Таяуда Мәскеуде жаңадан құрылған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) форматында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің алғашқы отырысы өтіп, оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Комиссия Кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібіне ЕАЭО қызметінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған неғұрлым көкейкесті мәселелер енгізілді.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға қосылу шарты туралы хаттамалар жобасын дайындау мәселесі болды. Біз өзара тиімді шешімдерге қол жеткіздік және бүтіндей алғанда, Қырғызстанның қосылуы туралы хаттамалар дайын. Еуразиялық экономикалық одақты ұлғайту, жалпы экономикалық кеңістікті кеңейтудің сыртында, интеграциялық бірлестіктің тартымдылығын қамтамасыз етеді. Одаққа мүше мемлекеттердің экономикаларының дамуы үшін қосымша тұрақтылық береді. Оған Одақтағы өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік байланыстарды тереңдету, көлік-логистикалық, көліктік әлеуетті дамыту негіз болады. Қазіргідей күрделі экономикалық жағдайда бұлар өте маңызды факторлар, деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Отырыс барысында әрбір мүше мемлекеттер үшін жеке-жеке, сондай-ақ, бүтіндей одақ үшін негізгі сауда әріптестерімен арадағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған мәселелер қаралды. Бұл мәселе 6 ақпанда Еуразиялық үкіметаралық Кеңестің үкімет басшылары деңгейіндегі отырысында талқыланатын болады. Одан арғы жерде Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық ынтымақтастығын дамытудың негізгі векторлары анықталмақ.
Сол сияқты Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, 2015-2016 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіп өнімдерін таңбалаудың қанатқақты жүйесін сатылап енгізу мәселесі бойынша ортақ түсіністікке қол жеткізілді. Атап айтқанда, бастапқы сатыда киім және табиғи теріден жасалған бұйымдарды таңбалау жөнінде шешім қабылданды. Бұл мәселені де 6 ақпанда үкімет басшылары қарайтын болады.
Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің жобасын дайындау жөніндегі жұмыстар барысы да қаралды. Оны қабылдау кедендік декларациялауды электронды түрде жүзеге асыруға жағдай жасайды, ал ол өз кезегінде кедендік тазартудан өту уақытын жеделдетеді және сол арқылы бизнес үшін салмақты жеңілдетеді.
Оның сыртында Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді қызметін қалыптастыруға бағытталған жекелеген шешімдер де қабылданды.
Атап айтқанда, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін сауда процедураларын қарапайымдандыру және жүктемені төмендету мақсатында «Бірегей терезе» механизмінің негізгі бағыттарын дамытуды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.