ПЕТРОПАВЛ. 19 маусым. Қызылжар өңірінің тұрғындары терек-қайыңы аралас қалың ағаштың оталуы жайлы тиісті орындарға сан мәрте дабылдатқанымен, нақты шара қолданылмай отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Ал, жаңғырту үшін жасыл алқапты жалға алған компания 3 жыл бойы ағаш кесумен айналысып, бірде-бір өскін отырғызбаған көрінеді.
«Жыл өткен сайын Айыртаудың желегі жайқалған әйгілі қайыңды орманы сиреп барады. Ауыл маңының да сиқы қашып, берекесі кеттті. Ағаш оңды-солды оталып, жұмыртқадан жүн қырыққан пайдакүнемдер қалталарын қалыңдатуда», дейді айыртаулықтар.
Карасевка ауылының тұрғыны Ғазез Есмағұловтың пікірінше, кесілген ағаш орнына көшет отырғызып жатқан ешкім жоқ. Жергілікті билікке шағымданғанмен, олардан қайыр болмай тұр. Соған қарағанда ағашты заңсыз кесу бұйрығы жоғары жақтан келген секілді. Қыстай тонағандары аздай жазда да білек сыбана кірісіпті. Кесілген жүздеген түбірлерге қарағанда, құлашты алысқа сілтейтін түрлері бар. Жақын арада тоқтайтын түрлері көрінбейді. Орманшылар болса, кесілгендер тек ауру-сырқау, шірігендері деп жайбарақат қарап отыр.
«Жұмыс заң жүзінде атқарылып жатыр. Қураған ағаштар ғана оталады», дейді орманшы Сағат Жазбаев.
Жасыл желекті жаңғырту орманды алқапты 10 жылға жалға алған «Углежог» серіктестігінің өңі түгіл түсіне де кіріп шықпайтын тәрізді. Орманшылардан күдер үзген жұрт енді серіктестікпен соттаспақшы.
Өмір Есқали.
Дерек: КТК телеарнасы.
Сурет: egemen.kz