Облыстық өлкетану мұражайы – өңіріміздің бай тарихы мен мәдени мұрасын сақтап отырған бірегей орталық. Бұл мұражайда сақ дәуірінен бастап, көне түркі кезеңіне, Қазақ хандығы мен кеңес дәуіріне дейінгі тарихи жәдігерлер жинақталған. Соның ішінде Елеке сазы қорымынан табылған алтын бұйымдардың алар орны ерекше.

Елеке сазы – біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырлардағы сақ кезеңінің адам қолы тимеген тарихи орны, ерте көшпелі дәуірінен көне түркі замана аралығын қамтитын обалар кешені. Осынау жазықтан табылған сақ дәуірінің құнды бұйымдары облыстық өлкетану музейінің қорын жылдан-жылға толықтырып келеді.
2020 жылы белгілі отандық археолог Әбдеш Төлеубаев бастаған жасақ «Елеке сазы-4» қорымын ашқан. Қорым Тарбағатай тауының етегіндегі Қарғыбау өзенінің маңында орналасқан. Сыртқы дуалдың қабырғаларын мұқият тазалау кезінде тас төсемінің астынан көптеген алтын бұйым табылған еді. Археологтің жазуы бойынша, бұл қорғанға жерленген билеушіге арнайы жасалған сый.
– Табылған артефактілердің ішінде мысық тұқымдас жыртқыштардың, бұланның мүсіндері, бұғылардың мифологиялық бейнелері ерекше назар аударады. Соның ішіндегі бірегейі жыртқыш мысық түріндегі көлемді алқа. Аңның көзі, ауызы, тісі, құйрығы, табаны мен денесінің жеке бөліктері рельефтенген. Аяқтары екі саңылаумен бөлінген. Табандарында шынжыр түріндегі бес кулон бекітілген өте ерекше жәдігер, – дейді мұражай қызметкері Әльфия Бақбаева.
Рас, бұл археологиялық экспедицияның нәтижесі айтарлықтай олжалы болды. 850 алтын артефактінің барлығы дерлік салтанатты ат шеруіне арналған. Байқасақ, Барқытбел қойнауындағы Елеке сазынан табылған құнды археологиялық жәдігерлер Алтай-Тарбағатай сақтарының ерекше құнды өнер туындылары дер едік. Ғалымдардың пікірінше, ежелгі шеберлер алтынды асқан шеберлікпен өңдеп, табиғатта мекен еткен жыртқыштардың бейнесін әшекей бетіне үйлесімді етіп түсіре білген. Олар декоративтік тұрғыдағы емес, керсінше архаикалық үйлесімділік мәдениетіне ерекше мән берген. Елеке сазынан табылған жәдігерлер ежелгі сақтардың дамыған өнері мен мәдениетінің жарқын көрінісі. Бұл алтын артефактілер көшпенділер өркениетінің жоғары деңгейге жеткенін дәлелдей түседі.
Шығыс Қазақстан облысы