнологияда ғана емес, тіптен спортта да тиімді пайдалануға болатынына Digital Almaty форумындағы жобалар дәлел.

«Атакент» іскерлік орталығында жиналған 200-ден астам қатысушылар ЕАЭО елдері ғана емес, одан тысқары кеңістіктегі ЖИ жетістіктерін талқылады.
Пленарлық отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллекті дамыту үшін адами капитал мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту, яғни оның мен институционалдық негізін құру қажеттігін атап өтті.
«Бүгінде біз жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп, дамып жатырмыз. IDC аналитикалық компаниясының зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай АИ-нің әлемдік экономикаға қосқан үлесі шамамен 20 трлн долларға жетеді. Бұл ретте тек ЖИ технологиялары есебінен ЖІӨ өсімін жыл сайын 2-3 пайызға жеткізуге болады. Бұл мүмкіндікті елдердің экономикасын дамыту үшін пайдалану қажет», деп атап өткен Үкімет басшысы Alem.АІ орталық базасында жасанды интеллект саласындағы бірлескен R&D жобаларын әзірлеуде ЕАЭО бойынша әріптестердің күш-жігерін біріктіру қажеттігіне назар аударды:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аlem.АІ халықаралық жасанды интеллект орталығының негізінде құзіреттер экожүйесін құру бастамасын көтерді. Ол биыл Астанада ашылады. Бұл бір алаңда жетекші IT-компанияларды, зерттеу зертханаларын, стартаптар мен шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін білім беру бағдарламаларын біріктіруге мүмкіндік береді. Әлемде жасанды интеллектінің жаһандық моделі жедел түрде бәсекелестіктен кооперативтік үлгіге ауысып, IT-индустрия көшбасшылары ынтымақтаса отырып, ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесе жүзеге асырып, танымал платформаларда технологияларды дамыту мақсатында өз әзірлемелерімен бөлісіп жатыр. Бұл тәжірибені өзіміздің, сондай-ақ бірлесіп жасалатын әзірлемелер үшін пайдалануымыз керек», деп атап өтті Премьер-министр.
Осыған байланысты жасанды интеллект саласында мамандар даярлау басым міндеттердің біріне айналып отыр. Алдағы 5 жылда 1 млн адамды оқыту жоспарланып, жүйелі жұмыстар қолға алынбақ. Былтыр елімізде Tomorrow School жасанды интеллект мектебі ашылды. Мұнда білім беру үдерісі инновациялық әдістерге, соның ішінде геймификацияға және оқытушыларды қажет етпейтін peer-to-peer жүйесіне негізделген. Қазақстан білікті кадрларды даярлауда стандартты емес тәсілдерді енгізу мәселелерінде тәжірибе алмасуға дайын.
Қазіргі кезде институционалдық негізін қалыптастыру шеңберінде Ұлттық жасанды интеллект стратегиясын әзірлеуге негіз болатын Тұжырымдама бекітілді. Инновацияларды дамытуға құқықтық негіз болатын жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірленді. Мұнымен қоса Президент жанынан озық технологияларды енгізу үшін жетекші отандық және халықаралық сарапшыларды біріктіретін жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылатын болады. AI-стартаптарын қолдау үшін Astana Hub базасында $1 млрд-ты құрайтын Венчурлік инвестициялар Қоры құрылды.
Бүгінде 1500-нан астам Astana Hub қатысушыларының 150-і AI-стартаптары. Олардың қатарында Higgsfield AI, Cerebra AI, CodiPlay, Arlan Biotech және Alaqan сияқты жобалар бар. Олардың кейбірінің бағасы 100 миллион долларға жетті.
Үкімет басшысы жасанды интеллекті дамытуда еңбек нарығына әсер ететін сын-қатерлерді, мамандарды қайта даярлау, этика, экологиялық жүктеме және технологияларға қол жеткізуді қамтамасыз етумен байланысты маңызды аспектілерді атап өтті.
Digital Almaty форумында ЕАЭО елдері үкімет басшыларына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы стендімен таныстырды. Жасанды интеллект қазірдің өзінде жаһандық экономиканы өзгертті. Бұл бағытта Қазақстан көшбасшылар қатарынан табылуға ұмтылып жатыр.
Министр ұлттық бағдарлама аясында 2030 жылға қарай оқытылатындар қатарында AI Kyzmet Bootcamp бағдарламасы аясында 500 мың оқушы, 300 мың студент, сондай-ақ 90 мың мемлекеттік қызметші бар екенін атап өтті. ЖИ саласындағы заманауи білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін AI Movement және LMS білім беру платформаларын дамыту, сондай-ақ оқушылар арасында AI Olymp республикалық олимпиадасын өткізу жоспарланып жатыр.
Форумда еліміздің және шетелдердің ЖИ-стартаптары мен жобалары ұсынылды. Олардың қатарында бүгінде 13 елде қолданылып жатқан Codiplay мобилді қосымшасы бар. IT-сауат қосымшасы бойынша 13 млн бала білім алып жатыр. Сондай-ақ Oqylyq, Alaqan қосымшалары білім ошақтарында тиімділігін көрсетіп отыр. Шынайы өмірді модельдеу жанрында таныстырылған Grand Mobile ойынын пайдаланушылар саны айына 5 млн-нан асатын болса, ірі кәсіпорынның жұмысын басқаруға мүмкіндік беретін АМК X Belka AI технологиясын Ақтөбе мыс өндірісіне енгізілген.
АЛМАТЫ