Оқиға 11 Ақпан, 2025

Былтыр 12,8 мыңға жуық адам елден көшіп кеткен

237 рет
көрсетілді

2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстаннан басқа мемлекетке шамамен 12,8 мың адам көшіп кеткен. Бұл өткен жылға қарағанда 20%-ға аз,  деп хабарлайды Egemen.kz Бірінші кредиттік бюроға сілтеме жасап.

Айта кетейік, қазіргі көрсеткіші тәуелсіздік алғаннан бергі ең төменгі деңгей. 

Осы кезеңде Қазақстанға тұрақты қоныс аударып келгендер саны 29,9 мың адамнан асқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Бұл көрсеткіш тарихи рекорд болып саналмаса да, бұдан жоғары деңгей соңғы рет 2011 жылы тіркелген.

«Осылайша, көші-қон сальдосы – келгендер саны мен кеткендер санының айырмасы – екінші жыл қатарынан оң аймақта қалып отыр. Бұл жолы ол 17,2 мың адамға жуықтады. Бұл 2006 жылдан бергі ең жақсы нәтиже.  2012-2022 жылдар аралығында көші-қон сальдосы жыл сайын теріс мәнде болған. Яғни, Қазақстаннан кетушілер саны келгендер санынан көп болды», делінген хабарламада.

10 адамның жетеуі Ресейге көшкен. Одан кейін Германияға көшушілер үлесі артып келеді (16%). Ал, елге тұрақты қоныс аударушылардың басым үлесі Өзбекстан (10 адамның 4-еуі) және Ресейге (иммигранттардың 27%-ы) тиесілі. Қытайдан келушілер 7%, Моңғолиядан 5%-ды құраған.