• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Маусым, 2015

Ақтөбеде бәсі бөлек байқау өтті (фото)

273 рет
көрсетілді

АҚТӨБЕ. 19 маусым. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінде Қазақстан полициясы күні қарсаңында «Менің Қазақстаным. Менің полициям» атты балалардың шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауға облыстың ішкі істер органдары қызметкерлерінің 3-13 жас аралығындағы балалары қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында Қазақстан полициясына деген құрметті қалыптастыру, балаларды отансүйгіштікке, өзінің ата-анасын мақтан етуге баулу және ең бастысы, мемлекеттік тілді білу мен құрметтеуге тәрбиелеу. «Менің Қазақстаным. Менің полициям» байқауы балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, екі бағытта өткізілді. Бірінші бағыт бойынша 3-10 жастағы балалар өздерінің салған суреттерін ұсынса, екінші бағыт бойынша 6-13 жастағы жеткіншектер өздері жазған шығармаларын тапсырды. Балалардың жұмыстарын қабылдау сәуір айының ортасынан басталып, 1 маусым – балаларды қорғау күні қарсаңында аяқталды. Байқауға барлығы 30 бала қатысты. Полиция қызметкерлерінің балалары ұсынған әрбір суретте олардың Отанға, туған жеріне деген сүйіспеншілігі айқын көрінсе, жазған шығармаларында полиция қызметкері болып жұмыс істейтін ата-аналарына деген құрметі, мақтанышы аңғарылады. Байқау облыстық деңгейде өткізілгендіктен, оған барлық қалалық, аудандық полиция бөлімдерінде қызмет ететін полицейлердің балалары да қатысты. Әсіресе, Шалқар, Темір, Әйтеке би аудандарында қызмет ететін полиция қызметкерлерінің балалары белсенділік танытты. Сайыс қорытындысын шығарып, жеңімпаздарды анықтау және қатысқан әр баланы назардан тыс қалдырмауды облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимовтің өзі міндетіне алып отыр. Оның төрағалығымен өткен комиссия отырысында балалардың жұмыстары сараланып, талқыланды. Сондай-ақ, балалардың туындыларын барынша объективті бағалау үшін комиссия құрамында журналистер, тілшілер, облыстық тілдерді дамыту басқармасының, қаладағы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің мамандары да болды. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар мен бес номинация тағайындалды. Оның ішінде ең кішкентай қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. Оларға «Ең кішкентай өнерпаз», «Талабы таудай балапан» т.б. номинациялар белгіленді. Салтанатты марапаттау рәсімі 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік концертте өтеді. Қатысушы балақайлардың барлығына облыстық департамент бастығының мақтау қағаздары мен алғыс хаттары, сыйлықтар табысталады. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.