Астаналық Әмір Нұрболатұлы Бішкек қаласында өткен «I халықаралық балалар арасындағы ұлттық дельфий ойындары» байқауында жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл сайыста қола медальға қол жеткізудің өзі үлкен жетістік. Өйткені осынау таланттар тайталасына 8 мемлекеттің ең үздік өнерпаз өрендері жиналған.

11 жасар Әмір байқаудың бірінші кезеңінде халық әні «Ақерке» мен Қызыл Тұрдалыұлының «Ой көк» шығармасын орындап, тыңдарман ризашылығына бөленді. Осылайша, ол қазылар алқасының шешімімен сайыстың екінші кезеңіне жолдама алды. Финалда да тосылған жоқ. Әмір сахнада халық әні «Он алты қыз» бен Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысын» әуелетті. Оның сұлу даусы, домбыра шертісі тыңдарманды тартып әкетті.
«Бұл байқау – өнерлі өрендердің нағыз сыналатын кезі. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа Ресей, Түрікменстан, Әзербайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Өзбекстан, Армениядан іріктелген үміткерлер келді. Әрқайсысы жеңістен дәмелі. Біз дәстүрлі ән аталымында бақ сынап, 25 сайыскердің ішінен үздік үштікке ендік. Әрине, қуанышымызда шек жоқ. Өйткені төл өнерімізді, домбырамызды өзге жұрттар алдында абыройлы паш еттік. Қазір эстрадалық бағыттағы ақылы фестивальдар өте көп. Бірақ осындай нағыз кәсіби жарыстар аз. Соның ішінде дәстүрлі әндерге басымдық беретін халықаралық байқаулар жоқтың қасы. Осы сайыста біз де өзге жұрттың өнерін көріп, олармен пікір алмасып біраз тәжірибе жинадық. Алдағы уақытта бұдан биік белесті бағындырамыз. Өйткені 6 жасынан қолына домбыра ұстап, ән салған Әмірдің болашағынан үлкен үміт күтеміз», дейді жеңімпаз жетекшісі, Астана қаласы әкімдігінің «№1 балалар музыка мектебі» дәстүрлі ән мамандығының педагогі Ахмедияр Нұрдәулет.