Мемлекеттің АИТВ жұқтырып алғандарды алалауға жол бермеу, құқықтарын қорғау кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде тайға таңба басқандай көрсетілген, деп жазады Egemen.kz.

Оған қоса, 1 наурыз – ЮНЭЙДС-тің мұрындық болуымен «Кемсітушілікке жол жоқ» күні деп белгіленсе, жыл сайын атап өтілетін бұл күн биыл – «Біз біргеміз» ұранын таңдаған.
Қазақстанда АИТВ-ға қатысты "Н=Н": «Анықталмайды, яғни берілмейді» қағидаты қолданылады. Осы қағидатқа сәйкес, АИТВ-мен өмір сүретін, антиретровирустық терапияны қабылдайтын адам вирусты өзінің жыныстық серіктесіне жұқтырмайды. Бұл тұжырымдама әлемдік ғылыми зерттеулермен толығымен расталды.
Сол сияқты елімізде ЮНЭЙДС 95-95-95 стратегиясы жүзеге асырылып келсе, ол АИТВ-инфекциясына байланысты профилактиканы, тестілеуді, емдеуді және күтімді қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде АИТВ-ахуалды адамдардың 83%-ы өз жағдайын біледі, 90%-ы антиретровирустық терапия (АРТ) қабылдайды, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92%-ында вирус ауыртпалығы басылған.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде профилактиканың инновациялық түрі – байланысқа дейінгі профилактика енгізіліп жатыр. Жылдан жылға халықтың осы мәселеде осал топтары – инъекциялық есірткі қолданатындар, жыныстық қызмет көрсететіндер, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар АИТВ-ға тестілеуден өткізіледі. Халықаралық ұсынымдарға сәйкес халықтың осал топтарын тестілеудің қолжетімділігін кеңейту мақсатында қоғамдық үкіметтік емес ұйымдарда АИТВ-инфекциясына экпресс-тестілеуден өтуге болады. АИТВ-мен ауыратын әйелдердің 98%-ы дені сау бала туады. Науқастарға диагноз қойылғаннан кейін бірден тағайындалатын және тегін берілетін АРТ қол жетімді бола бастады.
– Егер қоғамда АИТВ-ға байланысты алалаушылық пен кемсітушілік деңгейі жоғары болмағанда, бұл нәтижелердің салмағы әлдеқайда маңызды болатын еді. Жалпылай міндет – кемсітушілікті түбірімен жою. Оны орындау АИТВ-инфекциясының өршуін едәуір қысқартуға ықпал етеді, – деп есептейді ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы директорының міндетін атқарушы Ұлықбек Медеубеков.
Сонымен биыл, 2025 жылы «Кемсітушілікке жол жоқ» күні әлемде 11-ші рет атап өтіледі. Ал ЮНЭЙДС АИТВ-ға қарсы күрестің тұрақтылығы мен денсаулық сақтау саласындағы жаһандық күш жұмылдыруда шешуші рөл атқарады. Ол АИТВ-мен өмір сүретін және эпидемиядан зардап шеккендерге сыйластықпен, түсіністікпен қарауды қамтамасыз ету міндетін ұдайы қолдап келеді.